Мақсат – оқиғаның қалай болғанын талдау емес. Былтыр Қылмыстық кодекске «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабы қосылса да, халықтың заңға селқос қарауының себебін анықтау. Қыршыннан қиылған ғұмыр мен арын таптатқан аруға араша бар ма? Осы сұрақтың жауабын АЛАҢ айдарында сарапшылардан сұрадық.
– Жақында әлеуметтік желіде 17 жастағы қызды өз еркінсіз танымайтын адамдардың алып қашқаны жарияланды. Қыз кәмелетке толмағанын, ата-анасының басқа қалада екенін айтса да, жиналған үлкендер оны жібермей бір күн ұстаған. Жәбірленуші сол жерде зорлық көргенін де жасырмады. Жалпы, қыз алып қашуды «дәстүр» деп ақтап алу қаншалықты дұрыс?

Мұрат ӘБЕНОВ,
Мәжіліс депутаты,
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:
– Мен қыз алып қашу мәселесін он шақты жылдан бері көтеріп келе жатырмын. 1956 жылы шыққан Қылмыстық кодексте Қазақстанда қыз алып қашуға қатысты арнайы бап бар болатын. Кейін біз зайырлы, демократиялы мемлекет боламыз деп, «қыз алып қашу бізде жоқ» деп Қылмыстық кодекстен егемендік алғаннан кейін алып тастадық. Соның салдарын қазір көріп жатырмыз. Осы уақытқа дейін соңғы 5 жылда қыз алып қашуға байланысты түскен 256 шағымның оны сотқа барып, бесеуі ғана сотталған. Қалғанының бәрін босатып жіберген. Неге? Қылмыстық кодексте 125-бапта ғана «Адам ұрлау» бойынша қылмыс жазылған. Осы уақытқа дейін бәрі қыз алып қашуды «адам ұрлау» ісімен қарастырып келді. Бірақ адам ұрлау фактісі біреуді қорқытып, ақша талап ету кезінде немесе кек алу үшін жасалатын қылмыс. Ал қыз алып қашудың себебі басқаша. Біреудің қызын зорлықпен алып қашып, әйелдікке алу. Ендеше, дәл осылай психикаға әсер ету басқа қылмыстың санатында қаралуға тиіс. Жоғарыда айтқан 125-баптағы Адам ұрлау қылмысының бір қосымшасы қыз алып қашқан қылмыскерлердің іс-әрекетін жоққа шығарады. Онда былай жазылған: «Егер адам өз еркімен ұрлаған адамды жібере салса, онда ол жауапқа тартылмайды» дейді. Сонда қызды алып қашып, үйінде бірнеше күн ұстап, қорқытып, ұйымдасқан түрде қызбен келісім жасап, ата-анасына адам жібереді. Егер ұрлағандарға қыз көнбесе, Шымкенттегі 17 жастағы қыздың оқиғасындай «өз еркіммен келдім» деп жаздырып, қол қойдырып алады. Қызды жібере салғаннан кейін, құқық қорғау органдары да қылмыскерлерге ешқандай шара қолдана алмайды. Былтыр Президенттің қолдауымен Мәжіліс отырысында қыз алып қашуға байланысты жаңа заң жобасы әзірленді. Жаңа заңға сәйкес, енді Қылмыстық кодекске «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабы қосылып отыр. Ендігі жерде, қыз алып қашқандарға екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегіледі, екі жылға дейін бас бостандығы шектеледі не сол уақытқа түрмеге отырады. Егер қыз алып қашу оқиғасында күш қолданылса, кәмелетке толмаған адамға қатысты болса, топтаса жасалса 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Алда-жалда қыз алып қашу кезінде жәбірленуші абайсызда ауыр зардапқа ұшыраса, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар Үкіметтің ұсынысы бойынша адамды ұрлаған тұлға оны өз еркімен босатса да, оның әрекетінде басқа қылмыс құрамы болмаса да, қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды. Міне, бұл өзгерістер заңға 2025 жылы енгізілді. Бірақ жоғарыдағы оқиғада кінәлі Шымкент қаласының полициясы. Олар бұған дейін 21 жаста қайтыс болған қызды ұрлағандарға шара қолданбаған. Әке-шешесі арыз жазса да, ескерусіз қалдырған. Сондықтан Шымкенттің полициясы заңды толық жүзеге асырмай отыр деп айта аламын.

