Қазақстан жаңғыруының жаңа кезеңі туралы Президент бастамасы шығыстану бағытының ғылыми әлеуетін күшейтіп, оның ұлттық және халықаралық деңгейдегі маңызын арттырады.
Қазақстан жаңғыруының жаңа кезеңі шығыстану бағыты үшін де айрықша мүмкіндіктер ашады – Мырзахан Егембердиев
201
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан жаңғыруының жаңа кезеңіне қадам басқаны жөніндегі саяси мәлімдемесі ел дамуының стратегиялық бағдарын айқындайтын маңызды тұжырымдамалық құжат саналады.

Бұл бастама мемлекеттің саяси жүйесін жаңарту, экономиканы әртараптандыру, әлеуметтік саясатты жетілдіру және зияткерлік әлеуетті арттыру сияқты өзара тығыз байланысты бағыттарды кешенді түрде қамтиды. Мемлекет басшысы ұсынған жаңғыру тұжырымдамасы қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі реформалар жиынтығы болып саналады.

Аталған құжатта басқару мәдениетін жетілдіру, құқықтық мемлекетті нығайту және азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылған. Бұл өз кезегінде ғылыми білімнің, гуманитарлық зерттеулердің және сараптамалық ойдың рөлін күшейтеді. Президент ұсынған реформалар логикасы қоғамдық сананы жаңғырту мен білім беру саласының мазмұнын терең трансформациялауды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда жоғары білім мен ғылым ел дамуының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып отыр.

Қазақстан жаңғыруының жаңа кезеңі шығыстану бағыты үшін де айрықша мүмкіндіктер ашады. Біріншіден, бұл бастама Қазақстанның Азия кеңістігіндегі тарихи, мәдени және өркениеттік байланыстарын қайта пайымдауға ғылыми негіз қалыптастырады. Шығыстану саласы арқылы Орталық Азия, Таяу және Қиыр Шығыс елдерімен өзара ықпалдастықтың тарихи сабақтастығы мен қазіргі заманғы формаларын кешенді түрде зерттеу өзектене түседі. Мемлекет басшысының көпвекторлы сыртқы саясатты нығайту жөніндегі ұстанымы шығыстанулық зерттеулердің стратегиялық маңызын арттырады.

Екіншіден, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға басымдық берілуі шығыстану ғылымында жаңа әдіснамалық мүмкіндіктер туғызады. Сандық гуманитаристика, дереккөздерді цифрлық талдау, шығыс тілдеріндегі мәтіндермен жұмыс істеудің жаңа технологиялары осы бағыттағы зерттеулердің сапасын арттыруға жол ашады. Бұл әсіресе араб, парсы, қытай, түрік, корей, жапон, урду, пушту және басқа да шығыс тілдеріндегі жазба мұраларды қазіргі ғылыми талаптарға сай зерделеуге мүмкіндік береді.

Үшіншіден, Президент атап өткен адами капиталды дамыту идеясы шығыстану мамандарын даярлаудың мазмұнын жаңартуды талап етеді. Аймақтық зерттеулер, дінтану, мәдениетаралық коммуникация, шығыс қоғамдарының әлеуметтік және саяси трансформациясы сияқты бағыттар жаңа ғылыми парадигма аясында қарастырылуы тиіс. Бұл шығыстану саласын классикалық филологиялық немесе тарихи пән ретінде ғана емес, қазіргі заманғы қолданбалы әрі стратегиялық маңызы бар ғылым ретінде дамытуға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, Қазақстан жаңғыруының жаңа кезеңі туралы Президент бастамасы шығыстану бағытының ғылыми әлеуетін күшейтіп, оның ұлттық және халықаралық деңгейдегі маңызын арттырады. Бұл құжат шығыстануды елдің интеллектуалдық қауіпсіздігі мен өркениеттік дамуын қамтамасыз ететін маңызды ғылыми сала ретінде қайта пайымдауға негіз қалайды. Осы тұрғыдан алғанда аталған саяси бағдарлама шығыстану ғылымының мазмұнын тереңдетіп, оның әдіснамалық және институционалдық дамуына қуатты серпін береді.

Мырзахан ЕГЕМБЕРДИЕВ,

тарих ғылымының кандидаты.