Қазақстан – уран қоры бойынша әлемде алдың­ғы орында тұрған елдердің бірі. Бұл біздің елімізге атом энергетикасы саласын дамытуға зор мүмкіндік береді.
Атом саласына әлеуетті кадр керек
коллаж: Елдар ҚАБА
155
оқылды

Жаһан­дық энергия тұтыну өсіп жатқан тұста, қауіпсіз әрі экологиялық таза қуат көзіне сұраныс артты. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде атом энергетикасын дамы­ту және осы салада отандық кадрларды даяр­лау мәселесі күн тәр­ті­біне шығып отыр. Яғни, атом қуатын тиімді пайдалану арқылы еліміз­де ядролық кластер құру және техникалық интел­лигенцияның жаңа буынын қалыптастыру қажет. 

Мемлекет басшысы былтыр Бурабайда өткен Ұлттық құрыл­тайда жаңа энергетика саласын қалыптастыру үшін газ бен көмір өндіру ісіндегі мүмкіндіктерді және жаңартылатын қуат көзде­рінің әлеуетін толық пайдалану керектігіне арнайы тоқталды.

«Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалып­тас­тырудың стратегиялық маңы­зы бар. Мен, дәл сол себепті, Қазақ­станға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақы­рын­да толыққанды ядролық клас­тер қалыптастыру қажет деп есептеймін», – деген болатын. Сонымен қатар Президент «Turkistan» газетіне берген сұхба­тында, «Бірнеше атом станция­сын салу – біріншіден, тарихи олқылықтың орнын толтыру деген сөз. Себебі, уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұр­ған елдің бірде-бір атом элек­­тр станциясын салмауы мүл­дем ақылға қонбайды. Екін­ші­ден, бұл қадам Қазақстанның абырой-беделін нығайта түседі. Біз атом станцияларын салу арқылы тех­ника­лық интеллиген­цияның жаңа буынын қалыптас­тырамыз. Тиісінше, мемлекеттік саясаттың түпкі мәнін өзгертеміз. Осыны қаперден шығармаған жөн», – деп атап өтті.

Демек, мемлекеттік саясат­тың түпкі мәнін өзгертетін тех­ника­лық интеллигенцияның жаңа буынын қалыптастыру білікті кадрлар мен кәсіби маман­дар даярлау ісіне қатысты бола­тыны анық. Сонымен қатар ядролық кластер қалыптастыруда энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызы зор. Алайда атом электр саласындағы кадрлық әлеуетті қалыптастыру енді ғана қолға алынып жатқан бағыт емес. Қазірдің өзінде елімізде осы бағытта білім беретін бірқатар оқу орны бар. Атап айтқанда, Алматыдағы әл-Фа­раби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гуми­лев атындағы ЕҰУ және Satbayev University сынды жоғары оқу орындарында ядролық физика, энергетика, материал­тану сала­лары бойынша білім алуға бо­лады.

Ашық ақпарат көздеріндегі деректерге сүйенсек, бүгінде атом саласына қажетті білікті кадр­ларды даярлау физика, энер­гетика, электротехника және тау-кен инженериясына бай­ланысты 18 білім беру бағдар­ламасы бойынша қарқынды жүр­гізіліп жатыр. Шетелдік бағ­­­­дар­­ламалар бойынша оқуға грант­­тар бөлу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған АЭС-терде өндірістік тәжірибеден және тағы­лым­дамадан өту ұйымдас­тырыла­ды. Сондай-ақ 2024-2025 оқу жылына атом саласы мен өнер­кәсібіне қатысты бағыттар бо­йынша 5 мыңнан астам грант бөлінген. 2023-2024 жылдары осы бағыт­тарда білім алып жатқан сту­дент­тер саны шамамен 250 адамды құраған. Жалпы алғанда, 2011-2023 жылдар аралығында атом саласы мен өнеркәсібі саласына 1 600-ден астам маман даяр­ланып­ты.

Техникалық интеллигенция тетігі

Сала мамандары ендігі міндет – атом электр саласындағы отан­дық кадрлардың біліктілігін ха­лық­аралық тәжірибе негізінде арттыру екенін айтады. Қазақ­стан­ның Атом энергиясы жөнін­дегі агенттігінің баспасөз қызме­тінің мәліметінше, қазір елімізде 5 мыңнан астам маман тек Қазақ­стан үшін ғана емес, Орталық Азия өңірі үшін де оқытылады.

