Қалалармен қатар таулы аймақтар да қарқынды өзгеріп келеді. Бүгінде тау туризмі әлемдегі ең жылдам дамып жатқан салалардың біріне айналды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Заманауи технологиялар, экологиялық инфрақұрылым және қауіпсіздік стандарттары бұл бағытты жаңа деңгейге көтерді. Қазақстан үшін тау туризмін дамыту – аймақтық экономиканы күшейтудің, шетелдік турист тартудың және ұлттық бренд қалыптастырудың үлкен мүмкіндігі.
Туризм дамыса, аймақ дамиды
Туризм дамыған өңірлерде жаңа тыныс ашылады. Ең алдымен инфрақұрылым жақсарады. Жедел жол салынып, қонақүй, мейрамхана, қызмет көрсету орталықтары ашылады. Таулы аймақтарда орналасқан елді мекендер үшін бұл – жаңа кіріс көзі әрі жаңа нарыққа шығу мүмкіндігі. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары пайда болады. Сарапшылардың айтуынша, бір турист кемінде 5-7 түрлі қызмет саласының жандануына ықпал етеді.
«Турист келсе, тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, сауда-саттық дамиды. Себебі олар келіп, сауда жасайды, ас ішеді, мейрамханаға барады, қонақүйде тұрады. Туризм жалғыз дамымайды, ол өзіне қатысты жанама салаларға да әсер етеді. Таулы Қатонқарағай, Тарбағатай, Баянауыл сияқты аймақтардағы тұрғындар өзін-өзі қамтамасыз ете алады. Қазір еліміздегі 17 өңірдің үшеуі ғана өзін-өзі қамтамасыз етеді, қалғаны субсидияда, республикалық бюджеттен қарыз алып отыр. Ал туризмді дамытып, табыстарын арттырса, олар да донор өңірлерге айналуы мүмкін», – дейді экономист Сапарбай Жұбаев.
Сонымен қатар заманауи тау курорттарын салу, қауіпсіздік инфрақұрылымын жетілдіру және логистиканы дамыту жеке бизнес пен шетелдік инвесторлардың қызығушылығын арттырады. Бұл экономикаға тікелей қаржылай үлес қосады. Мысалы, Швейцария, Непал, Грузия сияқты елдер тау туризмінің арқасында халықаралық деңгейде танылды. Қазақстан да Алатау, Алтай және Тянь-Шань арқылы әлемдік туристік картада өзіндік орнын қалыптастыра алады.
«Туризм – бұл әлемде экономиканың ең ірі және ең жылдам өсетін салаларының бірі. Ең бірінші ЖІӨ-нің өсуіне әсер етеді. Көптеген елде туризм ЖІӨ-нің 8-10 пайызын құрайды, Түркияда 10-12 пайыздың шамасында, Қазақстанда бұл көрсеткіш 3-4 пайыздай ғана, яғни бізде өсім резерві өте жоғары. Түркия туристік саладан 45-50 млрд табыс табады, Қазақстанда ары кетсе 3-4 млрд доллар ғана», – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Тау туризміндегі жаңа мүмкіндіктер
Бұрын тау туризмі қысқы маусыммен ғана шектелсе, бүгінде курорттар жазғы треккинг, маунтинбайк, хайкинг, трейлраннинг және экотуризм бағыттарын дамытып, төрт маусым бойы турист қабылдайды. Өйткені тау туризмі жаңа технологиялармен интеграцияланып, «ақылды» инфрақұрылым қалыптасып келеді. Дамыған курорттарда смарт-абонементтер мен цифрлық лифт-карталар кеңінен қолданылады. Қазақстандағы демалыс аймақтарына да дәл осындай технологияларды енгізуге толық мүмкіндік бар.
«Қазақстанда тау туризмі – ең перспективалық бағыттың бірі. Алматы, Түркістан, Жетісу, Шығыс Қазақстанда әлемдік деңгейде альпинизм бар. Мұндай табиғи актив көп елде жоқ. Бұған денсаулық туризмін қосыңыз. Тауда 7-14 күндік емдік орталықтар ашуға болады. Жалпы, туризмді дамыту үшін жүйелі саясат, инфрақұрылым, әлемдік маркетинг қажет. Табиғи аймақта қауіпсіз жол, аялдама, құтқару бекеттерін салу да өте маңызды», – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Тау-шаңғы кешендерін салу саласында әлемдік жетекші компания – PGI Management директоры Томас Тор Йенсен қазақ жеріндегі таулы аймақтарды жіті зерттеп, бірқатар ерекшелікті назарға алғанын айтты.
«Қазақстан – болашақта тау туризмін дамытуға болатын әлеуетті нарықтың бірі. Жалпы, территориясында тау-тасы бар елдің артықшылығы да бар. Кавказ тауларын Еуропадағы Альпі тауларымен салыстыра отырып түсіндіруге болады. Бұл – айқын мысал. Сол сияқты, Қазақстанның да тауы жоқ елдерге демалыс аймағын ұсына алатын мүмкіндігі бар», – деді ол.
Томас Тор Йенсеннің айтуынша, таудың қалаға жақын орналасуы – маңызды фактор. Себебі демалыс орнының саны мен сыйымдылығы, сондай-ақ көлік қатынасы үлкен рөл атқарады.
«Қазақстанның туризм саласындағы әлеуеті өте зор, әрине, бұл ел экономикасын дамытуға да жақсы мүмкіндік. Мысалы, таулы аймақтарындағы демалыс орындары төрт мезгілде де турист қабылдай алады. Бұл – Қазақстандағы туризмнің ерекшелігі. Бірінші кезекте аймақтағы фермерлерге жұмыс табылады, жергілікті экономиканың дамуына үлес қосады», – дейді Томас Тор Йенсен.
Қорыта айтсақ, Қазақстан үшін тау туризмін дамыту дәл қазір ең қолайлы кезең. Бұрын технология жетіспеді, қаржы мен экологиялық ресурстар шектеулі болды. Бүгінде сұраныс бар, туризм мәдениеті қалыптасты, визалық режим жеңілдеді. Сарапшылардың айтуынша, тау туризміндегі жаңа бағыттар: экономика үшін – табыс көзі, технология үшін – инновациялық алаң, ел имиджі үшін – мықты бренд. Қауіпсіздік, инфрақұрылым және заманауи технологияны ұштастырған жағдайда Қазақстан әлемдік тау туризмі нарығында бәсекеге қабілетті орталыққа айнала алады.