Мемлекет басшысы жаңа жылдық құттықтау сөзінде «Қазақстанның ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады» деген еді.
Еріктінің ісі – елге қызмет
85
оқылды

Аталған бастаманы Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың өзі ұсынған болатын. Жалпы, волонтерлік іс елге қызмет екені айқын. Қаншама көмекті жасап, ел-жұртқа қолұшын беріп жүрген жандардың еңбегін біреу білсе, біреу білмес.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, Мемлекет басшысының бастамасымен ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шешімі бойынша жыл сайынғы Достастық елдері волонтерлерінің форумы ұйымдастырылатын болды. Алғашқы форум биыл Астана қаласында өтеді. Сондай-ақ Қазақстанда волонтерліктің ұлттық инфрақұрылымы да жасақталып жатыр. Ел бойынша Ұлттық фронт-кеңсе мен 20 өңірлік фронт-кеңсе жұмыс істейді, бірыңғай Call-орталық қызмет көрсетеді және Qazvolunteer.kz ұлттық онлайн-платформасы іске қосылған. 2025 жылы елдегі белсенді волонтерлер саны 300 мыңға жуықтады. Олардың қатарында 6 мың «күміс» волонтер және 810-нан астам волонтерлік ұйым бар. Волонтерлердің еңбегін бағалау мақсатында Президенттің бастамасымен «Жыл волонтері» сыйлығы тағайындалды және бұл марапат жыл сайын табысталып келеді. Осы уақытқа дейін Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Ресей елдерінен 297 азамат лауреат атанды. «Игі істер марафоны» жобасы да қоғам тарапынан кең қолдау тапты. 2025 жылы қазақстандықтар 9 мыңнан астам игі іс атқарып, жобаға 40 мың адам қатысты. Қазақстан волонтерлік қозғалыстың негізін нығайтуды жалғастыра береді. Өткен жылы 56 волонтерлік жоба іске асырылып, жергілікті бастамаларды дамыту үшін 60 шағын грант бөлінді.

Ұлттық волонтерлер фронт офисінің менеджері Айдана Мақышева маңайдағы  елдермен волонтерлік байланыс нығайып, Орталық Азиядағы еріктілердің тәжірибе алмасу бағытында іс-шаралар ұйымдас­тырылып жатқандығынан хабардар етті. Сондай-ақ Халықаралық волонтерлер жылында көптеген өзгеріс болмақ. 

– Елімізде Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен  Халықаралық волонтерлік орталығы жұмысын атқаруда. 2025 жылғы атқарылған жұмыстар нәтижесінде халықаралық серіктестер саны артуда. Жыл аясында қазақ делегаттарымен арадағы ынтымақтастықты нығайту және жаңа әріптестермен  байланыс орнату мақсатында Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан, Түркия және Армения мемлекеттеріне іссапарлар жасаған болатын. Қазір Түрікменстандағы ұйыммен волонтерлікке байланысты  келіссөздер жүргізілуде. 2025 жылы Орталық Азия волонтерлерін жинаған ауқымды онлайн және офлайн іс-шаралар өтті. Мемлекет басшысыны ұсынысымен Халықаралық волонтерлер жылы болып жариялануына байланысты осы жылы көптеген ауқымды жоба мен тәжірибе алмасу мақсатында іс-шаралар болады деген сенімдеміз, – деді фронт офисінің менеджері. 

Ұлттық волонтерлер фронт офисінің мәліметінше, жылдан-жылға елімізде волонтерлікке деген қызығушылық артуда. Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2023 жылы волонтерлер саны 240 мың, 2024 жылы 275 мың және 2025 жылы 300 мыңнан асып жығылған. Еліміздің әр өңірінде волонтерлікті қолдау және дамыту мақсатында аймақтық фронт-офистер жұмыс істейді. Сонымен қатар мемлекет тарапынан волонтерлік қозғалысты дамытуға арналған түрлі грант, оқыту, форум өтуде. Жыл сайын белсенді волонтерлерді марапаттау мақсатында «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы ұйымдастырылып келеді. 2025 жылы әлеуметтік маңызы бар 15 номинация бойынша 47 волонтер және волонтерлік ұйымдар сыйлық иегері атанып, Астана қаласында арнайы марапат­талған болатын. Басты мақсат – волонтерлерді ынталандыру, қоғамдық қызметін айшықтау. 

Елде волонтерлік іспен шұғылдануға барынша жағдай жасалған. Ерікті болу үшін Ұлттық волонтерлік фронт-офисінің ресми сайтында волонтер ретінде тіркелу қажет. Мемлекет тарапынан волонтерлерді қаржылай да қолдау жалғасын таба бермек. Әсіресе, өңірлерде еріктілерге барынша жағдай жасалып жатыр екен. Алматы облысы жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Қабдоллина Диляраның сөзіне қарағанда, жыл сайын Ұлттық волонтерлік фронт-офистен «Игі істер марафоны» жобасы мен  «Жыл волонтері» номинацияся бойынша өңірдегі волонтерлерді марапаттау рәсімі өтіп, сол аталмыш марапатқа 2025 жылы Алматы облысы «Ең мейірімді аймақ» номинациясын жеңіп алды. Облыс көлемінде 8 волонтер әртүрлі жұмыстағы көрсеткіштері арқылы марапатқа ие болған. Демек, аймақтарда да волонтерлік іс қарқынды жүзеге асып жатыр дегенді аңғартады.

– Волонтер – бұл өз еркімен, ішкі ниетімен қоғам игілігі үшін қайтарымсыз негізде көмек көрсететін азамат. Волонтерлік қызметпен айналысу үшін азаматтарға Ұлттық волонтерлік фронт-офисінің ресми сайтында волонтер ретінде тіркелу ұсынылады. Сонымен қатар өңірлік волонтерлік ұйымдармен және жастар ресурстық орталықтарымен байланыс орнатып, олардың ұйымдастыратын іс-шараларына белсенді түрде қатысу қажет. Ұлттық волонтерлік фронт-офис және 20 өңірлік фронт-офис өз қызметін атқарып, волонтерлерге ұйымдастырушылық, ақпараттық және консультациялық қолдауды көрсетуде. Біріктірілген Qazvolunteer.kz платформасы арқылы волонтерлерді тіркеу және жобаларды үйлестіру жүзеге асырылуда.  Сонымен қатар мемлекеттік органдар волонтерлік жобаларға шағын гранттар бере отырып, бастамаларды қаржылай қолдап келеді, – деді ол.

Тоқетері, елде волонтерлікті қолдау мақсатында республикалық фронт-офис жұмыс істейді, ел бойынша еріктілердің саны 300 мыңнан асты, былтыр 9 мыңнан астам игі іс атқарылған, биыл осы үрдіс жалғаспақ. Біздің елдің ұсынысымен биыл әлемде еріктілер жылы жарияланды. Демек, жүрегі жылы, қоғамға қамқор жандардың ерікті ісі елге үлгі бола бермек.

Олжас ЖОЛДЫБАЙ