«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында салынған заманауи көпсалалы аурухана кешенінің құрылысы толығымен аяқталды.
Риддерде заманауи аурухана бой көтерді
250
оқылды

Жаңа медициналық кешеніне 200 төсек-орынға арналған стационар және бір ауысымда 500 адамды қабылдай алатын емхана кіреді. Жобаның жалпы құны 34,8 млрд теңге болған. Аурухана кешенінің құрылысы Қазақстан Республикасының «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңы аясында бөлінген қаражат есебінен жүргізілген.

Жаңа медициналық нысанды Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова аралап, жұмысымен танысып шықты.

Жалпы ауданы 40 мың шаршы метрден асатын үшқабатты ғимарат қажетті заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Кешен құрылымында тәулік бойы жұмыс істейтін стационар, күндізгі бөлім, паллиативтік көмек, консультативтік-диагностикалық және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету қызметтері қарастырылған.

Аталған нысанның құрылысы басталған сәттен бастап толық аяқталғанға дейін «AMANAT» партиясының партиялық бақылау комиссиясының мүшелері мен барлық деңгейдегі депутаттардың тұрақты бақылауында болды. Құрылыс жұмысының сапасы, мерзімінде орындалуы және жобалық талаптарға сәйкестігіне жүйелі түрде мониторинг жүргізілді.

– Риддер қаласында бой көтерген заманауи көпсалалы аурухана кешені – партияның сайлауалды бағдарламасының нақты нәтижесі. Бұл бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді игерілуін қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам. Сонымен қатар аурухана құрылысына қажетті қар­­жының бөлінуіне Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Мәжілісінің депу­таттары, «AMANAT» партиясы фрак­циясының мүшелері Ұлықбек Тұмашинов пен Ерлан Саировтың тікелей ықпал еткенін ерекше атап өткім келеді. Бүгінде бұл нысан Риддер қаласы мен оған іргелес елді мекен тұрғын­дарына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді, – дейді «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының мінде­тін атқарушы Аманбай Нуркенов.

Қазір нысанға қатысты тиісті құжаттарды рәсімдеу жұмысы аяқталуға жақын. Барлық рәсім толық аяқталған соң көпсалалы аурухана кешені тұрғындарға медициналық көмек көрсете бастайды.

Айсұлу СЪЕЗХАН