DAR Team командасының бас бапкері Эдуард Базров шәкірті Шавкат Рахмоновтың келесі жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта қарсыластың кім болатынына қарамастан, Шавкат кез келген мықты спортшымен шығуға дайын.
«77 келіде екінші орында тұрсаң, қарсылас маңызды емес. Ислам болсын, Камару Усман болсын – бәрі де мықты. Иэн Гэрри, Пратес, Маддалена – барлығы осал емес. Кімді берсе, соған қарсы шығамыз, соған сай дайындаламыз», – деді Базров Betonmobile.ru-ға берген сұхбатында.
Сонымен қатар бапкер шәкіртіне сапалы дайындық үшін қанша уақыт қажет екенін де нақтылап өтті:
«Бізге кемінде екі жарым – үш ай толыққанды дайындық қажет. Шавкат жаттығуын жалғастырып жатыр, бабында. Бірақ оқу-жаттығу жиыны мен нақты қарсыласқа бағытталған дайындық – бұл мүлде басқа деңгей. Сондықтан бір жарым ай жеткіліксіз», – деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Шавкат Рахмоновқа UFC-дің бұрынғы чемпионы Джек Делла Маддалена мен Хоакин Бакли жекпе-жекке шығу туралы ұсыныс жасаған. Бірақ Шавкат 2024 жылдың желтоқсанында Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен жеңгеннен кейін октагонға шыққан жоқ.