Әлімжан ЖҰБАТҚАНОВ,
заңгер:
– Мұндай әрекетті ешқандай жағдайда «дәстүр» деп атауға болмайды. Дәстүр дегеніміз – екі тараптың да ерікті келісіміне негізделуі керек. Ал адамды күштеп алып кету, бостандығынан айыру, қысым көрсету – бұл қылмыстық құқықбұзушылық. Әсіресе, жәбірленушінің кәмелетке толмағаны жағдайды одан әрі ауырлатады. Сонымен қатар бұл әрекетке қатысқан үлкендер мен таныстардың рөлі де маңызды. Көбінесе жәбірленушіні ұстап тұруға көмектескен адамдар немесе «ұйғарғандар» қылмысты жеңілдететін уәж бере алмайды. Заң бойынша адамдар тобы болып жасалған әрекет ауырлататын жағдай болып саналады.
Қылмыстық заңнамада қыз алып қашуға қатысты нақты жауапкершіліктер бар. Атап айтсақ, 2025 жылы Қылмыстық кодекс 125-1-баппен – «Некеге тұруға мәжбүрлеу» толықтырылды. Бұл бап қыз алып қашуды нақты қылмыс ретінде бекітті. Адамды күш қолдану, қорқыту немесе бопсалау арқылы некеге мәжбүрлеу үшін жауапкершілік қарастырылған. Егер бұл әрекет күш қолдану арқылы, кәмелетке толмаған адамға қатысты, не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы жасалса, заң бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал егер мұндай әрекеттер абайсызда ауыр зардаптарға әкелсе, жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтірілсе немесе өлім жағдайы орын алса, жаза 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде күшейтіледі.
Егер алып қашу кезінде немесе одан кейін жыныстық зорлық жасалса, бұл жағдайда қылмыстар бөлек сараланады. Некеге мәжбүрлеу – бір қылмыс, ал жыныстық зорлық – Қылмыстық кодекстің 120-бабы – «Зорлау» бойынша қаралады. Зорлау үшін 5 жылдан 8 жылға дейін, ал кәмелетке толмаған адамға қатысты немесе адамдар тобы болып жасалса, 12 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Яғни, қыз алып қашу зорлықты ешқашан ақтамайды.

Әйгерім ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
заңгер, феминист:
– Біз үнемі айтып жүретін және Қазақстан Республикасының Конституциясының бірінші бабында айтылғандай, Қазақстан – құқықтық мемлекет болғандықтан, кез келген әрекет құқықтық тұрғыда шектелуі керек, шешілуі керек. Яғни, кез келген азаматтық-құқықтық қарым-қатынастарда орын алатын әрекеттер – ол қыз алып қашу, қаржылық алаяқтық, хорасмент, сексизм болсын – «ол мәдениет еді», «дәстүр еді», «менталитет еді», «біздің тәрбиемізде бар еді» деген ақтаусыз, тек қана заң мен тәртіп шегінде реттелуі керек. Құқықтық мемлекеттің анықтамасы – осы. Қоғамның барлық саласындағы кез келген қатынас шешілген кезде, оның соңғы қаралатын инстанциясы – әжелердің, аталардың, ардың, ұяттың соты емес, заңның алдында құқықтық жауапкершілік болуы керек.
1997 жылы Қазақстан Республикасының сол кездегі Қылмыстық кодексінен қыз алып қашу бабы алып тасталғаннан бері кез келген азаматтық белсенді, адам құқықтары саласында жүрген мамандар осы мәселені айтып келе жатыр. Соның 2025 жылы заңға енгізілгеніне қуану керек пе, білмеймін. Әлбетте, алға басатын қадам. Алайда, егер 1997 жылы соны Қылмыстық кодекстен алып тастамағанда, мүмкін мыңдаған қыздың тағдыры сынбас па еді?! 1997 жыл мен 2025 жылдың аралығында «алып қашу» деген бөлек бап болмағандықтан, Қазақстанда нақты қанша қыздың өзінің еркінен тыс күшпен ұрланғанын, қанша қыздың отбасы содан кейін бүлінгенін біле алмаймыз. Оны ешбір экономист, ешбір статист есептеп бере алмайды.
