Мемлекет басшысы ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
Президент үш дүркін әлем чемпионы атанған Бибісара Асаубаеваны құттықтады
77
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісара Асаубаеваны шахматтың блиц түрінен әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Бибісара Асаубаева Қазақстаннан шыққан блицтен үш дүркін әлем чемпионы және майталман шебер ретінде дүниежүзілік шахмат тарихына енді. Қазақстандық шахмат қауымдастығы мемлекетіміздің көк туын жаһандық аренада биік желбіреткен отандасымыздың жеңісін мақтан тұтады. Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстардағы айтулы жетістіктері мен ел шахматын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін оны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым, – делінген құттықтауда.

Айта кетейік, әлем чемпионаты Қатар астанасы Доха қаласында өтті. Әйелдер арасындағы сында 21 жастағы Бибісара Асаубаева блицтен әлем чемпионы атанды.

Ол турнирде 15 турдың қорытындысы бойынша бірінші орын алып, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда қытайлық Чжу Цзиньэр-ді қатарынан үш партияда жеңіп, финалға шықты.

Финалда Бибісара Асаубаева украиналық Анна Музычукпен кездесті. Алғашқы үш партия тең нәтижемен аяқталды. Шешуші төртінші партияда қазақстандық шахматшы қарсыласынан басым түсіп, әлем чемпионы атанды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.