Өскеменде полицейлер өрт шыққан пәтерден тұрғындарды алып шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Сағат 20:30 шамасында “102” арнасына қаладағы тұрғын үйлердің бірінде, бірінші қабаттан түтін шығып жатқаны жайлы ақпарат түскен. Оқиға орнына патрульдік полицияның екі экипажы шұғыл жетті. Олардың құрамында Мәлік Темірбек пен Самат Наменов, Асхат Әміртай мен Мақсат Қадылбеков болды.
Polisia.kz мәліметінше, тәртіп сақшылары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдап, құтқарушыларға көмек көрсетті. Бірінші қабаттағы өртеніп жатқан пәтердің ішінен Айхат Әміртай мен Самат Наменов екі адамды сыртқа алып шықты. Зардап шеккендерге оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
Сонымен қатар полицейлер басқа қабаттар мен көрші пәтерлердегі тұрғындарға үйлерінен қауіпсіз түрде шығуға көмектесті. Осылайша полиция қызметкерлері мен құтқару қызметтерінің үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында ауыр салдардың алдын алды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.