А.Нұртазақызының сөзінше, өзінің жолдасын адаспай тапқан.
«Адамға өміріңді сеніп тапсыру – үлкен нығмет»: танымал мектеп директоры әсерлі жазба жариялады
216
оқылды

Әлеуметтік желі арқылы кеңінен танылған мектеп директоры Ақмоншақ Нұртазақызы өзінің жазбасын жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

"Жолдасым алғашында блог бастауымa қарсы болды. Бірақ ол қарсылық қолдамаудан емес еді. Ол – мені тіл-көзден қорғау, елдің сұғынан, қызғанышынан сақтау болатын. Сол қарсылықтың артында үлкен махаббат, терең сыйластық, нағыз ер азаматқа тән жауапкершілік жатты. Бүгін жылды сәтті аяқтап, бәрімізді Жаңа жылмен құттықтай отырып, жан жарымa алғыс айтқым келеді. Қайда барсам да қасымнан табылғаны үшін, аялай білгені үшін, сыйлай білгені үшін, шын жүрегімен сүйе білгені үшін рақмет айтқым келеді. Адам өмірге жалғыз келмейді. Әр адамға Алла өз серігін қоса береді. Сол серікті адаспай табу – үлкен бақыт. Ал сол адамға өміріңді сеніп тапсыру – одан да үлкен нығмет. Әйел қанша мықты, білімді, табанды болса да, оның артында тірек болатын ер азамат болса ғана ол нағыз дана әйелге, нағыз нәзік әйелге айналады. Ер азаматтың мықтылығы – дауыс көтеруде емес, қорғауда, сабырда, жауапкершілікте. Отбасын сырт көзден, жаман сөзден, қиын сәттен қорғай білу – нағыз ерлік. Ер мен әйел бір-бірін толықтырғанда ғана отбасы берік болады, үйде тыныштық орнайды, балалар бақытты болып өседі. Берік отбасы – берекелі қоғамның негізі. Осы орайда барша отбасыларды Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Үйлеріңізде махаббат, сыйластық, сабыр мен түсіністік орнасын. Ер азаматтарымыз – тірек, әйелдеріміз – береке, балаларымыз – шат күлкіге толы болсын. Жаңа жыл әр шаңыраққа амандық, ынтымақ, мол бақыт алып келсін! Жүректеріңізде жылу, үйлеріңізде тыныштық болсын!", – деп жазды Ақмоншақ Нұртазақызы.