Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері – Қайрат Балабиев, Ұласбек Сәдібеков, Темір Қырықбаев, Нұрсұлтан Байтілесов және Ерлан Әбдиев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Ордабасы ауданына барып, өңірдің өндірістік, аграрлық және әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды нысанды аралады.
Өндірістік орындарға басымдық беру қажет
171
оқылды

Аталған іс-шаралар партияның сайлауалды бағдарламасында белгіленген міндеттерді іске асыру барысын бақылау және нақты нәтижелермен танысу мақсатында ұйымдастырылды.

Алдымен халық қалаулылары Ордабасы ауданы Бадам ауылдық округінде орналасқан «Бадам» ин­дустриалды аймағында жа­ңадан ашылған Central Asia Aluminium Company ЖШС-ның алюминий профильдерін өн­ді­ретін кәсіп­орнының жұмысымен танысты. Делегация құрамында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық фи­лиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партия­лық фракция жетекшісі Алтын­сары Үмбетәлиев, облыстық мәс­лихат төрағасы Нұ­ралы Әбішов, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, Орда­басы ауданы әкімінің орынбасары Ол­жас Болатханұлы, аудандық мәс­лихат депутаттары, партияның ау­дандық филиалының төрағасы Алиасқар Бердімұрат, салалық бө­лім басшылары, ауыл ақса­қал­дары, жергілікті кәсіпкерлер болды. 

Кәсіпорын қытайлық инвес­тор­дың қатысуымен 2024 жылдың тамыз айында іске қосылып, бү­гінде 200 адамды тұрақты жұ­мыс­пен қамтып отыр. Жобаның ­ал­ғаш­қы кезеңіне салынған ин­вес­тиция көлемі 4,4 млрд тең­гені құрайды. Өндірісте шығары­латын өнім­дер­дің басым бөлігі эк­с­порт­қа ба­ғыт­талған, бұл өңірдің сырт­қы эко­но­микалық байланыстарын кеңейтіп, отандық өндірістің бәсекеге қа­білеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Кәсіпорын бас директоры Сян Гуанжуй зауытта қолданылып жат­қан заманауи технологиялар мен өндірістік жоспарлар туралы жан-жақты мәлімет берді.

Кәсіпорында заманауи әрі инновациялық технологиялар қол­данылып отыр. Жобаның бірінші кезеңінде жылына 20 мың тонна алюминий профильдерін өндіру жоспарланған. Ал екінші кезеңде өндірістік қуаттылықты қосымша 10 мың тоннаға арттыру көзделіп отыр. Қазақстан мен Қы­тай ара­сын­дағы іскерлік әріптес­тіктің нәтижесінде Орталық Азиядағы теңдессіз жобалардың бірін жүзеге асыруға мүмкіндік алдық. Зауыт құрылысы үшін «Бадам» индус­триал­ды аймағынан 8 гектар жер бөлінді. Қазір негізгі өндірістік блоктың құрылыс-монтаж жұмыс­тары жүргізіліп, металл конструк­цияларын орнату 90 пайызға аяқ­талды», – деді ол. 

Мәжіліс депутаты Темір Қы­рықбаев өндірістік және аграрлық жобалардың ел экономикасы үшін маңыздылығына тоқталды. «Өңір­лерде осындай ірі өндіріс орын­да­рының ашылуы Мемлекет бас­шы­сы белгілеген экономиканы әр­та­раптандыру саясатының нақты нәтижесі. Біз үшін өндіріс пен ауыл шаруашылығының қа­тар дамуы аса маңызды. Пар­ла­мент тарапынан инвесторларға қолайлы заңнама­лық орта қа­лыптастыру, отандық кәсіп­орын­дардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады. Қуатты өндіріс – тұрақты жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатының өсуі», – деді ол.

Жалпы, былтыр Түркістан об­лысы бойынша 20-ға жуық жаңа мектеп пайдалануға берілсе, соның 5-еуі Ордабасы ауданында ашыл­ған. Бұл өңірде әлеуметтік инфра­құрылымды дамытуға ерек­ше көңіл бөлініп отырғанын көр­сетеді.

Жұмыс сапары қорытынды­сын­да Мәжіліс депутаттары жер­гілікті кәсіпкерлермен, аграрлық сала өкілдерімен және білім беру ұйымдарының басшыларымен пікір алмасып, инвестициялық ахуал­ды жақсарту, ауыл шаруа­шы­лығы мен өндірісті кешенді да­мыту және өңірлерді жүйелі қол­дау мәселелерін талқылады. Кө­те­ріл­ген ұсыныстар мен түйт­кілді мә­селелер Парламент қабырғасында қарастырылатыны жеткізілді.

Елнар ЕЛТАЙ