Қазіргі Қылмыстық кодекстің 125-бабы «Адам ұрлау» деп аталады. Бірақ біз қыз алып қашудың Қырғызстандағыдай, Әзербайжандағыдай бөлек бап болуын талап еткен болатынбыз. Дәл қазіргі өзгеріс бойынша бұл бап «Қыз алып қашу» емес, «Некеге тұруға мәжбүрлеу» деп аталады. Яғни, «қыз» деген сөз жоқ, адамның жынысы аталмайды. «Қыз алып қашу» деген баптың сипаттамасының болмауынан-ақ бұл жерде акцент «қыз алып қашуға» қойылған деп айта алмаймын. Әлбетте, адам ұрлаудың және қыз алып қашудың объективті, субъективті құқықтық мотивтері әртүрлі болғандықтан, Қазақстанда қыз алып қашу бойынша құқықтық статистика жүргізілмегендіктен және бұл заң қабылданғаннан кейін Қазақстанда қыз алып қашу мынанша пайызға азайды деп айта алмаймыз. Себебі Қазақстан Республикасының құқықтық қарым-қатынасын тек қана заң реттей алмағандықтан, кейбір өңірде ол әлі де дәстүр, мәдениет, тарих, «атадан қалған із», «әжеміз де солай отбасылы болған» деген сияқты ұғымдармен ақталатындықтан, тек қана бір бапты енгізу арқылы мәселе шешіліп кетеді дей алмаймыз. Ол кешенді түрде әр тарапта жүргізілетін жұмыс.
– Былтыр Алматыда қыз алып қашып бара жатқан көлік апатқа ұшырап, бойжеткен қаза тапты. Сол уақыттарда Мәжілісте дәл осы мәселеге қатысты заң жобасы қаралып жатқан еді. Осылайша, Қылмыстық кодекске «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабы қосылды. Оған дейін де алып қашу Қылмыстық кодексте адам ұрлау фактісі ретінде қаралып жүрді. Тіпті қыз алып қашу көбіне сталкингтің шегіне жеткен, ең ауыр формасы екені де белгілі. Адамдар заңды білмей ме әлде қорықпай ма?
Мұрат ӘБЕНОВ:
– Қыз алып қашқандар 10 жылға дейін сотталады деп шешім қабылдасақ та, қыз зорлағандар бұдан аз 3-8 жылға қамалады немесе одан да кем. Сондықтан біз қыз зорлағандарға да жауапкершілікті көтеруіміз керек. Қыз ұрлауға қатысты заң өткен қыркүйекте ғана күшіне енді. Көбісі білмеуі мүмкін. Сол себепті азаматтарға түсіндіріп айтуымыз керек және бұл заңды орындамаған құқық қорғау органдары-ның басшыларын жауапқа тартуымыз қажет.
