IT саласындағы өнімдер экспортының көрсеткіші 1 млрд доллардан асты.
Қазақстан IT өнімдер экспорты бойынша аймақта көшбасшы мемлекетке айналып келеді – Бауыржан Серікбаев
174
оқылды

2025 жылы Қазақстанның экономикалық өсімі 6%-дан асып, ЖІӨ 300 млрд долларға жетті. Ал жан басына шаққанда ЖІӨ көрсеткіші 15 мың доллардан асты. Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы, саясаттанушы Бауыржан Серікбаевтың айтуынша, бұл геосаяси турбулентті шарттар мен жаһандық тауар жеткізу тізбегі қайта қаралып жатқан халықаралық ахуалға қарамастан, еліміздің экономикасында іске асқан оң үрдістердің қатарына жатады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаның кең көлемді сұхбаты жарық көрді. Мемлекеттік дамуымыздың бағыт-бағдары жан-жақты қамтылған маңызды сұхбат деп ойлаймын. Президентіміз атап өткен салалардың бірі – сирек кездесетін металдарға деген әлемдік сұраныстың алдағы бес жылда екі есе артатыны әрі еліміз бұл минералдардың қоры бойынша көшбасшы мемлекеттердің қатарына енуі әбден мүмкін екендігі. Сұхбатта Мемлекет басшысы бұл бағыт Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын баса атап өткен. 

Расында, технологиялық даму қарқын алған сайын халықаралық еңбек бөлінісі, әлемдік экономиканың құрылымы өзгеріске түсіп, Отанымыз үшін жаңа экономикалық өсу алаңын қалыптастырып келеді. Бұл - жақсы үрдіс. Елімізде бар сирек кездесетін металдар қоры мен оның әлеуеті технологиялық дамуымыздың жаңа да тың мүмкіндіктерін қалыптастыратыны да анық. 

Қазіргі таңда цифрлық, технологиялық даму бағытында еліміз бойынша суперкомпьютерлер іске қосылып, IT саласы мамандарын дайындауда арнайы мемлекеттік жобалар қабылдануда. IT саласындағы өнімдер экспортының көрсеткіші 1 млрд доллардан асты. Аталған бағыт бойынша Отанымыз қазірдің өзінде аймақтық көшбасшы мемлекетке айналып келеді. 

Сұхбат мазмұны туризм, экономика, білім-ғылым, мәдениет пен Қазақстанның Еуразияның логистикалық хабына айналу мүмкіндіктері, ішкі, сыртқы саясат пен геосаяси ахуалдың бағыт-бағдары және елдік дамуымызға қатысты өзге де маңызды салалар жан-жақты қамтылғандығымен ерекшеленеді, - деді Бауыржан Серікбаев.