Павлодар облысы Ертіс ауылындағы жеке тұрғын үйде шыққан өрт салдарынан екі кәмелетке толмаған бала көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қайғылы оқиға 15 қаңтар күні таңғы сағат 08:30 шамасында болған. «101» қызметіне тұрғын үйдің өртеніп жатқаны жөнінде қоңырау келіп түскен. Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндірушілер үйдің толықтай отқа оранғанын анықтады.
Құтқарушылар тілсіз жаудың ішінен үш баланы алып шығып, оларды жедел жәрдем қызметіне тапсырған. Бірақ дәрігерлердің бар күш-жігеріне қарамастан, екі бала ауруханада қайтыс болды.
Қазіргі таңда өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Оқиғаның мән-жайын құзырлы органдар тергеп-тексеріп жатыр.