Тамыры тереңге кеткен экономи­ка­лық мәселелерге ондаған жылдар бойы назар аударылған жоқ. Қалалар мен ауыл­дардағы инфрақұрылым тозды, энер­гетика нысандары мен коммунал­дық желілер әбден ескірді.
Шындықты жасырып, бір сәттік ал­дамшы жетістіктерге ұмтылу мемлекетіміз үшін тым қымбатқа түс­ті – Тоқаев
259
оқылды

Үкімет энерге­ти­ка­лық және коммуналдық нысандарды жап­пай жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Ұзындығы жүздеген шақырым бо­латын инженерлік желілер мен элек­тр қуатын тарататын желілер салуымыз ке­рек. Бүгінгі таңда осы ауқымды жоба­ның есеп-қисабы әзірленіп жатыр.  Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Қазірдің өзінде қауіпті «қызыл» ай­мақта тұрған жылу электр стансала­ры­ның саны 19-дан 10-ға дейін азайды. Қа­былданған шаралардың нәтижесі кө­ріне бастады. Нысандардың апаттық жағ­дайға тап болу қаупі сейіліп келеді. 

Дегенмен, әбден тозып, әупіріммен әрең тұрған инфрақұрылымды қалпына келтіру жеткіліксіз, жұмыс тәсілін өз­герту керек. Сондықтан, жаңғырту ша­ра­лары ең басты міндетті шешуге тиіс, яғни, салаға инвестиция салу үшін қо­лай­лы жағдай жасап, нағыз нарықтық те­тіктер қалыптастыруы қажет.  

Үкіметтің шұғыл шаралары мәселе­нің түпкі мәнінен туындап отыр. Себебі, энергетика және тұрғын үй-ком­му­нал­дық шаруашылығы кез келген мем­ле­кет­тің өмір сүруіне аса қажетті тұғыр са­налады. Бұл негіз шайқалса, басқасы тү­гел күйрейді. 

Тамыры тереңге кеткен экономи­ка­лық мәселелерге ондаған жылдар бойы назар аударылған жоқ. Қалалар мен ауыл­дардағы инфрақұрылым тозды, энер­гетика нысандары мен коммунал­дық желілер әбден ескірді.    

Қордаланған түйткілдер күрмеуі қиын күрделі мәселеге ұласты. Бұл сала жыр­тық-тесігін жанталаса жамап-жас­қап, бюджет қаржысын үздіксіз құюға тура келетін «коммуналдық аждаһаға» айналды. Бұған жұрттың еті үйреніп, аза­маттар шарасыз күйге түсті.  

Соған қарамастан, біздің үкімет­тері­міз «авгийдің атқорасын» тазалауға асық­қан жоқ. Себебі, мұндай күрделі жұ­мыс ешкімге жақсы атақ әкелмес еді. Ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылу сияқты «керемет» бағдарламалар әзір­леп, оның «табысты» орындалғаны ту­ралы баяндау әлдеқайда жеңіл бола­тын. Шындықты жасырып, бір сәттік ал­дамшы жетістіктерге ұмтылу ақы­рын­да мемлекетіміз үшін тым қымбатқа түс­ті. 

Шынымды айтайын, жеке абы­ройым­ды ойласам, мен де бұл жұмысты ке­лесі басшылыққа ысыра салар едім. Бір­ақ  халықтың көзі үйренген тап­таурын түсініктерге қайшы келсе де, мен үшін қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақ­ты нәтижеге қол жеткізу бәрінен де маңыз­ды. 

Электр қуатының арзандығы кімге тиімді болды? Табысы шамалы көпба­лалы отбасыларға емес, ірі кәсіпорын­дар­ға өте тиімді болды. 

Арзан жанар-жағармайдың қызы­ғын кім көрді? Әдетте қоғамдық көлік­пен жүретін студенттер мен зейнет­кер­лер емес, билікке жақын жүретін, қазір жұрт олигархтар немесе олигополия деп атайтын кәсіпкерлер көрді. 

Коммуналдық қызметтердің тари­фін төмен ұстап тұру кімге ыңғайлы бол­ды? Әр түбіртектегі соманы уақытылы тө­леп отырған адал азаматтарға емес, «ком­муналдық былық-шылықты» пай­да­ланып, қалтасын қалыңдатқан дел­дал-кәсіпкерлерге қолайлы болды.   

Посткеңестік кеңістіктегі ең төмен бағалар мен тарифтер Қазақстанға тие­сілі. Соның салдарынан, біз амалсыздан арзан жанар-жағармайды көрші мем­лекеттерге астыртын тасымалдайтын, сол арқылы олардың экономикасына демеу көрсететін елге айналдық. 

Сол себепті, тарифтің төмен болуы қара­пайым тірлік кешіп жатқан адам­дарға пайдалы деген жалған сенімнен ары­­латын уақыт жетті. Іс жүзінде бұл – ауқатты азаматтарға жасырын түрде берілетін субсидия. 

Әлеуметтік әділдікті қалпына кел­тіру үшін, ең алдымен, мәселені шешу жол­дарын өзгерту қажет. Мемлекет кө­мекке шын мұқтаж адамдарға ғана ті­ке­лей, атаулы өтемақы төлеу арқылы қол­дау көрсетуге міндетті. Сондықтан, та­рифтерді көтеру – ақылға қонымды, яғ­ни тиімді және әділ экономика құру үшін аса қажет қадам. Кім қанша тұтын­са, сонша төлейді, қолдауға шынымен зәру адамдарға ғана көмек беріледі. Тариф­тер әділетті болуы керек, яғни «неғұрлым көп тұтынған, соғұрлым көп төлейді» деген қағидат берік орнығуға тиіс. Мен осындай нақты міндет қойып отыр­мын. Алғашқы оң нәтижелер бар. Тө­лем жүйесіне сараланған тәсіл енгі­зіл­ді. Суды және электр қуатын барынша үнем­деп пайдаланатын тұрғындар «тұ­тынудың әлеуметтік нормасына» сәйкес төлемді ең төмен тарифпен төлейтін болды. 

Бұл қадам бұрынғы жүйеден бас тар­тып, әлеуметтік игіліктерді әділ бөлетін жүйе құруға мүмкіндік береді. Елдің ре­сурстарын таңдаулы адамдар емес, бар­ша жұрт бірдей пайдалануға тиіс. Сон­да ғана заманға сай инфрақұрылым мен тиімді энергетика жүйесін қалып­тас­тыра аламыз. Осылайша, эконо­ми­ка­ның сапалық тұрғыдан өсуіне зор сер­пін береміз, – деді Президент.