Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес жобаға шамамен 37 гектар жер бөлініп, бұрынғы қоқыс полигонының орны кезең-кезеңімен экологиялық демалыс аймағына айналдыру жұмысы жүріп жатыр. Аумақ «А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының қарамағына бекітілген.
Мекеме директоры Есдәулет Достияровтың айтуынша, құрылыс және көгалдандыру жұмысы белгіленген жоспарға сай іске асып жатыр.
– Құрылыс жұмысы былтыр басталды. Бүгінде 4 500-ден аса сәндік ағаш-бұта түрі жеткізілді. Соның ішінде 2 600-ден астамын отырғызып үлгердік. Негізінен, акация, шаған, емен, катальпа, шетен, қарағаш, терек, сафора, жөке, үйеңкі, қармала, жиде секілді жай жапырақты ағаштарды отырғыздық. Барлық көшетті сумен толық қамтамасыз ету үшін су жүйесі жүргізілді, көгалдандыру жұмысы жалғасып жатыр, – деді мекеме басшысы.
Мәжіліс депутаты Данабек Исабек жұмыс барысын оң бағалап, мұндай экологиялық жобалардың қаланың экожүйесін жақсартумен қатар, тұрғындар үшін қолайлы демалыс орнын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын айтты. Жауапты азаматтар экопарк құрылысы демеушілердің қолдауымен жүзеге асып жатқанын жеткізді. Алда кәсіпкерлердің көмегімен бұл аумақта қосымша инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.

Жаңа экопарк Шымкент қаласының экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы әрі заманауи демалыс орнына айналмақ.
Айсұлу СЪЕЗХАН