Соңғы апталарда қалада бірінен-бірі мазмұнды, бірінің жалғасы іспеттес бірнеше маңызды іс-шара өтті. Қала әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы, «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» науқаны аясындағы кездесулер және осы тақырып аясындағы республикалық рухани-танымдық форум. Осының барлығы бір ортақ мақсатқа отбасын қорғау, ана мен баланың құқығын күшейту, әйелдің қоғамдағы рөлін арттыру және зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруды көздеді.
Отбасы – мемлекеттің шағын үлгісі
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің қатысуымен өткен қала әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында күн тәртібіне үш өзекті мәселе шығарылды. Көпбалалы және жалғызбасты аналарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау, «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» науқанын өткізу және қаланың бес ауданында отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі жоспардың орындалуы жан-жақты талқыланды. Жиында салалық басқармалар мен құқық қорғау органдарының статистикалық мәліметтері қаралды. Әр ауданның әлеуметтік жағдайы әртүрлі екені, сондықтан әрқайсысына жеке көзқарас қажет екені айтылды.
Қалалық комиссия төрағасының орынбасары Ардақжан Жәкенованың пікірінше, бес ауданның әрқайсысында өз комиссиясы жұмыс істейді және әр ауданның өзіндік түйткілі бар. Әл-Фараби ауданында жоғары оқу орындары мен студенттер көп болғандықтан, мұнда жастар саясатына басымдық беріледі. Ал Абай ауданында жеке сектор басым, сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, мектепке апаратын жолдардың қауіпсіздігі, көшелерді жарықтандыру мәселелері алдыңғы орында тұр. Жаңадан қосылған тұрғын алаптардағы балалардың қажеттіліктерін тұрақты бақылаудың маңызы да атап өтілді. Комиссия жұмысының нәтижелі тұстары да бар. Мәселен, биыл жастарды профилактикалық медициналық скринингтермен қамту деңгейі 70 пайыздан 99 пайызға жуықтаған. Бұл – ана мен бала денсаулығын қорғаудағы нақты жетістік.

Отырыс қорытындысында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Сәрсен Құранбек әлеуметтік қолдау шараларын жалғастыруды, асыраушысынан айырылған көпбалалы отбасыларға көмекті күшейтуді тапсырды. Полиция департаментіне аудан әкімдіктерімен бірлесіп профилактикалық рейдтер ұйымдастыру, Білім басқармасына білім беру ұйымдарындағы алдын алу жұмыстарын күшейту міндеттелді. Жоғары оқу орындары бекітілген жоспарға сәйкес іс-шараларды уақытылы әрі сапалы орындауға тиіс.
Ардақжан Жәкенова комиссия тек есеп тыңдайтын орган емес, кеңес беруші әрі бақылаушы құрылым ретінде жұмыс істейтінін жеткізді. Отырыстар екі айда бір рет өтеді, аралық кезеңде білім беру және денсаулық сақтау мәселелері бойынша тақырыптық жұмыс топтары қызмет атқарады.
Ананың хаты – ұрпаққа аманат
Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында Шымкентте отбасы құндылықтарын нығайтуға арналған республикалық рухани-танымдық форум өтті. Республикалық және қалалық Әжелер кеңесі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Аналар кеңесі және университет жанындағы Тәрбие және тұлғаны дамыту орталығы ұйымдастырған форумға республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанай, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, ғалымдар, психологтар, медиаторлар, педагогтер, қоғам қайраткерлері және еліміздің әр өңірінен келген студент жастар қатысты. Жиында отбасындағы қауіпсіздік, балаларға рухани-адамгершілік тәрбие беру, ұлттық дәстүрлер сабақтастығы, ата-аналардың психологиялық саулығы, құқықтық сауаттылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар қауіпсіз ортаны қалыптастырудағы ұлттық және отбасылық құндылықтардың маңызын, тұлға тәрбиелеудегі ата-ананың рөлін, қазіргі аналардың психологиялық жағдайын, әйелдер мен балаларды қорғаудың құқықтық тетіктерін, медиацияның мүмкіндіктерін, жастарды берік әрі бақытты отбасын құруға даярлау жолдарын ортаға салды.
Жиында сөз алған белгілі журналист, қоғам қайраткері Зәуре Оралбаева: «Зорлық-зомбылықсыз қоғам қалыптастыруға бағытталған акциялардың басты мақсаты – бұл мәселені саналы түрде қабылдап, жүрекпен сезіну. Әркім өз жауапкершілігін терең түсінген кезде ғана қауіпсіз орта қалыптастыра аламыз», – деді. Форум соңында қатысушылар отбасы құндылықтарын нығайту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау туралы ортақ үндеу қабылдап, студент жастарға «Ана хаты» табысталды.
Баланың қауіпсіздігі бәрінен жоғары
25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтетін «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық науқаны аясында Шымкенттің Әл-Фараби ауданында, политехникалық колледжде тағылымды кездесу өтті. Науқанның негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қоғам назарын аудару, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, теңдік, құрмет және қауіпсіздік идеяларын насихаттау. Кездесу барысында қатысушыларға тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары, зардап шеккендерге көрсетілетін көмек түрлері түсіндірілді. Көмекке мұқтаж болған жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға дер кезінде жүгіну қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Кездесуде сөз алған Әл-Фараби ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Бақтияр Сәлиев мұны іште сақтауға болмайтынын, онымен бірге күресуіміз қажет екенін атап өтті. «Қазақстан Республикасы әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігі қалалық филиалының төрағасы Баян Жандосова: «Біз мәселесі бар отбасыларды анықтап, психологиялық және өзге де көмек көрсетеміз. Мұндай мәселелерді жасыруға болмайды. Себебі дерт туралы айтылмаса, оның неге әкелетінін білесіздер», – деді.
Осы кезеңде қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері де тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, халықты қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар ету бағытында профилактикалық акциялар өткізуде. Алайда полиция мәліметінше, қалада жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар мен мектепте оқушы қыздарға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларының көрсеткіші өсіп отыр. Бұл – алдағы жұмысты күшейтуді талап ететін дабыл.
Шымкентте атқарылып жатқан осы жұмыстардың басты ерекшелігі – кешенділік. Әлеуметтік қолдау, құқық қорғау, білім беру, денсаулық сақтау және қоғамдық ұйымдар бір алаңда тоғысып отыр. Әр ауданның ерекшелігі ескеріліп, әр отбасыға жеке көзқарас танытылады. Қауіпсіз отбасы – берекелі қоғамның негізі. Өзара құрмет, қолдау, жауапкершілік және зорлық-зомбылыққа жол бермеу әрбір ұрпақ тәрбиесінің ажырамас қағидатына айналуға тиіс.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы
