Бір ғасырдан астам уақыт бұрын негізі қаланған Ұлттық кітапхана ең алғаш Алматы қаласындағы қоғамдық кітапхана ретінде жұмысын бастаған еді.
Ғасырмен үндескен кітапхана
93
оқылды

Бүгінде бұл мекеме ұлттық жадыны жүйелеп, оны қазіргі оқырманға қолжетімді ететін кәсіби құрылымға айналды. Ғасырлар тоғысындағы осы бір миссияның үздіксіз орындалуы мамандардың көзге көріне бермейтін тынымсыз еңбегінің нәтижесінде жүзеге асып отыр. 

– Ұлттық кітапхана – ғасырлар бойы қалыптасқан рухани және мәдени қазынаның орталығы ретінде оқырманға қолжетімділік жағынан бұрынғыдан әлдеқайда ашық, заманауи форматқа көшті. Дәстүрлі түрде кітапхана қызметі ғимаратқа келетін оқырмандарға бағытталса да, қазіргі ақпараттық технологиялар кезеңінде ол физи­калық кеңістікпен шектелмей, цифрлық алаңда да тиімді жұмыс істеп отыр. Мысалы, электрондық каталогтар, сандық көшірмелер, виртуалды шолу және деректерді жүктеу жүйелері арқылы кітапха­наның бірегей қорына қол жеткізу мүмкіндігі артты, – деді Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген.

Ерекше тоқталып өтерлік жайт, кітапханадағы сирек кітап­тар мен қолжазбалар қорының цифрландырылуы. Қазірдің өзінде 65-70 пайыз  сирек қор мұрасы ска­нерден өткен. Мұнда ортаға­сырлық қолжазбалар, алғашқы баспа өнімдері, қазақ зиялы­лары­ның жеке мұрағаттық матер­иал­дары, шетелдегі сирек кездесетін басылымдар сақталған. Ғазиза Құдайбергеннің сөзінше, бұл бағыттағы жұмыс жылдық және көпжылдық жоспарлар негізінде іске асырылады. Әрбір сирек кітап пен қолжазба құнды болған­дық­тан, олардың цифрлық нұсқасын дайындау барысында ғылыми сараптама, түпнұсқаның жағдай­ын бағалау, қауіпсіз сақтау норма­лары қатаң түрде ескеріледі. Ал цифрланған материалдар электр­ондық каталогқа енгізіліп, халық­аралық стандарттарға сәйкес­тендірілген мәліметтер базасына түседі.

– Цифрландырудың маңызды нәтижесі – ұлттық мұралары­мыздың халықаралық деңгейде танылуы. Әлемнің кез келген нүктесіндегі оқырман Қазақ­станның мәдени құндылықтарына онлайн қол жеткізе алады. Бұл – рухани дипломатияның жаңа формасы, еліміздің ғылыми және мәдени беделін арттыратын үлкен мүмкіндік. Болашақта біз бұл үрдісті одан әрі күшейтіп, жаңа технологияларды енгізіп, электр­ондық платформалардың мүмкін­діктерін кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – деді Ғ.Құдайберген.

Кітапханаға келушілердің 90 пайызы – жастар

Қоғамда «қазіргі жастар кітап оқымайды» деген жаңсақ пікірдің бары жасырын емес. Десек те, Ұлттық кітапхананың қазіргі тә­жірибесі бұл пікірді жоққа шы­ғарады. Оны мынадай көрсет­кіш­тен бағамдауға болады. Мәселен, қараша айындағы нәтижеге зер сал­­сақ, Ұлттық кітапханаға бұл аралықта 122 979 адам келген. Ал оқырмандарға берілген құжаттар саны – 177 609. Бұл – өте жоғары әрі қуанарлық көрсеткіш. Ең маңыздысы, статистиканың ба­сым бөлігін жастар иеленіп отыр. 

– Иә, бұл пікірді жиі естиміз. Бірақ менің жеке тәжірибем мен біздің Ұлттық кітапхананың нақты деректері мұндай тұжырымның шындыққа жанаспайтынын дәл­елдейді. Керісінше, бүгінгі жастар­дың рухани ізденісі, білімге деген талап-талғамы айрықша күшей­генін күн сайын көріп жүрміз. Кі­тапханаға келушілердің 90 пайы­зы – жастар. Бұл – ұрпақ сана­сындағы оң өзгерістің, оқу мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Қазіргі жас буын кітапты ақпарат көзі ретінде ғана емес, өзін-өзі дамыту, ой-өрісін кеңейту, рухани тынысын ашу құралы ретінде қабылдай бастады. Әсіресе, цифрлық дәуір­де түрлі ақпараттық алаң көбей­гені­мен, жастардың басым бөлігі сапалы білім мен терең мазмұнды тек кітаптан таба алатынын жақсы түсінеді, – деді Ұлттық кітапхана директоры.

