Еуразиялық көлік айлағы қалыптасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатында елімізде орындалып жатқан оңды өзгерістер мен қоғам тарапынан орын алып жатқан түсініспеушіліктерге байланысты қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Еліміздің дамуы жолындағы реформаларға қатысты, оның ішінде бір палаталы Парламентке басшы болуға таласы жоғын айтты.

Мемлекет басшысының бастамасымен барлық салада жүзеге асырылып жатқан жұмыстар бойынша ілгерілеу бар. Эко­номикалық көрсеткіштер мен өндірістік өсім өсіп келеді. Еліміз тауар өндіруші мемлекет ретінде керекті көлік-логистика саласының әлеуетін арттыруды страте­гиялық міндет санайды.

Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Теңізге тікелей шығатын жолы болмаса да, Қазақстан Еуразия құрлығының кіндік тұсында, яғни негізгі транзиттік күрежолдар тоғысқан жерде орналасқан. Бұл – үлкен артықшылық, біз оны ел игілігіне жарата білуге тиіспіз. Мақсат-мүддемізге сәйкес Қазақстанды Еуразияның көлік айлағы (хабы) ретінде қалыптастыру – бұл салада атқарылатын жұмыстың басты бағыты.

Осы орайда жақында іске қосылған «Достық – Мойынты» жаңа теміржол ма­гистралінің мән-маңызын атап өткім келеді. Бұл жоба осы жол арқылы Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүк көлемін бес есе арттыруға мүмкіндік береді. «Мойынты – Қызылжар», «Бақ­ты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілерін жаңадан іске қосу жоспарымызда тұр. Жалпы, 2030 жылға дейін 5 мың ша­қырым теміржолды салып, жаңғырту және 11 мың шақырым теміржолды жөндеу көзделіп отыр. 

Ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін астықты жоспарлы өндіру қолға алынды. Өңірлерде инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, көптеген кәсіпорын ашылып жатыр. Оның ішінде өнімді терең өңдеуге бағытталған жобалар жетерлік. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде астық пен ұн экспорты рекордтық деңгейге жетті, Президент өнім жеткізілетін елдердің геогра­фиясы кеңейе түскенін, мұның – егін шығымдылығы мен ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға арналған нақты шаралар екенін атап өтті. 

Ендігі меже мал шаруашылығын дамыту екені сөзсіз. Президент 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемінің 233 мил­лион тоннаға дейін өсетінін, соған сәй­кес оның импорты 27 миллион тоннаға дейін артатынын айтты. Мемлекет басшысы «Қа­зақстанның, сыртқа, әсіресе, Азия ел­де­рі­не ет шығаратын ірі экспорттаушыға айнала­тын мүмкіндігі бар. Сондықтан был­­тыр қарашада өткен Ауыл шаруашылығы ең­беккерлерінің екінші форумы дәл осы мал шаруашылығы саласына арналды», – деді. 

Мемлекет басшысының ел дамуында алға қойған мақсаттарының орындалуына сәттілік тілейміз.

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Мәжіліс депутаты