Журналистің мәліметінше, өзін Қайрат Сатыбалдының бұрынғы азаматтық жары ретінде таныстырған Асылжан Есенқызы «Ұлыс медиа» жобасына сұхбат берген.
«Білім деңгейі 11 жылдық мектептен аспаған»: Қайрат Сатыбалдының тоқалы алғаш рет сұхбат берді
249
оқылды

Бұл туралы журналист Самал Ибраева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Журналистің мәліметінше, өзін Қайрат Сатыбалдының бұрынғы азаматтық жары ретінде таныстырған Асылжан Есенқызы «Ұлыс медиа» жобасына сұхбат берген. Самал Ибраеваның айтуынша, бұл әңгіме кезекті «тоқал тақырыбын тізбектейтін» подкаст емес, керісінше, шамамен 30 жыл ел басқарған Назарбаевтар әулетінің моральдық болмысы, психологиялық портреті мен құндылықтарын ашып көрсететін мазмұнды сұхбат болған.

Журналистің жазуынша, Қайрат Сатыбалды бір жылдың ішінде қатарынан үш әйел алған. Ал Асылжан Есенқызына үйлену мәселесіне сол кездегі ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қарсы болғаны айтылады. Осыған байланысты арнайы «отбасылық кеңес» құрылып, Сатыбалдының әйелдеріне қатысты мәселелер сол жиында талқыланған көрінеді.

Самал Ибраева бұл жайтты сол кезеңдегі елдің әлеуметтік ахуалымен салыстыра отырып, халық күнкөріс қамымен базар жағалап, қара нан табудың жолын іздеп жүрген шақта, биліктегі әулет тұрмыстық әрі жеке мәселелермен әлек болғанын атап өтті. Сондай-ақ журналист Қайрат Сатыбалдының бір кезеңде ұлттық қауіпсіздік саласына жауапты қызмет атқарғанына назар аударды.

Журналистің айтуынша, бүгінде Қайрат Сатыбалдының бұрынғы азаматтық жары Асылжан ауыр науқас қызын жалғыз өзі бағып отыр. Сұхбат барысында ол жүкті кезінде азаматтық некедегі күйеуінен зорлық-зомбылық көргенін, кейін көліктері мен дүние-мүлкінен айырылғанын, тіпті жалғыз баспанасын да тартып алуға әрекет жасалып жатқанын мәлімдеген.

 

— Қазақстан неге Назарбаевтардың 30 жылдық басқаруынан кейін экономикалық әрі моральдық тоқырауға тап болғанын осыдан байқауға болады. Ең қауіптісі Сатыбалдыны айналасындағы табынушы-шабармандары «монархия болса, елді келесі сіз басқарсаңыз» деп үгіттеген екен.  Бізді Құдай сақтады мүмкін… Адам құқына, әйел хақы мен еркіне, ұрпаққа, елдің құрылымына деген көзқарастары осындай, сұхбатта айтылғандай «білім деңгейі 11 жылдық мектептен аспаған» адам елге тұтқа болса қайтер ек?!-деп жазды Самал Ибраева.