Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Иранның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесті.
Екіжақты ынтымақтастық дамып келеді
89
оқылды

Мәулен Әшімбаев елшіге ілтипат білдіріп, соңғы жылдарда Қазақстан мен Иран ара­сындағы жан-жақты ынтымақтастық айтар­лықтай деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті. Ұқсас құндылықтарға негізделген екіжақты қарым-қатынас көптеген бағытта жоғары қарқынға ие. Жақында Иран Президентінің Қазақстанға сапары екі елдің байланысын одан әрі нығайтуға тың серпін бергені де сөз болды.

«Қазақстан мен Иран арасында жоғары деңгейде сенімді саяси диалог қалыптасты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев екі халық арасындағы дос­тықты және өзара тиімді қарым-қатынас­тарды нығайтуға ерекше көңіл бөліп келеді. Желтоқсан айында Иран Президенті Масуд Пезешкианның Қазақстанға ресми сапары өтті. Мемлекет басшылары бірлескен мәлім­деме қабылдап, бірқатар маңызды құжатқа қол қойды. Бұл сапар Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін берді. Біздің басты міндетіміз – мемлекет басшылары деңгейінде қол жет­кізілген барлық уағдаластықты тиімді іске асыруға үлес қосу», – деп палата Спикері елімізде Президент бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалардың іске асырылу ба­рысына назар аударды.

Атап айтқанда, Мәулен Әшімбаев ау­қымды саяси жаңғырудың қисынды жал­ғасы болып саналатын және заң шығару қызметінің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған алдағы парламенттік реформа туралы айтты.

Сондай-ақ тараптар парламентаралық байланыстарды кеңейтудің маңызына тоқта­лып, өзара заңнамалық тәжірибе алмасуға мүдделі екенін білдірді. Осы орайда екі елдің Парламенттерінде жұмыс істейтін достық топтарының әлеуетіне баса мән берілді.

Кездесу барысында рухани дипло­матия­ны дамытуға, сауда және көлік-логис­тика­лық, мәдени-гуманитарлық сала­лар­дағы бірлескен жобаларды іске асыруға қа­тысты мәселелер де талқыланды.

 Айна ХАСАН