Қыз алып қашуды біз үш деңгейге бөлдік. Қылмыс ашылмай қалмауға тиіс. Зерттеп көргенімізде, қыз алып қашу алдында бірнеше қылмыстың басталатынын байқадық. Біріншісі, қылмыскер қыздарды әлеуметтік желі арқылы аңдып бастайды. 2024 жылы осы бойынша Қылмыстық кодекске «Он алты жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиісу» деп аталатын 121-1-бапты енгізуді ұсындым. Кәмелет жасқа толмаған қыздарға түрлі сурет жіберіп, мәжбүрлеу мақсатындағы әңгімелер айтатындар көп. Бұл да қыз зорлаудың бастапқы белгілері. Бұл бапты Қылмыстық кодекске кіргіздік, қазір жауапкершілікке тартылады. Бұл – бірінші деңгей. Одан кейін сталкинг басталады. Бұл – кәмелет жасқа толған азаматшаны әлеуметтік желі арқылы бопсалап, артынан аңду. Шымкенттегі қайтыс болған 21 жастағы қыз әу баста осы сталкингке ұшыраған. Сондықтан азаматшалар желіде, өмірде қандай да бір қысымға тап болса, бірден, ойланбай сталкинг бойынша шағымдануы керек. Әріптесім Абзал Құспан сталкингті зерттеп, шетелдік тәжірибемен салыстырып, Мәжілісте ұсыныстар жасады. Осылайша, азаматтардың жеке бас бостандығын қорғау жөніндегі шараларды күшейту мақсатында және «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде 2025 жылғы 16 шілдеде Мемлекет басшысы Қылмыстық кодекске 115-1 – «Сталкинг» жаңа бабы енгізілген заңға қол қойды. Сталкингті дәлелдеу үшін, жәбірленуші кемі 5-6 рет қылмыскердің мазалағаны жайлы факті тіркеуі және сол кездерде «мазаламауын ашық айтуы» керек. Сондай-ақ қылмыскердің зиян келтіруі де дәлелденеді. Мысалы, сталкинг жасаушының салдарынан бойжеткен сабаққа бара алмай, сыртқа шыға алмай қалуы мүмкін. Сталкинг жасаушыға полиция бастапқыда жазбаша ескерту жасауы, екінші рет қайталаса қамауға алуы мүмкін. Бірақ осындай ұсақ қылмыстың соңы қыз зорлауға немесе алып қашуға ұласады. Сол себепті былтыр 125-1 бап, яғни «некеге тұруға мәжбүрлеу» қылмысы кодекске енгізілді.
Әлімжан ЖҰБАТҚАНОВ:
– Қылмыстың алдын алу үшін жазаны күшейту жеткіліксіз. Бұл жерде басты мәселе – құқықтық сауат. Мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында некеге тұрудың құқықтық негіздері, ерікті келісім ұғымы, жеке шекара және қылмыстық жауапкершілік туралы жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет. Жастар заңды біліп өссе, мұндай әрекеттерге барудан қорқады әрі оның салдары қандай болатынын түсінеді.
Сонымен қатар қыз алып қашу – қоғамға қауіпті қылмыс болғандықтан, мұндай істер бойынша тараптардың татуласуына немесе кешіріміне сүйеніп істі тоқтату қолданылмайды. Әсіресе, әңгіме кәмелетке толмаған адамға қатысты, күш қолдану арқылы немесе адамдар тобы болып жасалған некеге мәжбүрлеу туралы болса, жәбірленушінің кейінгі кешірімі кінәлілерді қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды.
Қыз алып қашу көбіне сталкингтен басталады.Тәжірибеде бұл жиі кездеседі. Қызды аңду, артынан қалмау, қайта-қайта мазалау, қысым көрсету – мұның бәрі сталкинг белгілері. Осыған байланысты Қылмыстық кодекске 115-1-бап – «Сталкинг» енгізілді. Бұл бап бойынша 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамаққа алу жазасы көзделген. Сталкинг белгілері байқалған сәттен бастап полицияға жүгіну ауыр қылмыстардың алдын алады.
Әйгерім ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ:
– 2025 жылы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 125-1-баппен («Некеге тұруға мәжбүрлеу») толықты. Алайда заңнамада арнайы бап пайда болғанымен, қыздарға қатысты қоғамдық көзқарас пен жыныстық-гендерлік зорлықтың мәдени қабылдануы өзгермей тұр. Қайтыс болған 21 жастағы Нұрай сол құрбандардың бірі әрі өкініштісі де сол, соңғысы деп те айта алмаймыз. Белгілі психолог Альберт Бандураның әлеуметтік үйрену теориясы бойынша, адам мінез-құлқы тек тікелей тәжірибе, жазалау немесе мадақ арқылы ғана емес, басқалардың әрекетін бақылау арқылы да қалыптасады. Бұл құбылыс ғылымда бақылау арқылы үйрену (observational learning) деп аталады. 1961-1963 жылдары жүргізілген әйгілі Bobo Doll тәжірибесінде балаларға ересек адамның агрессивті әрекеті көрсетілді. Кейін балалар ойын бөлмесіне жіберілгенде модельденген әрекетті сол күйінде қайталағаны, кейбірінің қосымша агрессия ойлап тапқаны байқалды.
