Оқу орнының директоры қызметінен босатылды.
«Сабаққа қатыспай, студент атанып жүрген»: Қостанай облысында колледж директоры қызметінен босатылды
275
оқылды

Қостанай облысында прокуратура тексерісінен кейін колледждің 45 студенті оқудан шығарылып, жеті оқытушы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқу орнының директоры қызметінен босатылды.

Қостанай облыстық прокуратурасының мәліметінше, Қарабалық ауданындағы Қазақстан агротехникалық колледжінде білім беру процесін ұйымдастыру, мемлекеттік мүлікті басқару және студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде заңбұзушылыққа жол берілген.

Тексеру барысында 45 студенттің іс жүзінде сабаққа қатыспағанына қарамастан, колледжде білім алушы ретінде тіркеуде тұрғаны анықталды. Соның салдарынан бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған.

Бұдан бөлек, колледж басшылығы бес жыл бойы қалдық құны нөлге тең көлік құралдарын есептен шығару шарасын қабылдамаған.

Прокуратура 65 студент тұратын жатақхананың техникалық жағдайынан да кемшілік анықтады.

Қадағалау органының араласуынан кейін сабаққа қатыспаған студенттер оқудан шығарылып, колледж директоры қызметінен босатылды. Сондай-ақ жарамсыз мүлікті есептен шығару рәсімі басталды.

Қазір жатақхананы жөндеуге қажетті жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.