Бұған дейін олар көптеген салықты төлемей, басы артық есептіліктің бәрінен босатылып келсе, биыл «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейғам заман олар үшін аяқталды. Көбі ЖТС, тіпті КТС пен ҚҚС төлеуге көшеді, тиісінше, салық ауыртпалығы еселеп артады. Сондай-ақ бұрын болмаған есеп-декларацияның жаңа түрлері енгізілді.
Жеңілдіктен жауапкершілікке ойысу
Үкімет тарапынан либералды көзқарас, заңнамадағы жеңілдіктер және мемлекеттік қолдау тәуелсіздіктің өткен 34 жылында Қазақстанды ШОБ үшін нағыз жерұйыққа айналдырды. Кәсіпкерлікпен айналысасыз ба, бірақ дара кәсіпкер ретінде тіркеліп, декларация тапсыруға бас қатырғыңыз келмей ме, онда тіркелмей-ақ қойыңыз! Тек 1 АЕК-ті құрайтын бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлесеңіз жетеді. Бұл медициналық сақтандырусыз және қартайғанда зейнетақысыз қалмауыңыз үшін керек. Алайда БЖТ режимі 2024 жылы жойылды және оны төлеп келген азаматтардан салықшылар дара кәсіпкер болып, тиісті салық режимін таңдауды талап етті.
Десек те, мемлекеттің ұзақ жылғы салықтық кеңпейілділігі мен демеуі игі нәтижесін берді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 20 жыл бұрын, 2005 жылы республикада 394 672 дара кәсіпкер (ДК) ғана болыпты. Ал 2025 жылдың қорытындысында тіркелген ДК саны 1 899 141-ге, соның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны – 1 820 909-ға жетті.
Жеке кәсіпкерлер жұмыспен қамтыған азаматтардың саны да еселеп артты. 2005 жылы ДК-ларда 571 620 адам еңбек етсе, 2025 жылы 2,5 миллионнан асқан. Мұның сыртында дара кәсіпкерлік субъектілерінің өндірген өнімінің көлемі де ғаламат өсті. Мысалы, 2005 жылы елдегі барлық ДК 222,9 миллиард теңгенің өнімін шығарып, нарыққа өткізсе, 2024 жылы (2025 жыл қорытындысы әзірге жарияланбады) бұл көрсеткіш 55 есе ұлғайып, 12 триллион 347 миллиард теңгеден асты!
Дара кәсіпкерлерінің саны жөнінен Қазақстан бүкіл Орталық Азия елдерін артқа тастады: Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түрікменстандағы бүкіл ДК санын қоса алғанда, қазақ еліне жетпеді. Бұл қарқынмен Қазақстан тіпті Ресейді басып оза алатын еді: 140 миллионнан аса халқы бар РФ-та 2025 жылы 4,5 миллионға жуық ДК болды. Бірақ жаңа Салық кодексінің талаптарына сәйкес республикадағы жеке кәсіпкерлердің біразына жабылуға тура келеді.
Жаңа Салық кодексіне Мемлекет басшысы 2025 жылғы 18 шілдеде қол қойды. Содан соң көптеген бизнес нысаны жаңа талаптардың жүктемесін көтере алмайтынын түсініп, жабыла бастапты. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне жүгінсек, 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 191 984 бизнес субъектісі қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр болған, тағы 4 664-і жойылу үстінде. Салықшылар, сарапшылар бұл үдерістің биыл күрт күшейетінін жасырмады.
Осы орайда Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа Салық кодексіне сәйкес арнаулы салық режимдерінің жойылуына және B2B келісімшарттарда салықтық шегерімді қолдануға тыйым салынуына байланысты биыл бизнесті қалай жауып тастауға болатынын түсіндірді.
Ведомство 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген Салық кодексінде енді тек 3 жеңілдікті «арнаулы салық режимі» (АСР) көзделгенін еске салды. Бұлар – өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған режим; оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимі; шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі. Сондай-ақ B2B келісімшарттарда, яғни жеке кәсіпкерлердің өз өнімін компанияларға өткізуі кезінде салықтық шегерімді қолдануға тыйым салынды. Олар тек B2C форматында істей алады, яғни өз өнімін тек жеке тұлғаларға, халыққа сататын дара кәсіпкерлер оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-да қала алады.
