Басқосуда Энергетика министрлігі, «Самұрық-Энерго», KEGOC және энергия өндіруші ұйымдардың Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттер шеңберінде жүргізіп жатқан инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа қуаттарды генерациялау жөніндегі жұмыстарының қарқыны қаралды.
Энергетика министрлігі ауқымды инвестициялық жоспарды жүзеге асырудың практикалық кезеңіне көшуде. Қазір жалпы инвестиция көлемі 13 трлн теңгеден асатын және жалпы қуаты 15,3 ГВт болатын 81 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, 2035 жылға дейін қосымша 26 ГВт-тан астам қуат өндіру көздері іске қосылатын болады.
Премьер-министр энергетикалық жобаларды жүзеге асыру кезінде мерзімдерін кейінге ысыру практикасын сынға алды.
«Президент энергетикада тиісті динамика жоқ екенін бірнеше мәрте айтып келеді. Сондықтан барлықтарыңыз барынша күш жұмылдыруларыңыз керек. Барлық жоспарланған жоба белгіленген мерзімде жүзеге асырылуы тиіс. Ешқандай үзілістер, ығысулар болмауы керек. Министр, «Самұрық-Энерго» және KEGOC басшылары, сіздер әрбір нысан үшін тікелей жауаптысыздар. Сіздердің жұмыс орындарыңыз – кабинеттерде емес, құрылыс алаңдарында», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде таза көмір технологиялары негізінде көмір генерациясын дамыту перспективалары қаралды. Қазір мердігерлер анықталып, стратегиялық маңызды нысандарды жүзеге асыру басталды. Олардың қатарында Екібастұз ГРЭС-3 (2 640 МВт), Курчатов қаласындағы жаңа станса (700 МВт), сондай-ақ Көкшетау (240 МВт), Семей (360 МВт) және Өскемен (360 МВт) қалаларындағы жылу электр орталықтары бар.
Айна ХАСАН