Кейде тұтас бір ауланың ажарын адам танымастай өзгерту үшін үлкен жоба да, қымбат құрылыс та қажет емес. Кәдімгі топыраққа егілген гүл, оған күн сайын жасалған күтім мен шынайы ықыластың өзі жеткілікті.
Гүл еккен әжелер: Степногор қариялары қаланың көркін өз қолдарымен жасап жүр
213
оқылды

Степногор  қаласындағы қарапайым қариялардың тірлігі – соның айқын дәлелі. Олар өз аулаларын көркейтіп қана қоймай, кейінгі буынға туған жерге деген сүйіспеншіліктің қарапайым еңбектен басталатынын үнсіз көрсетіп жүр, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Қарттар айы – өмірдің талай белесінен өткен жандардың еңбегіне үңіліп, өнегесіне назар аударатын ерекше кезең. Осы ретте Степногордағы қарапайым аулалардың біріне көз салсаңыз, көп нәрсені аңғаруға болады. Мұнда сәнді саябақ та, салтанатты гүлзар да жоқ. Кәдімгі көпқабатты үйлер, асфальт жол, көліктер мен күнделікті қайнаған тіршілік. Бірақ сол қарапайым көріністің арасынан жайқалған гүлдер бой көтеріп, аулаларға өзгеше рең беріп тұр.

Іс жүзінде бұл гүлдер өздігінен пайда болған жоқ. Оларды әдемілікке құмар, қоғамдық өмірден қол үзе қоймаған қариялар отырғызған. Өз қолдарымен еккен гүлдерін күн сайын суарып, түбін қопсытып, арамшөбін жұлып, көзінің қарашығындай қорғап келеді.

– Бізге біреудің келіп, міндетті түрде жасап беруін күтудің қажеті жоқ. Қолымыздан келгенше өзіміз де ауланы көркейте аламыз. Гүл отырғызсақ, ертең оның қызығын өзіміз де, балаларымыз да көреді, – дейді аула көркін өз қолымен жасауға атсалысып жүрген әжелердің бірі.

Олардың бұл тірліктерін жай ғана гүл егу емес, өздері өмір сүріп отырған ортаға деген жауапкершіліктің көрінісі деп біледі. Степногорлық әжелердің айтуынша, бала кездерінде үйдің айналасына гүл егу қалыпты әдет болған.

– Біздің бала кезімізде біреу тұқым әкелетін, біреу суаратын, енді біреу арамшөбін жұлатын. Мұны ешкім арнайы абаттандыру деп ойламайтын. Адамдар тұрған жерін өз үйіндей көретін. Сол әдеттің жоғалмағанын қалаймыз», – дейді қаланың белсенді тұрғыны, волонтер Татьяна Анатольевна.

Шын мәнінде, ол кезде «абаттандыру» деген үлкен ұғымды ешкім іздеп жатпаған шығар. Үйінің алды таза, ауласы жинақы, гүлдері жайқалып тұрса – соның өзі жеткілікті болған. 

Бүгінде де қаланың көркі тек әкімдікке немесе коммуналдық қызметке байланысты деп қарайтындар көбейгені ақиқат. Әрине, жолды жөндеу, аулаларды абаттандыру, балалар алаңын салу секілді ауқымды жұмыстардың өз орны бар. Бірақ қоғамдық кеңістіктің күнделікті тынысын қалыптастыратын тағы бір күш бар. Ол – сол жерде тұратын адамдардың өздері. Степногордағы қариялардың гүлдері   дәл осыны еріксіз еске салады. Жастары ұлғайып, денсаулығы  біртіндеп сыр бере бастағанына қарамастан, олар қолынан келетін істі ешқашан кейінге қалдырмайды. Бірі гүл егеді, бірі суарады, бірі ауласын жинайды.

– Белсенді ғұмыр деген тек қоғамдық шараларға қатысу емес. Адамның өмірге қызығушылығын жоғалтпауы, өзіне ұнайтын іспен айналысуы, адамдармен араласуы, біреуге пайдасы тиетін дүние жасауының өзі – үлкен белсенділік. Ал гүл өсіру үшін уақыт пен шыдам керек. Бүгін отырғызған гүліңнің ертең жайқалып кетпейтінін білесің. Оны күн сайын суарып, күтіп, тіпті кейде қасына отырып әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Расымен де, біреу бұл гүлдердің жанынан күнделікті күйбең тірлікпен өтіп, байқамауы да мүмкін. Ал енді біреулері арнайы кідіріп, гүлге қарап жымиып өтеді. Бір бала қызығушылық танытады. Анасы оған: «Гүлді жұлма, оны біреулер еңбектеніп өсірді» деп түсіндіреді, – дейді аула тұрғындарының бірі.

Осылайша, қарапайым гүлдің өзі мұнда үлкен тәрбие құралына айналыпты.

– Балалар гүлді жұлуға емес, оны аялауға үйренсе екен дейміз. Өйткені біреу оны отырғызуға уақытын, күшін жұмсады. Еңбекті сыйлау осындай қарапайым нәрседен басталады, – дейді аула тұрғындары.

Қоғамдық кеңістік – бәрімізге ортақ. Бірақ «ортақ» деген сөз «иесіз» дегенді білдірмейді. Керісінше, ол – бәріміздің жауапкершілігіміз.  Біреу гүл отырғызса, оны жұлмау. Біреу ағаш өсірсе, бұтағын сындырмау. Біреу ауладағы орындықты сырласа, оны бүлдірмеу. Өзіміз ештеңе жасай алмасақ та, басқа адамның еңбегін сақтау – мәдениеттің қарапайым қағидасы. Шаһардың келбеті де осындай шағын әрекеттерден құралады. Біреу қоқыс тастайды, біреулер жинайды. Біреу гүлді жұлады, біреу сол жерге қайтадан гүл отырғызады. Біреу жанынан өте шығады, ал біреу «осы жерді әдемі қылсақ қайтеді? деп тоқтап әрекет ете бастайды. Степногор  әжелері дәл сол соңғы жолды таңдаған жандар.

Олардың еңбегінің мәні гүлдердің жайқалып тұрғанында ғана емес. Ең маңыздысы,  кейінгі буынға қалдырған өнегесінде болса керек. Бүгінгі бала осы гүлдерді көріп өссе, ертең өз ауласына да бір тал гүл егіп кетуі мүмкін.  Қарттар айында оларға айтылар ең үлкен алғыс – жылы сөз ғана емес, еңбегін бағалап, еккен гүлін бірге қорғау болса керек. Гүлдеріңіз солмасын, аяулы әжелер! Еккен көшеттеріңіз жайқалып, аулаларыңыз әрдайым балалардың күлкісіне толсын. Ал сіздердің қарапайым еңбектеріңіз бір күні осы қалада өскен ұрпақтың жылы естелігіне айналсын. Өйткені қаланы өзгертетін үлкен күш кейде алыстан келмейді. Ол дәл өз аулаңнан, өз қолыңнан және «осы жер сәл де болса әдемі болсын» деген қарапайым ниеттен басталса керек... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.