16 қаңтар күні Telegram-арналар мен топтарда белгісіз адамдар шамамен 25 мектеп, гимназия және лицейдің атауын атап, сол оқу орындарына шабуыл жасаймыз деген мазмұндағы жазбалар жариялаған.
Шымкенттегі мектептерге шабуыл жасалады деген хабарлама жалған болып шықты
267
оқылды

Шымкент қаласындағы бірқатар мектепке шабуыл жасалады деген әлеуметтік желіде тараған хабарлама жалған болып шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

16 қаңтар күні Telegram-арналар мен топтарда белгісіз адамдар шамамен 25 мектеп, гимназия және лицейдің атауын атап, сол оқу орындарына шабуыл жасаймыз деген мазмұндағы жазбалар жариялаған. Эмоцияға құрылған бұл хабарламалар ата-аналар мен мұғалімдер арасында алаңдаушылық туғызды.

Бірақ қалалық білім басқармасы тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ешқандай жағдай тіркелмеген.

Басқарма мәліметінше, жағдай тиісті қызметтердің бақылауында, ал жалған ақпарат таратқан аккаунттар анықталып, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар тұрғындарды тек ресми дереккөздерге сенуге және тексерілмеген мәліметті таратпауға шақырды.

Қалалық полиция департаменті де бұл хабарламалардың фейк екенін растады. Полиция өкілдерінің сөзінше, мессенджерлерде тараған жаппай қылмыс туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, жағдай толық бақылауда.

Құқық қорғау органдары қасақана жалған ақпарат тарату заң бойынша қылмыс саналатынын еске салды. Мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Ресми органдар тұрғындарды сабыр сақтауға және тек сенімді ақпарат көздеріне ғана сүйенуге шақырды.