Қалғаны тегіс «жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне» көшуге тиіс (Салық кодексінің орысша нұсқасында – «общеустановленный порядок налогообложения» немесе ОУПН, оны ауызекі тілде қысқаша «ОУР» деп қате атап жүр). Яғни, «режим» ұғымы тек салықтық жеңілдікті пайдаланатын жоғарыдағы 3 АСР үшін қалдырылды, басқасының бәрі «тәртіпке» көшіріледі.
Салықтың салмағы бар
Бұдан бөлек, салықшылар бөлшек сауда салығы негізіндегі, сондай-ақ тіркелген шегерімді (фиксированный вычет) пайдаланатын жеңілдетілген декларация негізіндегі арнаулы салық режимдері 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жойылғанын мәлімдеді.
– 2026 жылғы 1 қаңтар мен 28 ақпан аралығында кәсіпкерлік субъектісін таратуға, жабуға шешім қабылдаса, онда 2025 жылы бөлшек салықты немесе тіркелген шегерімді пайдаланатын жеңілдетілген декларация негізіндегі арнаулы салық режимдерін (АСР) қолданып келген салық төлеушілер биылғы жылғы 1 қаңтардан бастап аталған режимдердің жойылғанын ескеруі қажет. Тиісінше, олар бойынша салық есептілігі формалары (ФНО) енді қолжетімсіз болады. Осыған байланысты қызметін тоқтатқан кәсіпкерлік субъектілері келесі әрекеттерді қадам-қадаммен жасауы керек, – деді мемкірістер органының мамандары.
Бірінші қадам: салық есептілігін ұсынуыңыз қажет. Қолданған режиміңізге байланысты 2025 жылғы 4-тоқсан немесе 2025 жылғы 1 жартыжылдық үшін «Кезекті-Очередная» аталатын түрін таңдап, декларация тапсырыңыз.
Екінші қадам: қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама жіберу керек. Онда 2-бөлімде келесінің бірін белгілеу талап етіледі: «А. Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ға» немесе «С.Жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне» ауысу туралы. Бұған қоса, себебін көрсетесіз: «А.Ерікті түрде шешім қабылдау». Хабарламаны қаңтар-ақпанның қай күні жіберсеңіз де, таңдалған режим не тәртіпті қолданудың басталу күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептеледі.
Үшінші қадам: қызметті тоқтату рәсімін жүзеге асыру қажет. Атап айтқанда, біріншіден, «қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш» беру қажет. Екіншіден, оңайлатылған декларация негізіндегі АСР үшін – 2026 жылғы 1- жартыжылдықтағы тарату салық есептілігі (форма 910.00), ал жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібі үшін – 2026 жылдың 1 тоқсанына (2026 жылға) арналған тарату салық есептілігі ұсынылады.
«Үшіншіден, қажет болған жағдайда қызметті тоқтату үшін қажетті басқа да тиісті құжаттар сұралады. Салық салудың қолданылатын режимі туралы хабарламаны уақытылы бермесеңіз, қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішіңіздің де қабылданбайтынына назар аудартамыз! Бұл жағдайда жүйе мынадай хабарлама береді: «Қызметті тоқтату үшін 2-бөлімде «А. Ерікті түрде шешім қабылдау» себебі бойынша «А. Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ға» немесе «С. Жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне» ауысу белгісін соға отырып, қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама беруіңіз қажет. Осыдан кейін ғана сіз қызметті тоқтатуды жүзеге асыруға құқылысыз», – деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитеті.
Қорыта айтқанда, былтыр жеңілдетілген режимді (упрощёнка) немесе бөлшек сауда салығын қолданған кәсіпкерлер бизнесін жапқысы келсе, кәсібін жоюдың жаңа ережелерін мүлтіксіз сақтауға тиіс. Әйтпесе, кәсіпкерлік нысаны «жойылды» деп танылмайды, тиісінше ары қарай алым-салықтар есептеледі, қосымша айыппұлдар жазылады, операциялары, банк шоттары және карталары бұғатталады, ісі жеке сот орындаушыларына беріліп, олардың да қызмет ақысын (өндірілетін соманың 25%-ы көлемінде) төлеуге тура келеді.
Бизнесін жаппай, одан әрі қалуға шешім қабылдаған дара кәсіпкерлер e-Salyq business мобильді қосымшасын жүктеп алып, сонда жойылған салық режимін жаңа Салық кодексіне сай оңайлатылған режимге немесе жалпы тәртіпке көшіруі қажет. Мемлекеттік кірістер комитеті мамандарының түсіндіруінше, біріншіден, e-Salyq business қосымшасында авторизациялану талап етіледі.
