ТЖМ ресми ақпарат таратты
Ақтөбе облысында малшы жоғалды
139
оқылды

Мал бағуға кеткеннен кейін жоғалып кеткен адамның іздеу-құтқару операциясы сәтті аяқталды, - деп хабарлайды Aikyn.kz 

ТЖМ ресми хабарламасына сәйкес, ер адамның жоғалғаны туралы хабарлама 17 қаңтарда кешкі уақытта түсті. Белгілі болғандай, 1969 жылы туған жергілікті тұрғын 16 қаңтарда таңертең Ақтөбе облысы Жайсаңбай ауылдық округіндегі Қосбармақ қыстауына мал бағуға шыққан, бірақ қайтып оралмаған. Оның жанында ұялы телефон болмағандықтан іздеу жұмыстары қиынға соқты.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына Актөбе облысының ТЖД, Ұлытау облысының ТЖД, жергілікті атқарушы органдар және полиция қызметкерлері тартылды. Іздеу қиын ауа райы жағдайында, елді мекендерден қашықта жүргізілді, оған жер үсті техникасы, дрондар, кинологиялық топтар, спутниктік байланыс құралдары және авиация қолданылды.

ТЖМ "Қазавиақұтқару" Ми-8 тікұшағымен жүргізілген әуе барлау барысында Қосбармақ қыстауынан батысқа қарай 25 шақырым қашықтықта жоғалған қойшыға тиесілі қой отары анықталды.

Бүгін іздестіру тобының күшімен жоғалған ер адам Қосбармақ қыстауынан шығысқа қарай 60 шақырым далалық аймақтан табылды. Ер адамның жағдайы қанағаттанарлық, медициналық көмекке мұқтаж болмады.