Технологиялық прогрестің ық­палымен баяғы дәстүрлі кітап­хана­шының бейнесі жаңаша кейіпте өзгере бастады. Осының нәтижесінде, қазіргі заманғы кіт­ап­ханашының дағдылары зама­науи сипатқа ие болды. Ғазиза Құдай­бергеннің айтуынша, Ұлт­тық кітапхана бұл бағытта біршама стратегиялық жобаны жүзеге асы­руды қолға алыпты. Соның бірі – кітапхана ісі ғылымы бойын­ша оқу-әдістемелік орталық құру. Бұл орталықта кітапханашылардың кәсіби деңгейін арттыруға арнал­ған арнайы курстар ұйымдасты­рылады. 

– Жаңа заман кітапханашы­сы – дәстүрлі білім мен тәжірибені сақ­тай отырып, заманауи техно­логияларды, цифрлық платформа­ларды, электрондық деректер қорын тиімді пайдалана білетін кәсіби маман. Ол жасанды интел­лекттің кітапхана ісіндегі рөлі мен мүмкіндіктерін түсініп, оқырманға қызмет көрсетудің жаңа жолдарын әзірлей білуі керек. Сондай-ақ ол әлемдік тәжірибелерді зерттеп, өз қызметінде қолдана алатын, стратегиялық ойлай білетін маман бол­уы шарт. Осы қасиеттер кітап­ха­наның оқырманға қолжетім­ділігін арттырып, ұлттық мұра мен білімді заманауи форматта ұсынуға мүмкіндік береді. Келешекте за­манауи білім беру технология­ларын енгізу арқылы кітапхана­шылардың кәсіби әлеуетін арт­тыруға ұмтыламыз, – деді Ғ.Құдайберген.

Бүгінде Ұлттық кітапхананың ішкі өмірінде тіршілігі саябыр­сымайтын қызмет түрінің бірі – реставрация процесі. Мұнда келіп түскен материалдардың жағ­дайы­на қарай мамандар арнайы «диаг­ноз» қояды. Реставрация бөлімінің жетекшісі Аида Мұратқызы кітап­ты немесе қолжазбаны реставра­циялау уақыты сол құжаттың көл­емі мен зақымдануына байла­нысты созылатынын айтады. Тіпті мұнда жылдап қалпына келтіруді талап ететін материалдар бар. Мәс­елен, реставраторлар кейінгі екі жылда уақытын жер астынан, қап ішінен табылған кітаптар мен қолжазбаларды қалпына келтіруге арнап келеді.

– Кейбір реставрация жұмысы жылдар бойына созылуы мүмкін, өйткені реставрация процесінде дезинсекциялау және дезин­фек­циялау, биоцидпен өңдеу, құжат­тың рН мөлшерін анықтау, дақ­тарды кетіру, түрлі химиялық зат­тардан пайда болған дақтарды кетіру, тозған парақтарды нығайту, кеуіп кеткен былғары түптеуді майлау, тазартылған суда жуу, қыш­қылдығын бейтараптандыру, сілтілік резерв жасау, классикалық беттерді, мұқаба қаптамаларды қалпына келтіру, кітап блоктарын өңдеу, бедерлеу, тігу және т.б. жұмыстар орындалады, – деді А.Мұратқызы.

Ұлттық кітапхананың тағы бір маңызды бөлімі – ақпараттық ресурстар қызметі. Рухани орда­ның күнделікті жұмыс процесіне «қан жүгіртіп отырған» бұл маман­дар электронды каталогтар мен сандық қорларды үнемі жаңартып отырады. Осының арқасында оқырман еліміздің кез келген өңір­інде жүріп-ақ қажетті ақ­па­ратқа бір сәтте қол жеткізе алады. Ақпараттық ресурстар қызметінің жетекшісі Толқын Замзаева онлайн қызметтің сапасы мен жылдамдығын арттыруда біршама жаңашылдық енгізілгенін атап өтті. Оның мәліметінше, ең маңыз­д­ы жаңашылдық – RFID технологиясының енгізілуі. Ол кітап алу мен қайтару уақытын бірнеше есе қысқартты. Екінші үлкен өзгеріс – онлайн каталог. Бұл пайдаланушыларға тәулік бойы үздіксіз қолжетімділікті қамтамасыз етеді, іздеу жылдам­дығын арттырады және ақпарат­тық қауіпсіздікті күшейтеді.  Осы тұста Толқын Замзаевадан онлайн каталогта ең көп ізделетін тақы­рыптар жөнінде сұрап көрдік. 

