Мәжілісте 2025 жылды қорытындылаған жалпы отырыс өтті.
Қырғызстанмен арадағы келісімдерді ратификациялады
86
оқылды

Депутаттар Қырғызстан Үкіметімен арадағы екі келісімді ратификациялап, туристік сала мен балалар спортын қолдау туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Жиын соңында Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов сөз сөйлеп, жыл бойы атқарылған жұмыс нәтижесін түйіндеді.

Мәжіліс 2006 жылғы 4 шілдедегі Қа­зақ­­стан Үкіметі мен Қырғыз Үкіметі ара­сындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан ку­рорт­тық-рекреациялық шаруашылық объек­тілеріне Қазақстан Республикасының мен­шік құқықтарын реттеу туралы келісімді және 2009 жылғы 1 желтоқсандағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының Ыстық­көл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартты, сондай-ақ осы келісімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаларды ратификациялады.

Бұл құжаттар бойынша Қаржы министрі Мәди Такиев баяндама жасады. Оның айтуын­ша, келісім Қазақстанның төрт курорттық-рекреациялық нысанына меншік құқығын бекітеді.

– Келісімшартқа сәйкес, біздің тарап бұл нысандарды мүмкіндігінше жыл бойы жұмыс істейтін 3 немесе 4 жұлдызды қонақүйлердің деңгейіне жеткізу шараларын қабылдауға тиіс еді. 2022 жылы екі ел үкіметтері Қазақстан тарапының міндеттемелерді орындау мерзімін ұзарту және инвесторлар тарту мүмкіндігі туралы келісімге қол жеткізген болатын, – деді Қаржы министрі.

Құжат бойынша Қазақстан тарапы Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысындағы жоғарыда аталған нысандар орналасқан жер учаскелерін 49 жыл мерзімге уақытша пайдалануға алды.

Жұмыс тобының жетекшісі Ирина Смир­нова қосымша баяндамасында хаттамаларда енгізілген өзгерістер мен толықтырулар курорттық нысандарды қайта құруға инвестор әкеліп, Қазақстан өз міндеттемелерін орын­дайтынын атап өтті.

– Бұл заңдарды енгізу халыққа жаңарған шипажайларда демалуға және денсаулықты қалпына келтіруге тамаша мүмкіндіктер туғызады. Ал халықаралық тұрғыдан алғанда бұл өзгерістер Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді, – деді Ирина Смирнова.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары бастамашы болған туристік сала мен балалар спортын қолдау туралы заң екінші оқылымда қабылданды.  

– Түзетулердің басты мақсаты – мемле­кеттік қолдауды мақсатты, түсінікті және тиімді ету. Бұл, ең алдымен, туристік инфрақұрылым шығындарының бір бөлігін өтеуге қатысты. Мұндай нысандарға қойылатын нақты талаптарды анықтау өтемақының мақсатты әрі негізді болуын қамтамасыз етеді. Басым туристік аймақтарда заманауи сапа мен қолжетімділік стандарттарына сай визит-орталықтар мен туристік орналастыру орындарын құруға және жаңғыртуға кеңірек жол ашады. Ең бастысы, бұл тиісті нәтиже бермейтін, туризм саласындағы мемлекеттік саясат мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз етпейтін нысандарды қолдауды азайтады, – деді жұмыс тобының жетекшісі Никита Шаталов. 

Депутат заңда уәкілетті органның басқа да қолдау шараларының талаптары бекітілгенін айтты. Бұл әуе билетінің құны ел ішінде кәмелетке толмаған жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау үшін субсидияланатын туристік өнімге, сондай-ақ әрбір шетелдік турист үшін келу туризмі саласындағы туристік операторлардың шығынын субсидиялауға қатысты.

Осы құжат негізінде жергілікті атқарушы билік органдарының да рөлі күшейеді. Әкімдіктер басым туристік аймақтардың шекараларын анықтап, мемлекеттік қолдау шараларының арқасында құрылған немесе жаңғыртылған туристік орындарды бақылай алады. Сондай-ақ олардың иеліктен шығарыл­мауын және мақсатына сай пайдаланылуын қамтамасыз етеді. Никита Шаталов бұл жергілікті жауапкершілік пен мемлекеттік инвестицияларды қорғауға қатысты екенін атап өтті.

Заңды екінші оқылымға дайындау кезінде депутаттар бұқаралық және балалар спортын дамытуға бағытталған түзетулер енгізді. Негізгі жаңалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін жан басына шағып қаржыландыру стандартын енгізу болады. Бұл бір спортшыға жұмсалатын шығынды жылына 415 000 теңгеге дейін арттырады (қазіргі орташа көрсеткіш шамамен 233 000 теңге), ал жаттықтырушылардың жалақысын біліктілік бонусы арқылы көтеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ денешынықтыру және спорт саласы үшін e-Sport цифрлық платформасының жұмысын заңды түрде белгілеу ұсынылады. Бұл қадам спорт саласындағы әкімшілік деректерді басқаруды, жинауды, өңдеуді және талдауды автоматтандырады, оған қоса басқа IT жүйелерімен ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.

Жиын соңында Мәжіліс Құрылыс кодексі мен банктер және банк қызметі туралы заңға, олардың ілеспе түзетулеріне, сондай-ақ цифрландыру, көлік және кәсіпкерлік саласында өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға Сенат ұсынған жаңа редакциямен келісті. Нақтылау сипатындағы бұл түзетулер Мәжіліс қабылдаған заңдардың тұжырымдамасын өзгертпейді.