Қарағанды облысының негізгі өнеркәсіптік нысандарының бірі саналатын, импортты алмастыруға бағытталған зауыт өңірдегі маңызды өнеркәсіп нысанына айналуға тиіс.
Депутаттар Қарағанды облысында импортты алмастыратын ауқымды өндіріс орнын аралады
271
оқылды

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Бауыржан Смағұлов, Асхат Аймағамбетов, Тілектес Адамбеков, Құдайберген Бексұлтанов, Арман Қалықов, Үнзила Шапақ және Никита Шаталов Саран қаласының индустриалды аймағында болат түзу тігісті құбырлар шығаратын TEMPO Kazakhstan зауытының іске қосылу барысымен танысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қарағанды облысының негізгі өнеркәсіптік нысандарының бірі саналатын, импортты алмастыруға бағытталған зауыт өңірдегі маңызды өнеркәсіп нысанына айналуға тиіс.

Кәсіпорын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа, құрылысқа және жылу желілеріне арналған құбырлар түрлерін шығаратын болады. Қазірдің өзінде қосу жұмыстары жүргізіліп, тиісті келісімшартқа сәйкес  құбыр түрлері өндіріле бастаған. Ал толық өндіріс циклының алғашқы кезеңін алдағы мамыр айында іске қосу жоспарланған. Артынша өнім желісі кезең-кезеңмен кеңейе бермек.

Мәжіліс депутаты Бауыржан Смағұлов атап өткендей, мұндай өндірісті іске қосу тек өңір үшін ғана емес, бүкіл ел үшін стратегиялық маңызға ие.

– Бұл зауыт бұрын импорт есебінен қамтылған маңызды қажеттіліктердің орнын толтырады. Мұнай-газ саласында үлкен диаметрлі, оның ішінде 1460 миллиметрге дейінгі құбырлар сұранысқа ие. Бүгінде мұнда 200-ге жуық адам жұмыс істейді, көбі Саран қаласының тұрғындары. Кадрларды тікелей өндіріске дайындау үшін әкімдікпен және оқу орындарымен, колледждермен және политехникалық институтпен арада меморандумдарға қол қойылды. Бір айта кетерлігі, зауытта тәжірибеден өткен студенттерге жалақы төленеді.  Бұл жоба – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының бір бөлігі, алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады, - деп атап өтті ол.

Сапар барысында депутаттар еңбек жағдайлары, жалақы деңгейі, өнеркәсіптік қауіпсіздік және жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелеріне де назар аударды. Үнзила Шапақтың айтуынша, шағын және моноқалалардың дамуына оң әсер ететін мұндай жобалар айрықша маңызды.

– Біз іс жүзінде дайын заманауи зауытты көріп отырмыз. Басшылықтың мәліметінше, болашақта мұнда 600-ге дейін жұмыс орны ашылады. Шағын қала үшін өте жақсы жаңалық. Бұл жай ғана жұмыспен қамту емес, бұл – жүздеген отбасының табысының өсуі, өмір сүру сапасының артуы, ертеңгі күнге деген сенімнің нығаюы. Сол үшін де «AMANAT» партиясы шағын қалалар мен индустриялық аймақтарды дамыту мәселесін дәйекті түрде көтеріп келеді. Онсыз ел экономикасының тұрақты дамуы мүмкін емес, – деп атап өтті депутат.

Үнзила Шапақ шағын қалалар маңында индустриялық аймақтар мен еркін экономикалық алаңдарды құру мемлекеттік қолдауды шоғырландыруға, ірі инвесторларды тартуға және өңірлердің тұрғындары іс жүзінде сезіне бастаған ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық әсерді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.