Солтүстік Қазақстан облысында қайғылы жол-көлік оқиғасы тіркелді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
8 қаңтар күні «Астана-Петропавл» автожолында Toyota Camry мен Shacman жүк көлігі соқтығысып, салдарынан төрт адам қаза тапты.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жеңіл көлік қарсы бағыттағы жолаққа шығып, жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Жол апаты кезінде Toyota Camry жүргізушісі мен үш жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Жылдамдықты асырмау, қарсы жолаққа шықпау және қауіпті маневрлерден бас тарту – апаттың алдын алудың негізгі жолдары екенін еске салды.
2025 жылы СҚО аумағында 593 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 47 адам қаза тауып, 793 адам жарақат алған. Республикалық маңызы бар жолдарда болған 117 апаттың нәтижесінде 26 адам көз жұмып, 200-ге жуық адам жарақат алған.