Атырау облысы Махамбет ауданының тұрғыны, көпбалалы әке, жақсылық істер жаршысы Қайрат Сәрсеновтің есімі бүгінде облыс жұртшылығына кеңінен таныс.
Қайрат Сәрсенов, бағбан: Кішкене қадамдар үлкен жақсылыққа айналады
138
оқылды

Оның бақ өсіру тәжірибесі мен мұқтаж жандарға жасап жүрген көмегі тек өз ауласымен шектелмей, ауданның көптеген тұрғындарына үлгі болып отыр. Қайрат Сәрсеновтің ерлік ісі көрсеткендей, көпбалалы әкенің шынайы ниеті мен еңбекқорлығы бір ауладағы бақтан бастап, ауыл өмірін өзгертетін үлкен іс-әрекетке айналуы мүмкін. Біз бүтін ауылға үлгі болып отырған кейіпкерімізден бақ өсіру, еріктілік және азаматтық жауапкершілік жайлы сұхбат алдық.

– Қайрат мырза, өзіңізді таныс­тырып өтсеңіз. Қайдансыз, немен айналысасыз?

– Атырау облысы Мақат по­сел­кесіндегі Қошқар ауылының тумасымын. Бала кезімізден ата-анам бізді табиғатты сүюге, айна­ланы көгалдандыруға баулыды. Үйіміздің ауласы әрдайым гүлдер­мен көмкеріліп, бау-бақша, тал-терек жайқалып тұратын.

Әкем мұнай саласында еңбек етті, анам кітапханада, кейін бала­бақшада қызмет атқарды. Осылай­ша, уақыттарының қауырт болға­нына қарамастан, ата-анамыз бау-бақшаны күтіп-баптауға уақыт табатын. 2010 жылы білесіздер, облыс билігі Мақат ауданының бірнеше ауылын қалаға көшірді. Сол кезде отбасымызбен Махамбет ауданына қоныс аудардық. Махам­бет өңірінің ауасы таза, жері шұ­рай­лы. Сол өңірге келгеннен кейін тал сатумен айналысып, кейін бақ өсіруге қызығушылық таныта бас­тадым. Қазір өзім де көпбалалы әкемін, жеті балам бар. Осылайша, ата-анамның салған ізімен жүріп келе жатырмын. 

– Алма бағын өсіру бастамасы қалай пайда болды?

– Махамбетке көшкенде үйі­міз­дің ауласын алабота басып кет­кен еді. Сол кезде үлкен балам төрт жас­та болатын. Бір жағынан, ұлы­ма үлгі болу мақсатында өзім ала­ботаны жұлып, ауланы балам­мен бір­ге жүріп тазалайтынмын. Ау­ламды толық тазартып шыққан­нан кейін, өзім сатып жүрген же­міс ағаштарын отырғыза бастадым. Күнделікті еңбектің нәтижесі тез көрінді: ағаштар алғашқы жемісін бере бастады. Сол сәтте «Неге жер алып, нағыз бақ өсірмеске?» деген ой келді. Өйткені ауылдағы той-садақаларда үлкендер «Сарытоғай­да керемет бақ болған еді» деп, тамсана айтып отыратын. Осындай әңгімелер бақ өсіруге деген ын­тамды ашты. 

Сөйтіп, Махамбет ауданының сол кездегі әкімі Әлимұхаммед Құт­­тымұратұлына барып, өз ойым­ды жеткіздім. Ол кісі бірден қолдау білдіріп, бірнеше жер учас­кесін көрсетті. су тасып, қа­тынауға ыңғайлы деген үйіме жа­қын жерді таңдап алдым. Қураған ағаштарды жұлып, учас­кені трак­тормен тегістеп шықтым. Бұл 2016 жыл еді. Сол кезде мем­лекеттен «Өрлеу» бағдарламасы арқылы 200 мың теңге қайтарым­сыз грант алып, алғашқы ағаштар­ды сатып алдым. 200 түп алма ағашын отырғыздым. Кейін баққа 30 түп алмұрт ағашын қосып отыр­ғыздым. Сол кішкентай қадам­дардан басталған жұмыс бүгінде үлкен баққа айналды.

– Бақ өсіру қаншалықты қиын? Күнделікті жұмысыңыз туралы айтып беріңізші?

– Бақ өсіру – менің сүйікті ісім. Ол тек еңбек қана емес, ру­хани тұрғыдан да ерекше қанат бітіреді. Күнде таңғы сағат бес-алтыда тұрып, ағаштарды суарып, арамшөптерін жұлу, түптеу, улау, дәрумен құю – бәрі уақыт пен күш­ті талап етеді. Алғашында қиын болды. Қазір шүкір, бала­ларым өсті, бақты күтіп-баптауды бәріміз бірігіп жүріп атқарамыз. Қазақ «Бейнет түбі – зейнет» деп бос­қа айтпаған. Баққа күтім жасау – оңай шаруа емес, бірақ жүрек қалауы мен ниет болса, ешқандай қиындық кедергі бола алмайды.

– Ағаштардың өнімділігі үшін қандай әдістер қолданасыз?