«Алматы қаласындағы Ядро­лық физика институты базасында (бұдан әрі – Институт) Атом энергиясы жөніндегі халық­ара­лық агенттігі (МАГАТЭ),  АҚШ энергетика министрлігі мен Қа­зақ­станның серіктестегі аясында ашылған үш оқу орталығы жұмыс істейді. 2001 жылы ашылған радиациялық қауіпсіздік, 2003 жылы бүлдірмейтін бақылау және 2017 жылы ядролық қауіпсіздік бағыттары бойынша ашылған бұл орталықтар атом саласының за­ма­науи талаптарына сай жоғары деңгейдегі кәсіби даярлықты қамтамасыз етеді. Қазір осы орталықтарда 5 мыңнан астам маман тек Қазақстан үшін ғана емес, Орталық Азия өңірі үшін де даярланды. Әсіресе, бүлдірмейтін бақылау бағыты ерекше маңызды: осы әдістемелерді қолдану бола­шақ АЭС құрылысының сенім­ділігін қамтамасыз етеді, ал мұндай жұмыстар станция бюд­жетінің шамамен 5%-ын құрай­ды», – деп жазылған агенттіктің баспасөз хабарламасында.

Еліміз атом электр станция­ларын салу арқылы тек энергия өндірумен шектелмей, осы сала­ның зерттеу бағытын да күшей­туді мақсат етеді. Бұл тұрғыда ғылыми-зерттеу орталықтарына жүктелетін міндеттің жүгі ауыр және халықаралық тәжірибе не­гізіндегі жетекші ғылыми орта­лықтардың қажеттілігі туын­дайды. 

Ядролық физика институты ЗРК ССР-Қ бас инженердің орын­басары Асхат Бекбаевтың айтуынша, ғылым, білім беру, өн­діріс және мемлекет арасын­дағы тығыз үйлестіру жағдайында зерттеу инфрақұрылымын дамы­ту маңызды.

– Ең басты бағыттардың бірі – жаңа зерттеу реакторын салу. Бұл АЭС үшін материалдарды сынау, изотоптар өндіру, ядролық отын циклының тұйық техно­логия­ларын дамыту және басқа да ғылыми-қолданбалы міндеттер спектрін кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазіргі заманғы ғылыми инфрақұрылымның болуы ядро­лық энергетиканы қауіпсіз әрі тиімді дамыту үшін алғышарт бо­лып табылады. Біз Қазақстан тек энергия өндірумен шектел­мей, осы саланың зерттеу бағы­тын да күшейтуге тиіс деп санай­мыз, – деді маман.

Жалпы, ел аумағында атом электр станцияларын салу және ядролық кластер қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кадр даяр­лау, мамандарды оқыту ісі­мен шектеліп жатпағаны анық. Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде Ядролық физика институты әлемнің 30-дан астам жетекші ғылыми орта­лықтарымен әріптестікті белсенді жүргізіп келеді. Соның ішінде әлемдегі жетекші, Аме­рика Құрама Штатының ең ірі ғылыми  орталықтарының бірі – Масса­чусетс технологиялық ин­сти­тутымен (MIT) ядролық техно­логиялар мен термоядролық энер­гетиканы дамыту бағыты бойынша бірлескен жобаларды іске асыруда.

«Былтыр Ядролық физика институты делегациясының ма­мыр айындағы іссапары кезінде ядролық технологиялар, ради­а­ция­лық сынақтар мен жаңа ма­териалдар салаларында ынтымақ­тастықты кеңейту мүмкіндіктері тал­қыланған болатын. Ал мау­сым-тамыз аралығында Ядролық физика институты мен MIT ара­сындағы ынтымақтастық аясын­да MIT магистранты Институт­тың «Радиациялық материалтану» зертханасында ғылыми тағылым­дамадан өтті. Сонымен қатар Ядро­лық физика институты был­тыр қаңтар айында Невада уни­верситетімен (University of Nevada, Las Vegas)  меморандумға қол қойып, радиохимия сала­сында ғылыми тәжірибе алмасу бағыты бойынша өзара әріптестік келісілген болатын», – деп мәлімдеді агенттіктің баспасөз қызметі.

