Парасат пен прагматизм

Модернизацияның дайын рецебі жоқ. Әр ұлттың өз бағыты, өз жолы бар. Президентіміздің «Turkistan» газетіне берген сұхбаты бізге сол картаны түсінуге жақсы мүмкіндік береді. Бұл – ересек адамдарға арналған «ересек мемлекеттің» ұстанымы. Ал ересектерде, құр ғажайыпқа сенудің орнына жоспар және оны жүзеге асыратын ерік-жігер болады.

Мемлекет басшысының сұхбатын оқып шыққаннан кейін әр азамат эмоцияны ысырып қойып, айтылған ойларға сал­қынқандылықпен талдау жасауы керек. Сонда алдымызда айқын бір стратегиялық прагматизм тұрғанын көреміз. Осы сұхбат мен үшін бірнеше іргелі тұжырымды ай­қын­дады. Бірінші, көшбасшылық пен ме­­неджмент. Питер Друкердің «Менедж­мент – істі дұрыс істеу, ал көшбасшы­лық –дұрыс істі істеу» деген сөзі бар. Бұл сұхбатта Президент дәл осы көшбас­шы­лықты көрсетіп отыр.

Саясаткерлер «лайк» қуып, сайлау­шының көңіліне қарап жалтақтайтын жаһандық популизм дәуірінде ол «дұрыс істі істеу» (Doing the right thing) жолын таң­дауда. Тіпті ол шешімдер уақытша қо­лайсыз көрінсе де. Ол «мемлекет маған қарыз, бәрін мемлекет шешуге тиіс» деген инфантильді көзқарасты емес, жауапты серіктестік моделін ұсынуда. 

Екінші, мемлекеттегі ахуалға қатысты Президент артық пессимизмге де, даңғаза оптимизмге де ұрынбай, байсалды әрі шынайы көзқарас білдірді. 

Метафорамен айтсақ, біздің эко­номика сырттай зәулім сарайға ұқсайды (ІЖӨ өсіп жатыр, көрсеткіштер жақсы), бірақ ішкі инженерлік жүйелері күрделі жөндеуді қажет ететін үй секілді. Президент әдемі қасбеттің ар жағындағы проблемаларды ашық айтуға дайын басшы ретінде көрінді: инфляцияны тежеу, логистиканы дамыту, жүйелік реформалар – мұның бәрі сол «үйдің» құламай, берік тұруы үшін қажет.

Үшінші, «Анти-Гэтсби» көзқарасы. Сұхбаттың ең терең қабаты – құндылықтар мәселесі. Модернизация – Батыстың институттары мен идеяларын механикалық көшіру емес. Бұл – заманауи құндылық­тарды өз мәдени кодымызға сіңіру үдерісі. Президент әлеуметтік процестерді терең түсінетінін көрсетті. Батыстың серпілісі кездейсоқ пайда болған жоқ – оны еңбек этикасы мен қарапайымдылықты дәріптеген Реформация, білім мен ғылымды культке айналдырған Ағартушылық, жекеменшік пен құқық үстемдігін орнықтырған жүйе қалыптастырды. Шығыстың да өз жолы бар: конфуцийлік этика, тәртіп, мери­тократия, білім культі және қоғам алдындағы жауапкершілік.

Біздің модернизация – солардың со­қыр көшірмесі емес, заң, білім, тех­нология, еңбекқорлық пен этиканы ұлттық болмы­сымызға үйлестіру. Президент «даңғойлық» пен ренталық өмір салтына қарсы, Еңбек пен Білім культін ұсынады. Бұл – «көрінуге» емес, «болуға» үндейтін философия.

Төртінші, жалған мүгедектер мен «аграрлық олигархтар» туралы айтылған ойлар да өте маңызды. Президент тек шенеуніктерді ғана емес, мемлекетті алдауға дағдыланғандарды да сынға алды. Бұл – «билік үнемі кінәлі, ал қарапайым адам әрдайым мінсіз» деген жалған шаб­лоннан бас тарту.

Нағыз әлеуметтік әділеттілік – көмекті схемамен иеленетіндерге емес, шынымен мұқтаж жандарға беру.

Бесінші, жасанды интеллект – страте­гиялық таңдау. 2026 жылды Жасанды ин­теллект жылы деп жариялау – елді «ор­таша табыс тұзағынан» және шикізатқа тәуелділіктен шығаруға бағытталған ма­ңызды қадам. Президент NVIDIA басшы­сының «көк жейделілер» туралы сөзін бекерге келтірген жоқ: болашақта код пен құралдың, жұмысшы мамандардың маңы­зы тең болатынын жақсы түсінеді. Жұ­мысшы мамандықтарына басымдық бе­ру, жаңа марапаттар, Жұмысшы мамандық­тар жы­лы – бәрі бір жүйелі стратегияның бөлігі.

Алтыншы, Сталин мен Троцкий мыса­лы – сәттік конъюнктураға жасалған ащы ишара. Президент «лайк» пен тренд­тің тарихта қалмайтынын жақсы түсінеді. Тарих шуды емес, нәтижені сақтайды. Бұл дискурстың құбылмалығын түсінуін және тарихи ойлаудың маңызын көрсетеді.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, 

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму

комитетінің төрағасы