– Ең алдымен, ағаштың сапа­лы сортын таңдау маңызды. Көк­темде және күзде талдарды қию жұмыстарын уақытылы жүргізу, улау, дәрумен беру – басты шарт. Қазіргі уақытта баққа тамшылатып суғару жүйесі енгізілген. Ағаштар өзіне керекті суды алады, сәйке­сінше, бабы келіскен ағаштың өнімі де мол болады. Алма бағы­ның жері әкімдіктің балансында, біз тек отбасымызбен баптап, күтіп отырмыз.

– Өнімді мұқтаж жандарға та­ра­туға қалай шешім қабылдадыңыз?

– Алма бағын өсіру кезіндегі басты мақсатым – әу бастан мұқ­таж­дарға аз да болса көмегімді тигізу болатын. Бұл бақ сол кіш­кентай мақсаттан туған бастама деп айта аламын. Қайырымдылық дегеннен шығады, бірде мынадай қызық жағдай болды. Алма бағы туралы естіген кәсіпкер жігіт ха­бар­ласып, менен жемістерді сатып алмақшы болды. Арғы ниеті жеміс­терді Атырау қаласындағы балалар үйіне жеткізу екен. Мен жемістерді сатпаймын, бірақ қалаға жеткізіп беремін дедім. Сол кезде ол жігіт: «Екеуміз де сауап ала­йық. Мен сізден жемістерді са­­тып аламын, сол қаражатпен мұқ­­таждарды тамақтандырыңыз», – деді. Солай жасадық та. Сол сәтте жүрегім ерекше қуанышқа бөленді. Сыйлық алған адамнан сыйлық берген адам бақытты деген сөз бар. Себебі Алла беруші адамның жүрегін қуантып қояды екен. Қайырымдылық жасаған сайын өзімді бақытты сезіне түсемін.

– Сіздің бастамаңыз ауыл тұрғындарына қалай әсер етті?

– Менің тәжірибемді көріп, ауыл тұрғындары да үлгі алады. Түрлі спорт, ойын алаңдарын салып, ауылдарды көркейтуге үлес қосып жүрген азаматтарымыз бар. Рас, Махамбет ауданының өзінде 4-5 адам жер алып, бақ өсіріп көрді. Бірақ ағаштар жеміс бермей, қурап кетті. Сондықтан баптап отырған бағымның толассыз жеміс беруін Алланың маған қарасқаны, үлкен сыйы деп ойлаймын. Себебі баққа да күтім керек. 

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Жер берілсе, алма мен ал­мұрт­тан басқа да жеміс ағаштарын өсіруді қалаймын. Және бір ек­кенде жемістердің бірнеше сортын өсіріп көргім келеді. Жұма сайын бір отбасына азық-түлік жеткізіп тұрамын. Мерекелерде ауыл бала­ларын тәттімен қуантамын. Демеушілер қолдауымен құдық қазып, үйлерге су тарту сияқты жобаларды жүзеге асырып жүрмін. Жомарт жандардың қолдауымен Исатай, Индер, Жылыой, Махам­бет аудандары, Атырау қаласында 12 мешітті жарық диодтық шам­дар­мен жабдықтап бердім.

Дегенмен қиыншылықпен өмір сүріп жатқан отбасылар өте көп. Алдағы уақытта көмекті үлкен масштабта ұйымдастырып, мұқтаж отбасыларын баспаналы етуге үлес қосу жоспарымда бар. Сондай-ақ Жайық бойын тазалау, ауданның орталық көшелеріне гүл отырғызу жұмыстарын ұйымдастыру ойда бар. 

– Өмірдегі ең үлкен байлығыңыз не?

– Денсаулығым мен отбасым. Балаларым, жұбайым – мен үшін ең басты байлық.

– Еріктілердің қоғамдағы рөлі туралы не айтар едіңіз?

– Қазіргі уақытта еріктілердің рөлі қоғамда өте маңызды. Жетім-жесірлер, мүгедек жандар өте көп. Қыс мезгілінде ол кісілердің үйле­рінің ауласын тазалап, қар шы­ғарып тастасақ қандай керемет. Жаз күндері ауланың шөбін жұ­лып, күнделікті тамағын жеткізіп отырсақ, бұл да біткен іс болар еді. Еріктілеріміз көбейген сайын, қоғам ізгілене түседі деп ойлай­мын. Себебі еріктілер – үлкен ерлік істеп жүрген адамдар. 

– Болашақ ұрпаққа қандай өсиет қалдырар едіңіз?

– Сұхбатымызды ғибратты әң­гі­мемен аяқтағым келеді. Жаң­бырлы күні әкесі мен баласы да­ла­да келе жатады. Әкесі алдында, ұлы соңынан еріп жүреді. Әкесі ұлына жаны ашып, «балам, сақ болып жүр, жер балшық» дейді. Сол кезде ұлы «әке, о не дегеніңіз, мен сіздің ізіңізбен келе жатырмын ғой» деп жауап беріпті. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Бала көргенін істейді. Сондықтан жастарымыз адалдыққа, еңбекқорлыққа және білімге мән беру керек. Бала қайы­рымдылықты көріп өссе, ол өмірде дұрыс жол таңдайды. Кең болсаң, кем болмайсың. 

Сұхбаттасқан

Баян ЖАНҰЗАҚ