Қарағанды облысында жетім және әлеуметтік осал санаттағы балаларды бопсалаған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, күдіктілер 8 қаңтарда қолға түскен.
— Қарағанды қаласында полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен прокуратура бірлесіп жүргізген жедел іс-шаралар нәтижесінде әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған арнайы мемлекеттік төлемдерден ақша бопсалауға қатысы бар топтың заңсыз әрекеттері әшкереленді. Тергеу барысында қаладағы балалар мекемелерінің біріндегі тәрбиеленушілердің осы топтың құрбаны болғаны анықталды, — деді Қуандық Алпыс.
Күдіктілердің жетім балаларды алты ай бойы қорқытып, бопсалап келгені, олардың атына микронесие рәсімдеткені белгілі болды.
— Соңғы жарты жылда олар алдау, қорқыту және күш көрсету арқылы бірнеше жәбірленушіден 10 миллион теңгеден астам ақша алған. Балаларды арнайы шоттардан ақша шешуге, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарынан несие алуға мәжбүрлеген, — деп мәлімдеді ІІМ.
Тінту барысында күдіктілердің үйінен қару мен оқ-дәрі табылған. Егер олардың кінәсі дәлелденсе, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.