Парламент Мәжілісі­нің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракция­сының мүшелері, Данабек Исабек пен Нұрсұлтан Байтілесов Шым­­кент қаласындағы BalabiTextile кәсіпорнына барып, заманауи тоқы­ма өндірісінің қалай жолға қойылғанымен танысты. Сондай-ақ кездесуге партияның қалалық филиалының, мәслихаттың және салалық мекемелердің өкілдері мен компания басшылығы қатысты.
Отандық тоқыма өндірісінің болашағы зор
80
оқылды

Шұлық шығаруға арналған фабрика «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Өндіріс 2024 жылдың желтоқсанында іске қосылған. Жобаға 6,5 миллиард теңгеден астам инвестиция салынған, 260 тұрақты жұмыс орны ашылған. Кәсіпорын жылына 50 миллион жұп шұлық шығарады. 

Компания өкілдерінің айтуынша, фабрика 2024 жылдан 2025 жылдың үшінші тоқсанына дейін 366 миллион теңгенің өнімін шығарған.  Бүгінде зауыт қалыпты режимде жұмыс істеп, өнімді ішкі нарыққа да, шетелге де шығарып отыр. Тапсырыс берушілердің талабына сай дизайн әзірлеуге де ерекше көңіл бөлінеді.

Мәжіліс депутаты Данабек Исабектің айтуынша, мұндай жобалар қалалық экономиканың дамуына елеулі үлес қоса­ды. 

«Осындай заманауи кәсіпорындардың іске қосылуы – отандық өндірісті дамыту мен жұмыс орындарын ашуға нақты үлес қосады. Бизнестің мемлекеттік қолдау құралдары бар, ал оларды тиімді пайдаланған жағдайда өндірісті кеңейтуге толық мүмкіндік бар», – деді Данабек Исабек.

Депутаттар кәсіпорынның жұмысын оң бағалап, мұндай өндірістік алаңдар Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетін ны­ғай­татынын атап өтті. Кездесу барысында бизнесті қолдау, экспорттық тауардың түрін кеңейту және өндіріс көлемін ұлғайту мәселелері де талқыланды.

Елнар ЕЛТАЙ