Аталған бірлестіктің жұмысы мал шаруашылығының үйлесімді дамуына ықпал етіп, қазақстандық өндірушілердің ішкі және сыртқы нарықтардағы позициясын нығайтады деп күтілуде.
Қазақстанда мал өсірушілер одағы құрылды
Фото: gov.kz
98
оқылды

Мал шаруашылығы саласының қатысушыларының мүдделерін үйлестіру және қорғау мақсатында жаңа салалық бірлестік құрылды,  – деп хабарлайды Aikyn.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстан Мал өсірушілер одағының директоры Даурен Салықовтың айтуынша, Одақ құру туралы шешім кәсіби қауымдастықтың сала ішіндегі өзара іс-қимылды жүйелеу және мал шаруашылығын дамытудың негізгі мәселелері бойынша бірлескен ұстаным қалыптастыру қажеттілігіне жауап ретінде қабылданған. Бірлестік құрамына республикалық салалық палаталар, ірі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, бордақылау алаңдары, асылтұқымды шаруашылықтар, ет өңдеу кәсіпорындары, сондай-ақ өндірістік тізбектің әртүрлі кезеңдерінде – өсіруден бастап өңдеу мен өткізуге дейін қызмет атқаратын фермерлік қожалықтар енді.

«Одақ қызметінің басым бағыттарының бірі – шағын және орта фермерлік шаруашылықтарды қолдау. Жаңа алаң фермерлерге мемлекеттік қолдау шараларына, қаржыландыруға, салалық сараптамаға және өткізу нарықтарына қолжетімділікті кеңейтуге, сондай-ақ нарықтың ірі қатысушыларымен өзара іс-қимылды және кооперацияны дамытуды жеңілдетуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Даурен Салықов.

Жалпы алғанда, Одақтың қызметі саланың практикалық міндеттерін шешуге бағытталған: мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыру, шаруашылықтардың экономикалық тұрақтылығын нығайту, қайта өңдеу мен экспорттық бағыттарды дамыту.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.