Басқосуға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, атқарушы хатшының орынбасары Ербол Байқонысов, аудан әкімдерінің жауапты орынбасарлары, жобаны жүзеге асыруға тікелей атсалысқан мамандар, қалалық және аудандық партия филиалдарының қызметкерлері қатысты.
Жиында Мұрат Жолдыхожаев белсенді еңбек етіп, жобаның табысты іске асуына үлес қосқан азаматтарға ризалығын білдіріп, бірқатар маманды «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың және өз атынан алғысхатпен марапаттады, қала әкімінің алғысхаттарын да табыстады.
«Шымкент қаласында «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымы едәуір кеңейді. Қала тұрғындарының жобаға деген қызығушылығы артып келеді. Бүгінде бұл бастаманың қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге нақты ықпал етіп отырғанына көз жеткіздік», – деді партия филиалының Төрағасы.
Жалпы, жобаны жүйелі әрі сапалы іске асыру мақсатында партия және әкімдік тарапынан арнайы жобалық команда бекітіліп, қалалық «AMANAT» партиясы ғимаратында жобалық кеңсе ашылған еді. Сол ұжым 2024 жылы қалада «Қарызсыз қоғам» жобасына 12 мыңнан аса тұрғынды қатыстырып, жоспарды 14 пайызға артығымен орындаған. Жобаның негізгі мақсаты – қиын қаржылық жағдайға тап болған, әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың тұрмысын жақсартуға нақты көмек көрсету.
Айсұлу СЪЕЗХАН