Жиында депутаттар медицина қызметкерлерінің барлық сұрақтарына жауап беріп, өзекті мәселелер туралы ашық сөйлесті. Жергілікті мамандардың ұсыныстарв мен мәселелерін депутаттар бақылауға алады, олар салалық министрліктермен бірлесіп пысықталатын болады.
Мәжіліс депутаттары Астанадағы ардагерлерге арналған  госпитальге барды
339
оқылды

Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Астанадағы Отан соғысы ардагерлеріне арналған орталық клиникалық госпиталь ұжымымен кездесті. Ардагерлердің денсаулығын сақтау, қарт пациенттерге көмек көрсету жүйесін дамыту және медицина қызметкерлерін қорғау мәселелері жиынның басты тақырыбы болды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кездесу барысында депутаттар бүгінгі таңда аға буын адамдарға медициналық көмек көрсету жүйесі қалай құрылғанын, елдегі геронтология мен гериатрияның қалай дамып жатқанын және Парламенттің одан әрі жұмысының назарында қандай міндеттер қалуы керектігін егжей-тегжейлі талқылады.

Мәжіліс депутаттары Павел Казанцев, Самат Нұртаза, Марат Башимов, Дәулет Тұрлыханов және Сенат депутаты Геннадий Шиповских ондаған жыл бойы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және оларға теңестірілген азаматтар санаттарына мамандандырылған көмек көрсететін госпиталь – бірегей медициналық мекеменің қызметімен танысты. 

Дәулет Тұрлыханов 2025 жыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығымен атап өтілгеніне тоқталды. Соғыс жылдарында майданға 1 млн 200 мыңнан астам қазақстандық, яғни, республиканың әрбір төртінші тұрғыны майданға аттанғанын, олардың жартысына жуығы үйіне оралмағанын айтты.

– Біздің ұрпақ үшін Жеңістің 80 жылдығы – ең алдымен, оның шынайы бағасын түсіну болып табылады. Біздің әкелеріміз бен аталарымыздың ерлігі абстрактілі өткен шақ емес, ұрпақтар сабақтастығын сақтайтын адамгершілік бағдар. Біздің міндетіміз – бұл тарихи шындықты сақтау және оны келесі ұрпақтың санасына сіңіру, - деді ол.

Кездесуге қатысушылар егде жастағы адамдардың денсаулығын сақтау өмір сапасын, белсенді ұзақ өмір сүруді және қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі екенін атап өтті. Гериатрияның медициналық көмектің дербес бағыты ретіндегі рөліне, кешенді гериатриялық бағалауды, пәнаралық тәсілді және көмек көрсету деңгейлері арасындағы сабақтастықты енгізу қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

– Халықтың қартаюы жағдайында геронтология мен гериатрияны дамыту мәселелері стратегиялық маңызға ие. Бүгінгі таңда проблемалар туралы айтып қана қоймай, егде жастағы азаматтарға қолжетімді, сапалы және кешенді медициналық көмек көрсететін жүйелі заңнамалық шешімдерді қалыптастыру маңызды. Халықтың қартаюы болашақ мәселесі емес, бүгінгі күннің шындығы. Қазақстанның қарт азаматтарының өмір сүру сапасы қазір қандай шешім қабылдайтынымызға тікелей байланысты, - деп атап өтті «AMANAT» партиясы фракциясы басшысының орынбасары Павел Казанцев.

Госпиталь ұжымымен әңгіме барысында депутаттар Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының бастамасымен және белсенді қатысуымен медицина қызметкерлерін қорғауға және азаматтар үшін медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған нормалар әзірленгенін атап өтті.

Өткен сенбіде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем қызмет қызметкерлеріне қатер төндіргені және зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жауапкершілікті күшейтетін тиісті заңға қол қойды. Заң дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі қадам болды. Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап елімізде медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесі енгізілді. Енді медициналық қателік бойынша төлемдер мамандардың жеке қаражатынан емес, сақтандыру тетіктері есебінен жүзеге асырылады.

Жиында депутаттар медицина қызметкерлерінің барлық сұрақтарына жауап беріп, өзекті мәселелер туралы ашық сөйлесті. Жергілікті мамандардың ұсынысы мен мәселесін депутаттар бақылауға алады. Олар салалық министрліктермен бірлесіп пысықталатын болады.

Мәжіліс депутаттарының өңірлердегі кездесулері 5-13 қаңтар аралығында жалғасады. Жұмыс сапарлары барысында AMANAT, Ауыл, Ақ жол, ЖСДП, ҚПК және Respublica саяси партияларының парламенттік фракцияларының депутаттары сайлаушыларды қабылданған заңдар туралы хабардар етеді, олардың жергілікті жерлерде қолданылу барысын зерделейді және азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелер мен проблемаларды тыңдайды.