Кеңес тең төрағалық форматында жұмыс істейді. Партия тарапынан «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев, Үкімет тарапынан Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин басқарады.
Жиынды ашқан «AMANAT» партиясы Хатшысының айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау – партия негізгі басымдықтарының бірі. Ол күн тәртібіндегі мәселелер біржолғы шешімдерді емес, бизнеспен жүйелі әрі тұрақты коммуникацияны талап ететінін айтты.
«Үйлестіру кеңесі – бұл кәсіпкерлік саласындағы ең өзекті мәселелер бойынша нақты шешімдер әзірлейтін ашық іскерлік алаң», – деді Эльдар Жұмағазиев.
Ол партияның Мәжілісте парламенттік басымдыққа ие бола отырып, депутаттық сауалдар мен заңнамалық өзгерістер арқылы кәсіпкерлердің бастамаларын ілгерілетуде практикалық тәжірибесі бар екенін атап өтті. Осындай үйлестіру кеңестері өңірлерде де әкім орынбасарларының қатысуымен жұмыс істеп келеді. Осы уақытқа дейін кәсіпкерлердің 200-ден астам проблемалық мәселесі жинақталды. Олар бойынша 15 депутаттық сауал жолданды және тағы бірқатар мәселе пысықталуда.
Отырыста сөз сөйлеген Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин құрылған кеңесті Үкімет практикалық нәтижеге бағдарланған жұмыс құралы ретінде қарастыратынын атап өтті.
«Бұл алаңдағы жұмыс диалогы – бизнестің мемлекетке деген сеніміне және ел экономикасының алдағы өсіміне тікелей әсер ететін нақты шешімдер қабылдаудың тиімді құралы», – деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Жиын барысында қазақстандық тауар өндірушілер реестрінің қызметіне қатысты мәселелер талқыланды. Бұл ретте кәсіпкерлер тәжірибелік пайдалану режиміне қатысты техникалық және әдістемелік қиындықтар туындап отырғанын атап өтті. Профильдік министрліктердің өкілдері бұл режим заңнамада қарастырылғанын, барлық жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның жүйеге енгізілгенін және өтпелі кезеңде сатып алуларға қолжетімділік сақталатынын, сондай-ақ анықталған қателіктер салалық қауымдастықтармен бірлесіп түзетілетінін түсіндірді. «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларға қатысу мәселесі пысықталуда.
Салық мәселелері жөнінде кәсіпкерлер жеңілдетілген режимдегі субъектілерге B2B мәмілелер бойынша шегерім жасауға тыйым салу мәселесін көтерді. Вице-премьер жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін оның іс жүзінде қолданылуына мониторинг жүргізу жұмысы басты міндетке айналатынын айтты. Ал оның салдары жаңа нормалар кем дегенде алты ай жұмыс істегеннен кейін сараланады.
Тұтынушылық несие беруге қойылған шектеудің сауда мен шағын бизнеске әсері де талқыланды. Тұтынушылық несиелеудің логистикадан бастап жұмыспен қамтуға дейін мультипликативті әсері бар екені, ал теңгерімді шешімдер тек кешенді тәсіл арқылы жүзеге асатыны атап өтілді. Үкімет бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысына кешенді талдау жолдады. Теңгерімді шешімдер қабылдау мақсатында Ұлттық банктің, қаржы реттеушінің, банктердің және бизнес өкілдерінің қатысуымен қаңтар айында ауқымды кеңес өткізу жоспарланып отыр.
Фармацевтика және медицина саласының өкілдері ҚҚС мөлшерлемелерінің әртүрлі болуына байланысты туындап отырған қиындықтарды атап өтіп, бірыңғай тәсіл енгізу қажет екенін жеткізді. Бұл ұсыныс негізді деп танылып, қолданыстағы нормалардың тәжірибесін алты ай ішінде талдау туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ кеңес отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселесі талқыланды. Бизнес өкілдері өзіндік құнның өсуі мен маусымдық факторларды ескере отырып, тізімнің кеңеюіне алаңдаушылық білдірді. Сауда және интеграция министрлігі бұл шаралардың уақытша екенін жеткізді. Оның айтуынша, тізім қауымдастықтардың позициясын ескере отырып түзетілді, ал сауда үстемелерін дифференциациялау жоспарда жоқ.
Өңдеу өнеркәсібі үшін газ бен электр энергиясы тарифтерінің өсуі және оның тұрақсыздығы қызу пікірталас тудырды. Вице-премьердің айтуынша, «инфляция плюс» қағидаты бойынша жүргізіліп жатқан тарифтік реформа – ұзақмерзімді мәні бар шара. Ол, ең алдымен, инфрақұрылымды жаңғырту үшін қажет. Сондай-ақ Серік Жұманғарин мемлекет бұл реформаның инфляциялық әсерін барынша азайтуға ұмтылатынын атап өтті.
Мұнай сервистік компаниялар мен машина жасаушылар шетелдік мердігерлердің демпингіне және отандық өндірушілер үшін преференциялардың болмауына назар аударды. Бұған жауап ретінде жаңа Салық кодексі аясында ірі жобаларға жеткізу кезінде ҚҚС пен баждарды кейінге қалдыру тетіктерін қолдануға мүмкіндік беретін тізімдерге қазақстандық кәсіпорындарды енгізу тапсырылды. Сондай-ақ даму институттарының қазақстандық компаниялар қызметін экспорттау ісіне қолдау көрсетуге дайын екені айтылды. Бұл ретте тәуекелдерді сақтандыру мен көлік шығындарын азайту мәселесі де ескеріледі.
Жиынды қорытындылай келе, Серік Жұманғарин «AMANAT» партиясының Үйлестіру кеңесі өзін бизнеспен тікелей диалог жүргізуге арналған тиімді әрі сұранысқа ие алаң ретінде дәлелдегенін атап өтті. Отырыс қорытындысы бойынша тараптар кеңес жұмысын тұрақты түрде жүргізуге уағдаласты. Үкімет тарапынан кеңестің жұмыс органы ретінде Ұлттық экономика министрлігі белгіленді. Вице-премьер қатысатын отырыстарды тоқсан сайын өткізу жоспарланып отыр.
Елнар ЕЛТАЙ