Оның құрамындағы өсімдік талшықтары мен марганец холестерин деңгейінің теңгерімін сақтауға көмектеседі.
Сұлы жармасының пайдасы: күнде жесеңіз, ағзаңыз қалай өзгереді?
453
оқылды

Сұлы жармасынан жасалған ботқа — көптеген адамның бала кезінен таныс әрі таңғы асқа жиі тұтынатын тағамдарының бірі. Дәмі қарапайым болғанымен, оны тұрақты түрде жеу — денсаулыққа үлкен пайда әкелетін ең оңтайлы шешімдердің бірі. Ендеше, сұлы жармасын күнделікті тұтыну ағзаға қалай әсер ететінін айтайық...

Жүрек пен қан тамырларының саулығына ықпал етеді

Бүгінде жүрек-қан тамыр аурулары дүниежүзі бойынша өлім-жітімнің басты себептерінің бірі болып отыр. Сұлы жармасы жүрек саулығын сақтау үшін өте пайдалы. Оның құрамындағы өсімдік талшықтары мен марганец холестерин деңгейінің теңгерімін сақтауға көмектеседі. Ал магний мен мырыш жүрек соғысының қалыпты болуын қолдайды. Фосфор жүрек бұлшықетіне оттегі мен кальций тасымалдайды, бұл жүректің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Иммунитетті нығайтады

Ағзаның вирустар мен бактерияларға қарсы тұру қабілеті тікелей дәрумендер мен микроэлементтерге байланысты. Сұлы жармасы мыс пен мырышқа бай, бұл заттар иммун жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне және табиғи қорғаныс қабілетін арттыруға септігін тигізеді.

Күш пен қуаттың тұрақты көзі

Сұлы жармасы баяу қорытылады, себебі құрамында күрделі көмірсулар бар. Бұл ұзақ уақытқа қуат береді, қан құрамындағы қанттың күрт өзгеруінен сақтайды және шаршау мен әлсіздік сезімін болдырмайды. Таңғы ас ретінде сұлы ботқасын жеу — күні бойы сергек әрі жинақы болудың қарапайым жолы.

Сүйек пен бұлшықетті нығайтады

Физикалық белсенділік пен жалпы денсаулық сүйек пен бұлшықет жүйесінің жағдайына тікелей байланысты. Сұлы ботқасы фосфор, магний және өсімдік ақуызына бай. Бұл — сүйектердің беріктігін, буындардың икемділігін және бұлшықет тінінің қалыптасуын қамтамасыз ететін негізгі элементтер.

Ас қорытуды жақсартады

Сұлы ботқасы асқазанды ұзақ уақытқа тойдырады, әрі ішек жұмысын реттейді. Оны түрлі жемістермен, жидектермен, жаңғақтармен немесе дәндермен үйлестірсе, дәмі әртүрлі болып, пайдасы да еселене түседі.