Екіншіден, басты беттегі «Сервистер» мәзіріне кіру керек. Үшіншіден, «ДК салық режимін ауыстыру-Смена налогового режима ИП» бөлімін таңдаңыз. Төртіншіден, бастапқы арнаулы салық режимін толтыру сұралады. Таңдауға жеке кәсіпкерлер үшін қазіргі қалған 3 түрінің бірі ұсынылады: өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған режим; оңайлатылған декларация негізінде АСР; шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған АСР.
Бесіншіден, түрді таңдаған соң «Арнаулы салық режимін қолдану тәртібімен таныстым» дегенге белгі соғу керек. Алтыншыдан, «Жіберу» батырмасын басасыз. Жетіншіден, осыдан кейін қалқып шыққан сұрау-ескертпеде салық режимін ауыстырғаныңызды растау үшін «Жалғастыру» батырмасын басу қажет. Сегізіншіден, қолданылатын салық салу режимі немесе тәртібі туралы хабарлама табысты өңделсе, қате-ақау туындамаса, онда «табысты өңделді» деген жауап келуге тиіс.
Сарапшылар жұмысын жалғастыратын жеке кәсіпкерлерге бухгалтер, тіпті заңгер жалдауға тура келетінін ескертті. Себебі жалпыға бірдей салық салу тәртібінде 200.00 және 220.00 нысандарындағы стандартты есептілік бар. Бұдан өзге, биылдан бастап жаңа есеп түрлері қосылып жатыр. Бухгалтер Асылым Қарауылованың мәліметінше, биыл алғаш рет дара кәсіпкерлер «1-Қызметтер–1-Услуги» статистикалық нысанын тапсыруға міндеттелді. 2025 жылғы статистикалық есептілікті қалыптастыру аясында бірінші рет «1-Қызметтер» статистикалық нысаны бойынша респонденттердің қатарына жеке кәсіпкерлер енгізіліп отыр. Мұны Ұлттық статистика бюросы растады.
Сондықтан негізгі қызметі Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне сәйкес 85, 86, 87 және 88 кодтарына сәйкес келетін, яғни «Білім беру» және «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер» салаларына жататын дара кәсіпкерлер осы нысан бойынша деректерді белгіленген мерзімге дейін тапсыруға тиіс. Тапсырмаса, үлкен айыппұлдар салынады. ДК бүкіл күнтізбелік жыл үшін жылдық деректерді тек 4-тоқсанда тапсырады. Бұған дейін ол 2025 жылдың 20 желтоқсанынан 2026 жылдың 15 қаңтарына дейін тапсырылған.
Сонымен бірге бұдан былай ЖШС және басқа заңды тұлғалар қатарында дара кәсіпкерлер де «Салықтық есеп саясаты» (СЕС, орысшасы НУП) міндетті құжатын қалыптастыруға тиіс болады. Салықшылар тексерумен келсе немесе сұратса, бірден ұсынуға міндетті. СЕС-тің болмауы немесе қате рәсімдеу айыппұлдарға, қосымша есептер тапсыруға және өзге салықтық тәуекелдерге соқтырады.
Есептіліктің, қағазбастылықтың ұлғаюы, айыппұлдардың өсірілуі, жеке кәсіпкерлердің жеңілдіктерден жаппай айырылуы, салықтық әкімшілендірудің күрделендірілуі, мемкірістер органының түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізе алмауы, соның ішінде «Тегін бухгалтер» науқанын кең ауқымда жолға қоймауы бизнесті делдалдарға жем етуі мүмкін. Бұдан кім ұтты? Түрлі формадағы есептілікті кәсіпкердің орнына тапсырып беретін, бухгалтерлік сүйемелдеумен айналысатын белгілі жекеменшік порталдар қызмет ақысын күрт көтеріпті. Олардың СЕС қалыптастыру, есептілік тапсыру тарифтері айына 150 мың теңгеден жоғарылады. Ал осының бәрін өз бетінше тапсырамын деушілерді оқытуы, ақылы вебинарға қатыстыруы, түсіндірме материалдарға қол жеткізу құны енді 500 мың теңгеден басталады.
Айхан ШӘРІП