Осы бағыттағы іс-шаралар барысында 14 қаңтар күні Қарағанды қаласында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері арнайы операция жүргізіп, 21 және 39 жастағы екі күдіктіні ұстады.
Қарағандыда есірткі таратты деген күдікпен екі адам ұсталды
164
оқылды

Қарағандыда полицейлер есірткі таратумен айналысқан екі күдіктіні қолға түсірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Қарағанды облысының полиция департаменті есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы кешенді әрі жүйелі жұмыстарды жалғастырып келеді. Осы бағыттағы іс-шаралар барысында 14 қаңтар күні Қарағанды қаласында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері арнайы операция жүргізіп, 21 және 39 жастағы екі күдіктіні ұстады.

Тінту кезінде күдіктілердің тұрғылықты мекенжайларынан бірнеше ұялы телефон, электронды таразылар, қаптама материалдары, сондай-ақ өсімдік және ұнтақ тәрізді есірткі заттары табылып, тәркіленді. Атап айтқанда, жалпы салмағы шамамен 30–40 грамм болатын жасыл түсті спайсқа ұқсас зат салынған 30-дан астам орама, сондай-ақ ақ және қоңыр түсті ұнтақ тәрізді заттары бар, жалпы салмағы 10 граммнан асатын бірнеше орама анықталған.

Тергеу барысында күдіктілердің 2025 жылдың тамыз айынан бері интернет-дүкендердің бірінде курьер ретінде есірткі таратумен айналысқаны белгілі болды. Заңсыз әрекеттерді «StroyKz09» лақап атымен тіркелген белгісіз тұлға ұйымдастырып отырғаны анықталды.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.