Бүгінде волонтерлерге не қажет, олар қандай қиындықтарға тап болады және мемлекет пен қоғамдық институттардан қандай қолдау күтеді?
Азаматтық белсенділік артады
105
оқылды

Адамдарға жүйелі түрде көмек көрсету үшін жеткілікті ресурс, көлік пен уақыт жеткілікті ме, әлде бұл тек ара-тұра жүзеге аса ма? Осы сұрақтар Мәжіліс депутаттарының Павлодар облысындағы қоғамдық ұйымдармен кездесуінің негізгі тақырыбы болды. Кездесу өңірдегі волонтерлік қозғалысты және азаматтық белсенділікті дамытуға арналды.

Ертіс өңірі белсенділерімен ашық әң­гімеге Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» пар­тиясы фракциясының мүшелері Вера Ким, Жар­қынбек Амантайұлы және Нұржан Әшімбетов қатысты. Волонтерлер өз жоба­лар­ын таныстырып, әлеуметтік көмек, эко­логия, әлжуаз топтарды қолдау және азаматтық бастамалар бағытындағы прак­тикалық тәжірибелерімен бөлісті.

Вера Ким Қазақстандағы волонтерліктің бірреттік акция емес, тұрақты жүйеге айна­лғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл үдеріс халықаралық деңгейде де мойын­далды – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассам­блеясы 2026 жылды Орнықты даму мақсатын­дағы халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Сондай-ақ ол 2020 жыл – Вол­онтер жылы ретінде жарияланып, осы бастама еріктілер қозғалысына серпін беріп, кейін заңнамалық базаның жаңартылғанын еске салды.

Жарқынбек Амантайұлы қиын кезеңдерде волонтерлер мен партия белсенділерінің атсалысқан нақты істеріне мысалдар келтірді – Екібастұздағы жылу жүйесіндегі апат кезінде, 2024 жылғы су тасқыны кезінде, Қостанай облысындағы және «Семей орма­ны» резерватындағы өрт кезінде. Барлық жағдайда көмек жедел көрсетілді – гумани­тарлық жүктер жеткізілді, халықты эвакуация­лау, бөгеттерді бекіту және қалпына келтіру жұмыстарына қатысу ұйымдастырылды.

Павлодар облысы бойынша «Жас Ұлан» қозғалысының үйлестірушісі Әйгерім Түсіпбекова жастардың қатысуымен атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Оның айтуынша, бүгінде өңірдегі әрбір мектепте дерлік волонтерлік отрядтар жұмыс істейді, ал еріктілікке бастауыш сынып оқушылары да тартылған. Олар эко­логиялық акцияларға қатысады, қарт адамдарға көмектеседі және өз бастамаларын жүзеге асыруда.

Елнар ЕЛТАЙ