Тіпті қалаға қарай жаппай урбандалу үдерісінен жағдайдың одан сайын күрделеніп бара жатқаны анық байқалады. Халықтың тығыз қоныстануынан аудан аумағында инфрақұрылымдық және коммуналдық мәселелер көбейген. Шешімін таппаған мәселелер жуырда облыс әкімімен кездесу барысында тағы бір мәрте көтерілді.
Көгілдір отынға қол жетпей тұр
Бұл жолы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың жұмыс сапары әдеттегі есеп үшін ұйымдастырылған жиындарға мүлде ұқсамады. Құзырлы сала мамандары мен жергілікті атқарушы органдардың салғырттығы мен жауапсыздығынан туындаған түйткілдер ашық көтеріліп, аудан әкімінен бастап, тұтас басқарушы сала өкілдерінің жұмысы сын садағына алынды. Жиын барысында ауданның бүгінгі әлеуметтік-экономикалық ахуалы ғана емес, жергілікті атқарушы органдардың іс жүзіндегі нақты жұмыс қабілетінің тым төмендігі айқын көрінді.
Аса маңызды салалардағы мәселе жылдар бойы шешілмей, тоң болып қатқан күйінде қалған. Әсіресе, бұл халықтың тіршілігіне аса қажет коммуналдық және инфрақұрылымдық жүйелерде жиі кездеседі. Облыс әкімі аудан аумағындағы өзекті мәселе бірінші кезекте жергілікті атқарушы биліктің осы аймақтағы іргелі кәсіпорындармен бірлесе әрекет етпеуінен болғанын алға тартты.
– Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдарға бақылаудан бұрын, серіктестікпен жұмыс істеудің маңызды екенін атап өтті. Біз де дәл осы ұстанымды басшылыққа алып келеміз. Серіктестік халыққа үйіп-төгілген бос уәде емес, нақты нәтижеге жеткізетін үлкен мүмкіндік, – деді Марат Ахметжанов.
Бірақ Аршалыдағы бүгінгі ахуал серіктестікке емес, құзырлы орындардың немқұрайлығы мен сылбырлығынан шыққан секілді. Мәселен, елорданың тап іргесінен қоныс тепкен Жібек жолы мен Жалтыркөл ауылдарында су мен электр желісі әлі күнге дейін толық шешімін таппаған. Қостомар ауылындағы ішкі жолдар бірнеше жыл бұрын бекітілгенімен, қағаз жүзіндегі жоспар күйінде қалған. Сондай-ақ Ақбұлақтағы және аудан орталығы Аршалы кентіндегі газ мәселесі тіпті созылып кетті.
Ең сорақысы – аудан орталығын газдандыру жобасының тағдыры бұлыңғыр. Облыстық бюджет қоржынынан 333 миллион теңге сомасында бөлінген іргелі жоба 2025 жылдың қарашасында аяқталуға тиіс болған. Алайда қазір нысанның дайындығы 90 пайызға ғана орындалғаны мәлім болды. Қалған 10 пайыздың, яғни іс жүзінде толық жүзеге асырылмауының салдары мыңдаған тұрғынның табиғи көгілдір отынмен қамтылып, жайлы өмір кешуін кешеуілдете түскен.
Бұдан соң аймақ басшысы аудан әкімінен құрылыс жұмыстарының неліктен кешігіп, уақытында тапсырылмай жатқанын сұрады.
Аудан әкімі Достанбек Есжанов кідірістің себебін жер телімдеріне қатысты құжаттардың кеш рәсімделуімен, инженерлік желілердің сапасыз тартылуымен түсіндірмек болды. Бірақ бұл жауаптар мәселенің түпкілікті себебін емес, салдарын ғана көрсеткендей.
– Халыққа мәселе жөнінде түсініктеме емес, нәтиже керек. Жылу, жарық, су – бұл есеп үшін емес, адамдардың күнделікті өмірі үшін ауадай қажет. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардан «тырысу» емес, іс жүзінде нақты орындалған жұмыс талап етіледі, – деді облыс әкімі.
