Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қазір Парламентте шетелдік агрегаторлардың қызметі қызу талқыланып жатқанын, оларда еңбек талаптары жиі бұзылатынын айтты.
Депутаттар шетелдік такси сервистерінің жұмысын сынға алды
171
оқылды

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов және Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде жергілікті «Эко такси» отандық сервисінің жұмысымен танысты, сондай-ақ Президенттік саябақты қайта құру барысын тексерді,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Эко такси» жобасы 2024 жылы Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында іске қосылған болатын. Отандық сервистің басты мақсаты – көлік жүргізушілеріне қолайлы жағдай жасау. Мұнда әр жүргізушіге бір рейс үшін 60 теңге төленеді, ал тапсырыстың қалған сомасы оның есебіне тікелей түседі. Жүргізушілерге үйлестіруші ұйымдар арқылы жалақы мен әлеуметтік аударымдар төленеді, жұмысқа шыққандар күн сайын медициналық тексеруден өтеді. Сервистің жұмысын мемлекеттік органдар қатаң бақылауда ұстайды.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қазір Парламентте шетелдік агрегаторлардың қызметі қызу талқыланып жатқанын, оларда еңбек талаптары жиі бұзылатынын айтты. 

– Комиссия 25 пайызға дейін жетеді, жүргізушілер міндетті медициналық тексеруден өтпейді, әлеуметтік және зейнетақы жарналарын алмайды, сақтандырылмайды, бақылау жоқ. Ал кіріс шетелге кетеді. Бұл маңызды мәселе, – деп атап өтті депутат. 

Сондай-ақ депутаттар Қызылордадағы Президенттік саябақты қайта құру барысымен танысты. Жаңарту жұмыстары аяқталған соң саябақ көпфункциялы демалыс аймағына айналуға тиіс. Сөйтіп, 300 орындық балалар лагері, ботаникалық бақ, субұрқақтары бар аллеялар, амфитеатр, спорт және ойын алаңдары, workout орындары, фудкорт, веложолдар мен шағын су арналары пайда болады. 

Мәжілісмендердің айтуынша, соңғы екі жылда өңірде 200-ден астам әлеуметтік нысан салынды, қазір жүзге жуық нысан қайта жаңартылуда.