Атом энергиясы: сақтық пен қауіп егіз

Әлемде атом электр станция­ларын салу тәжірибесі көптеген ел үшін энергияның сенімді әрі экологиялық таза көзі ретінде қарастырылады. Бүгінде ашық ақпаратқа сәйкес, әлем бойынша 64 ядролық реактордың құрылы­сы жалғасуда, олардың шамамен үштен бірі Азия елдерінде салы­нуда. Олардың құрылысы негізі­нен Қытай, Оңтүстік Корея және Үн­дістан сияқты елдерде жүргі­зіліп жатыр.

2023 жылғы деректерге сәй­кес, Франция өзінің электр энер­гиясының шамамен 70%-ын АЭС арқылы өндіреді, бұл елді ядро­лық энергетиканы пайдалану жағынан көшбасшы елдер қа­тарына шығарады. Францияның ядролық энергетикаға тәуелділігі елдегі парниктік газдардың төмен деңгейін сақтап, энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде.

АҚШ-та қазір 92 атом реак­торы жұмыс істейді, ал Оңтүстік Ко­реяда 24 реактор елдің шама­мен 30%-ға жуық энергиясын қамтамасыз етеді. Қытайда 27 жаңа реактор салынып жатыр, олардың іске қосылуы елдің ядро­лық қуатын едәуір арт­тырады деп күтілуде. Бұл елдер жаңа қауіпсіздік технология­ларын, соның ішінде шағын модульдік реакторларды (SMR), қолданып келеді, бұл атом энер­гиясын одан әрі қауіпсіз етуге бағытталған.

Дегенмен, атом энергетика­сын тұтынудан бас тартқан елдер де бар екені жасырын емес. Оның себебі де бар. Мәселен, еліміз үшін, Семей ядролық полиго­нын­дағы 40 жыл бойы жүргізілген сынақтар халықтың атом энер­гетикасына деген алаңдаушылығы мен сенімсіздігін тудырады. Сон­дықтан еліміз үшін ядролық кластер қалыптастыру мәсе­лесінде сақтық шараларының алдыға шығуы заңдылық сана­лады. Халық арасында АЭС құ­рылысы бойынша әртүрлі пікір­лердің болуы  –  бір жағынан, Се­мей ядролық полигоны, Чер­нобыль және Фукусима апат­тары­нан қалған қорқыныш болса, екінші жағынан «бейбіт атом» ұғымы мен энергетикалық тәуелсіздікті нығайту тұрғысын­дағы түсінікке қатысты. Ал атом энергетикасын дамыту барысын­да отандық білікті кадрларды халықаралық тәжірибеге сүйене отырып дайындаудың өзіндік ерекшеліктері бар екені сөзсіз. Бұл тек технологиялық тұрғыдан дайындықты ғана емес, сонымен бірге қоғамның сенімін арттыру мен әлеуметтік жауапкершілікті қамтамасыз етуді талап етеді.

Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметі «Атом энергиясы жөніндегі ха­лық­аралық агенттік ұсыным­дарына сәйкес, білікті ұлттық кадр­лардың болуы атом энер­гетика­сын қауіпсіз, орнықты және сенімді дамытудың негізгі шарттарының бірі болып сана­лады. АЭХА ядролык объекті­лердің өмірлік циклының барлық кезеңдерінде – жоспарлау мен салудан бастап, пайдалану және пайдаланудан шығару кезеңіне дейін – ядролық және радиация­лық қауіпсіздікті қамтамасыз ету­де адам факторы шешуші рөл атқаратынын атап көрсетеді» деп мәлімдеп, қауіпсіздік мәселесінде ұлттық кадрлардың болуының маңыздылығына тоқталды. 

Агенттіктің мәліметінше, Атом энергиясы жөніндегі ха­лықаралық агенттік кадрлық әлеуетті алдын ала дамыту энер­гетикалық қауіпсіздіктің ажыра­мас элементі болып табылатынын және мемлекеттің ядролық бағ­дар­ламасын іске асырудың бас­тапқы кезеңдерінен бастап жүзеге асырылуға тиіс екенін көр­сетеді. Осы тұрғыда өз маман­дарын даярлау Қазақстанның энер­гетика­лық егемендігін және тұ­рақты әлеуметтік-экономика­лық дамуын қамтамасыз ететін ұзақ­мерзімді негізді қалыптас­тырады. 

Қазақстан үшін энергияны экологиялық таза көздерге кө­шіру тек қоршаған орта үшін ғана емес, елдің экономикалық болашағы үшін де аса маңызды мәселе. Ал білікті кадр даярлау мәселесі саладағы қауіпсіздік кепілі десек болады.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