Сын мұнымен тоқтаған жоқ. Ауданда жол құрылысының қарқыны аса баяу. Әлеуметтік нысандардың құрылысы сағызша созылып, сақалды құрылыстардың қатары көбейген. Соның айқын мысалдарының бірі – үш жылдан бері салынып келе жатқан Мәдениет үйі. Өткен жылы тапсырылуға тиіс болғанымен, нысан құрылысы әлі дайын емес, оның үстіне қомақты қаражаттың басым бөлігі қайтадан бюджетке қайтарылған.
– Адамдар мәдениет ошағының пайдалануға берілгенін күтіп отыр. Ал біз әлі күнге дейін жауапкершілікті бір-бірімізге ысырып келеміз, – деген Марат Ахметжанов жергілікті биліктің жұмысын қатаң сынға алды.
Көпшіліктің пікірі тыңдалды
Жиында қоғамдық пікір де ашық айтылды. Қоғам белсенділері Самал Ким мен Динара Барбасова, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты Руслан Шамкенов аршалылықтарды мазалаған өткір мәселелерді бүкпесіз жеткізді. Оның ішінде халықтың жылдар бойы шымбайына батқан заңсыз қоқыс үйінділері, қаңғыбас иттердің көбеюі, экологияның нашарлауы, ішкі туризмнің тоқырауы, карьерлерді игеру кезінде халық мүддесінің мүлде ескерілмеуі сияқты өткір жайттар аталды. Әсіресе, қиыршық тас өндірісімен айналысатын зауыттардың тым көбейіп кетуінің салдарынан халықтың денсаулығы мен аймақтың экологиялық ахуалына қауіп төнген.
– Әрине, біз жергілікті кәсіпорындардың дамуына еш қарсы емеспіз. Бірақ экология мәселесінде тұрғындардың мүддесі әрдайым екінші орынға ығысып қалмауға тиіс. Кейде мемлекеттік органдар ашық диалогтан қашады. Ал біз тек сын айтып қана қоймай, нақты көмек көрсетуге әзірміз, – дейді жергілікті қоғам белсендісі Самал Ким.
Бұл пікір облыс әкімінің де қолдауын тапты. Жиында жергілікті атқарушы органға экология мәселесіне қатысты бөлек кеңес өткізу тапсырылды. Ал заңсыз қоқыс полигондары бойынша нақты шешім жасалды. Астанадағы қоқыс өңдеу зауытымен келісіп, Аршалы секілді іргелес аудандардан тұрмыстық қалдықтарды қабылдау іс жүзінде жолға қойылмақ.
Кеңес қорытындысында Марат Ахметжанов нақты тапсырмалар жүктеді. Аудан әкіміне барлық ескертуді қысқа әрі нақты мерзімде жою міндеттелді. Бұл жолы бақылау формалды сипатта болмайды. Арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бахтыбек Жапаев, сондай-ақ жергілікті мәслихат депутаттары мен қоғамдық өкілдер енгізілді.
Аршалыдағы жиын аймақтағы өзекті мәселелердің туындауына себепкер болған ақиқатты анық аңғартты. Мәселе қаржы тапшылығында емес, басқарудың жүйесіздігі мен салғырттықтың салдарынан болған. Ақша бөлініп жоспар жасалғанымен, орындау кезінде жауапкершілік жоғалады. Ал жауапкершілік жоғалған жерде халықтың сенімі де сөне бастайтыны сөзсіз.
P.S.
Халықтың жылдар бойы қордаланған ащы жанайқайы көтерілген кеңес – жай ескерту емес, жергілікті атқарушы органға берілген соңғы мүмкіндікке көбірек ұқсады. Жыл сайын қайталанатын құрғақ уәде, бітпейтін құрылыс, шешілмейтін мәселелер жұртты әбден қажытқан. Ендігі жерде облыс билігі мен көпшілік ахуалдың дереу реттелгенін міндеттеп отыр. Ауданның атқамінерлері бұл сенімнің үдесінен шыға ала ма, жоқ па – оны алдағы уақыт көрсетеді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы