«Өле жегенше, бөле же»
«Өле жегенше, бөле же»
446
оқылды
Аймақтардың өзін-өзі қам­­тамасыз етуі әлі күнге дейін төмен деңгейде. Қазіргі таңда республикалық маңыз­ды үш қала мен 14 об­лыстың төртеуі ғана өз бе­тімен күн көре алады екен. Дотацияға иек артатын өзге өңірлердің негізгі кірісі трансферттен жиналады. 2020-2022 жыл­дарға арнал­ған бюджетке зер салсақ, жақын арада жағ­дай өзгер­мейтін сияқты. Әлемдегі кез келген мем­ле­кеттің дамыған, дамушы және дамымай қалған өңірлері бар. Бұл бір аймақтың халқы еңбекқор, тағы бір өңірдің халқы жалқау дегенді білдірмейді. Экономикасы шикізатқа тәуелді, жері үлкен, жан саны аз Қазақстанда мұндай болуы – заңдылық. 2019 жылы игерілген бюджет қорытындысы бойынша Қа­зақстанның донорлық аймақта­рына Алматы, Нұр-Сұлтан қа­лалары мен Атырау, Маңғыстау облыстары кірді. Бұл түсінікті де. Себебі Атырау мен Маңғыстаудың қазба байлығы мол. Алматының экономикасы тұрақты, оның ішінде шағын шәне орта кәсіп­керлік, өндіріс пен сауда қызметі өркен жайған. Елордада ұлттық компаниялардың бас кеңселері орналасқан. Қаржы министрлігінің сай­тында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 2019 жылы Алматы қаласы республика бюджетіне 115,3 миллиард теңге құйған. Одан арғы жылдары да оңтүстік астана донор аймақтар рейтингінде бірнеше рет көш бастаған. Биыл мегаполистен ел қазынасына аударылатын қара­жат көлемі 49 пайызға (171,7 млрд теңгеге дейін) артады. Алайда 2020 жылдың соңына қарай көшбасшы атағы Атырау облысына өтеді. Биыл мұнайлы өлке республика бюджетіне 207,3 млрд теңге береді. Бұл былтыр­ғымен салыстырғанда екі есе көп. Нұр-Сұлтан қаласы биыл донорлық аймақтар рейтин­гі­нің соңғы сатысында Маң­ғыс­­тау облысын ығыстырып, үшін­ші орынға көтерілді. Бірақ бұл серпіліс елорданың эконо­микалық өсіміне байланысты емес. Тек Маңғыстаудың кірісі азай­ған. Қазақстанның әр түкпірінде тұратын халықтың өмір сүру дең­гейін аз да болса теңестіру үшін мемлекет кірістерді қайта бөлу тетіктерін қолданады. Қара­пайым тілмен түсіндірсек, ел билігі қаржыны бай өңірден алып, тұрмысы төмен аймаққа бе­реді. Ақшаны былайша қайта бөлу­ді «Мемлекеттік бюджетті теңес­тіру» деп атайды. Бұл меха­низм Бюджет кодексінде нақты жазылған. Өзгелерден дотация алатын аймақтар рейтингінде Түркістан облысы бірінші орында тұр. 2019 жылы республикалық бюджеттен оңтүстік өңірге бөлінген субвен­циялардың көлемі 402 млрд тең­геден асқан (мақсатты трансферт­терді қоспағанда). Дотацияланған аймақтар тізімінде өндірісі дамыған Шы­ғыс Қазақстанға екінші орын тиесілі. Аталған аймаққа был­тыр 163,9 миллиард теңге бө­лінген. Облыстың қара және түсті металлургия өнеркәсібінің корпоративті салығы республика қазынасына түсетіндіктен, жергілікті бюджеттің жеке кірісі ИСН-нен, әлеуметтік салықтан және акциздерден құралады. Былтыр бұл сома небәрі 112 мил­лиард теңгені құрапты. Мұн­дай ақша шығыстың білім беру, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашы­лық және ауыл шаруашылығына жұмсалатын шығындарын өтеуге жетпейді. Аутсайдерлер үштігін Жамбыл облысы түйіндейді. 2019 жылы бұл өңірге 161,9 млрд теңге бері­ліпті. Жамбыл облысының өз табысы жергілікті білім беру сала­сының қажетін де (133 млрд теңге) жаппайды. Үкімет дотацияға онша тәуелді емес аймақтарға Алматы облысы мен Қарағандыны жат­қызады. Өйткені Алматы облы­сының экономикасын Қорғас бекеті, Қарағандыны геогра­фиялық жағынан Нұр-Сұлтанға жақындығы көтереді. Ондағы бизнес-белсенділікке Алматы мен Нұр-Сұлтанның ықпалы зор. Кей сарапшылардың пікі­рінше, бізде бюджет әкімдердің орталыққа ықпалына, бас­шы­лармен жақындығына байла­нысты бөлінеді. Рас-өтірігін қайдам, әкімдер өзі басқаратын аймақтарға неғұрлым көбірек қаражат қарпып қалуды көздейді-мыс. Облысын мол ақшаға кенелткен әкімдердің жағдайы жақсарып, беделі жоғарылай түседі деседі. Ал негізінде экономистер до­тацияда отырған аймақтар ел дамуын тежейтінін айтады. Сон­дықтан әрбір облыс өз арбасын өзі сүйресе, көш түзелер еді. Сонымен, өңірлердің өз қолын өз аузына жеткізу үшін не керек? Бірден-бір төте жол – ши­кізатқа тәуелділіктен құты­лып, адами капиталды жетіл­діру, ғылыми-зерттеу жұмыс­тары арқылы жаңа технология­лар құру, тауарлар өндіру. Бұл – экономикалық өсім үшін сар­қылмайтын ресурс. Мамандардың ойынша, өңірлердің өзін-өзі қам­тамасыз ету деңгейін арттыра­мыз десек, маңызды шешімдер қабылдауға жергілікті тұрғындар мен бизнес-орта өкілдерін тарт­­қан дұрыс. Бұл түйткілді мә­се­лелерге неғұрлым нақты көз­­қарас қалыптастырып, кәсіп­керлікпен айналысуға қолай­лы жағдай жасамақ. Сон­дай-ақ республикалық маңы­зы бар қалалардан бастап, облыс­тық маңызы бар қалалар мен ау­дан­дарға өңірлік проб­ле­малардың ең тиімді шешімдерін ұсына ала­тын әкімдерді сайлау жүйесін енгізу қажет. Ел экономикасы шикізатқа, яғни сыртқы факторларға кіріп­тар болса, өңірлердің өзін-өзі асыруы қиын. Қазақстанға құйы­латын инвестицияның 75 пайызы шеттен келеді. Оның қомақты бөлігі мұнай мен газ өндірілетін аймақтарға ағылады. Басты кіл­типан – осында. Әрине, «Өле жегенше, бөле же» дейтін қазаққа мемлекеттік бюджетті теңестіру деген таңсық болмауға тиіс. Әйтсе де, дотацияға алақан жайған аймақтар өз әлеуетін ұтымды пайдаланса екен.  

Ерсайын БАҒДАТ