– Қазіргі кезде ең жиі сұра­ла­тын бағыттардың ішінде бірінші орында жасанды интеллект, бағ­дар­ламалау, цифрлық трансфор­мация секілді ІТ саласына қатысты материалдар тұр. Екінші орында – педагогика мен психология. Мұ­ғал­імдер, студенттер, ата-аналар үшін бұл тақырып әрдайым өзекті. Үшінші бағыт – Қазақстан тари­хы, этнография, мәдени мұра. Кейінгі жылдары ұлттық тарихқа қызығушылық айтарлықтай арт­ты. Одан бөлек, әдебиет сал­а­сында оқырмандар қазақ класси­касы, әлем әдебиетінің үздік шы­ғармалары, сондай-ақ қазіргі бестселлерлерді жиі іздейді. Тіл үйрену бағытында ағылшын, түр­ік, қазақ тілдеріне арналған оқу құралдары танымал, – деді ол.

Толқын Замзаева процестің өзіндік қиындықтары бар екенін де жеткізді. Әсіресе, қор жыл сайын мыңдаған материалмен толы­ғып отыратын кезеңде ма­ман­дарға артылар жауапкершілік жүгі де арта түседі.

– Материал көлемінің көп болуы, көптілді басылымдар, анал­итикалық сипаттамалардың күрделілігі, жаңа стандарттарға бейімделу, техникалық жүйе­лердегі ақаулар, авторлық құқық шектеулері – мұның бәрі жұмысты баяулататын факторлар. Әсіресе, бір нөмірінде ондаған материал болатын газет-журналдарға анали­тикалық сипаттама жасау көп уақытты қажет етеді, – деді Т.Зам­заева.

40 мыңға жуық материал сақталған

Қазіргі уақытта Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында 40 мыңға жуық материал сақталған. Оның ішінде шамамен мыңға тарта жазба – көне дәуірлердің қолжаз­балары. Бұл қор жыл сайын жаңа жәдігерлермен толықтырылып отырады. Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің жетекшісі Гүлшат Абикова бүгінде осы бір құнды мұрағаттың оқырманға кедергісіз жетуіне атсалысып келе жатқан маман. Оның айтуынша, кейінгі уақытта бұл бағытта айтарлықтай серпін байқалады.

– Биыл құрылған «Қазақстан қолжазбатанушылар қауымдас­тығының» алғашқы отырыстары­ның өзі үлкен рухани қозғалысқа себеп болды. Елдің түкпір-түк­пі­рінен келген азаматтар өз әулет­інде сақталған тарихи қолжаз­ба­ларды Ұлттық кітапханаға ресми түрде тапсырды. Біз мұны жеке мұралардағы жазбалардың ғылы­ми айналымға енуіне жол ашатын маңызды қадам деп бағалаймыз. Мысалы, қоғам қайраткері Ахан Таңжарұлының қолжазбаларын оның ұрпақтары Нақып Аханұлы мен Ажар Аханқызы қорға өткізді. Ал 22 қазанда өткен отырыста Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тынышбек Дайрабай бірнеше құнды дүниені сыйға тартты. Оның ішінде Алма Қырау­байқызының «Қисса Дандан» (Ақылбек Сабалұлы) қолжазбасы, фольклортанушы Мардан Байділ­даевтың материалдары және өзінің жеке қолжазба мұралары бар. Сондай-ақ ақын, жырау, күйші Сүбебек Нұрбаевтың «Ақ­та­бан шұбырынды» кезеңіндегі жаугершілік дәуірді сипаттайтын, батырлық эпос үлгісінде жазылған 9 мың жолдық жыр-дастанының қолжазбасын оның қызы Инабат Абжанова табыстады. Бұл – қазақ халқының тарихи жады үшін аса құнды туынды, – деді ол.

Мамандар үшін ең алдымен материалдың түпнұсқалығына көз жеткізу маңызды. Оның арнайы әдістері де бар. Гүлшат ханымның сөзінше, біріншіден, қолжазбаға палеографиялық талдау жасалады. Мұнда жазудың стилі, әріптердің формасы мен орфографиялық ерекшеліктері қарастырылады. Әр дәуірдің өзіне тән жазу үлгісі бар болғандықтан, бұл әдіс қолжазба мерзімін анықтаудың ең сенімді жолы саналады.

Руханият ордасының ұжымы келер жылы даму сатысын одан әрі ілгерілету мақсатында бірнеше стратегиялық жоспарды жүзеге асыруға ниетті. Тарихи мекеме Республикалық Бас кітапхана ретінде алдағы уақытта халықара­лық аренада еліміздің кітапхана саласын таныстыруды көздеп отыр. Белгілі болғандай, 2026 жылы Оңтүстік Кореяның Пусан қала­сында Халықаралық кітапх­а­на ассоциациялары мен мекеме­лері федерациясының 90-конгресі өтеді. Дәл осы ауқымды жиынға Қазақстан кітапханалары атынан бірлесіп қатысу жоспарланған.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы