Байқаудың басты мақсаты – Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің ішкі істер органдары қызметкерлерінің ерлік істері мен батылдығын насихаттау, сондай-ақ қоғамда полиция қызметінің оң имиджін қалыптастыру.
«Серт» халықаралық байқауы: детектив жанрындағы шығармалар қабылдана бастады
163
оқылды

ҚР Ішкі істер министрлігі IV "Серт" байқауына детективтік жанрдағы шығармаларды қабылдаудың басталғанын айтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Байқаудың басты мақсаты – Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің ішкі істер органдары қызметкерлерінің ерлік істері мен батылдығын насихаттау, сондай-ақ қоғамда полиция қызметінің оң имиджін қалыптастыру.

Байқаудың негізгі міндеттері – ішкі істер органдары қызметкерлерінің мәдени және рухани деңгейін арттыру, олардың арасында патриотизмді, антқа және қызметтік борышқа адалдықты насихаттау. Қызметтің ерекшелігі мен күрделілігін ашуға, қызметкерлердің жанқиярлығы мен кәсіби шеберлігінің шынайы үлгілерін көрсетуге ерекше назар аударылады.

Байқауға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жазушылар, шығармашылық зиялы қауым, Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының қызметкерлері, сондай-ақ шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен шығармашылық өкілдері қатыса алады.

Байқауға бұрын жарияланбаған, мемлекеттік немесе орыс тілдерінде жазылған, нақты оқиғаларға негізделген және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ерлік істерін суреттейтін ірі прозалық детективтік шығармалар (романдар, повестер, әңгімелер) қабылданады.

Конкурстық жұмыстар 2026 жылғы 5 қаңтар мен 1 сәуір аралығында жолдануы тиіс.

Шығармаларды word форматында "Байқауға" деген белгімен ұйымдастыру комитетінің электрондық поштасына жолдау қажет: 

Конкурстық жұмысқа автор туралы ақпарат қоса берілуі қажет (тегі, аты, әкесінің аты, жасы, мамандығы, мекенжайы және байланыс телефоны). Шығармалар байқау тақырыбы мен мақсатына сәйкестігі, көркемдік деңгейі, сюжеттің толық ашылуы, кәсіби шеберлік, оқиғалардың шынайылығы және полиция қызметкерінің толық бейнесін жасау бойынша бағаланады.

"Серт" байқауының халықаралық деңгейде өткізілуі шығармашылық диалогқа, тәжірибе алмасуға, полицияға деген сенімді нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып, халықаралық мәдени ынтымақтастықтың дамуына үлес қосады.