Бұл тәжірибе зорлықты тек тікелей көрудің өзі мінез-құлық моделін қалыптастыратынын дәлелдеді. Бандура бұл құбылысты жалпылап, медиа тек ақпарат бермей, мінез-құлық үлгілерін ұсынады деп пайымдады. Егер агрессиялық әрекет жиі көрсетілсе, жазаланбаса немесе марапатталса, онда ол қалыпты модель ретінде қабылдануы мүмкін.
Бүгінгі медиа алаңда бұл механизм мынадай тізбекпен сипатталады. Яғни, зорлықты көп көру эмоционалдық сезімталдықты төмендетеді (десенситизация), зорлықты әлеуметтік тұрғыда қалыптыға айналдырады (нормализация), мінез-құлықты меңгеруге жағдай жасайды (үйрену).
Гендерлік зорлық туралы контент көбіне агрессорды әрекет етуші субъект, әйелді объект немесе құрбан ретінде бейнелейді. Бұл ұзақ мерзімде гендерлік нормаларды қайта өндіруді күшейтеді. Сол үшін кез келген зорлыққа қатысты бейнені не ақпаратты бөлісуге асықпау керек. Зорлыққа қарсы күрес тек заңға емес, санаға сүйенсе ғана нәтиже береді.
– Статистикаға сүйенсек, соңғы бес жылда қыз алып қашу фактісі бойынша 256 шағым түскен. Соның тек бесеуі ғана сотқа жетіпті. Ендеше, қыз алып қашуды ұйымдасқан қылмыстық топ құрумен бірдей деңгейде қатаң жазалау керек пе?
Мұрат ӘБЕНОВ:
– Жоғарыда айтқанымдай, қыз алып қашқандарды 10 жылға дейін бас бостандығынан айырдық. Бірақ қыз алып қашумен бірге қызды зорлағандардың да жазасын ауырлатуымыз керек. Бұл мәселенің ескерілмей қалғаны біздің кінәміз екенін мойындаймын. Қазір қыз зорлағандар 3-8 жыл арасында ғана сотталады. Бұл жерде қылмыскерлер қызды алып қашып, зорлап, аз жауапкершілік арқалауға ұмтылуы мүмкін. Сондықтан жақын арада Қылмыстық кодексте қыз зорлауды аса ауыр қылмыс деңгейіне жеткізу мәселесін ұсынамын. Өкінішке қарай, құқық қорғау органдары көп жағдайда қыз алып қашуды, зорлауды қылмыс деп санамайды. Көп адамдар 125-1 бапты енгізген кезде «қыз алып қашу – дәстүр» деп қарсы болды. Бұрын қазақта ата-анасы тұрмысқа шығуына келісім бермесе, қыз өзі жігітпен келісіп қашатын. Басқа жағдайларда жігіт қызды зорлап, өзіне әйел етсе, өлім жазасына дейін кесілген. Екі әулет, екі ру сол үшін соғысуға дайын болған. Өйткені қазақта қыздың орны төрде болған. Ал қазір қыздардың құқығын отбасы ғана емес, мемлекет те қолға алып қарап отыр. Ең көп қыз алып қашу оңтүстік облыстарда жиі кездеседі. Былтыр Түркістан облысында 13 қыз алып қашу тіркеліпті. Менің ойымша, аймақтағы полиция қыз алып қашуға немқұрайды қарайды. Егер қызды топтасып алып қашатын болса, онда қылмыскерлер 8 жылға бас бостандығынан айырылады. Бұлардың ішіне – көлік жүргізуші, үйде күтіп алған апалар, жеңгелер бәрі кіруі керек. Ешқайсын аямауымыз қажет. Оның барлығы – қылмыскер. Шымкенттегі 17 жастағы қыздың оқиғасында, оны жібермей әңгімеге тартқан әжелерді де сотқа дейін 2 ай түрмеге қамап қою керек. Біреудің өсіріп отырған қызын жасы үлкен болса да сол әжелер басқа бөлмеге кіргізіп, зорлауға мүмкіндік берген. Алып қашқан жігіттің сыбайласы болған. Міне, осылай қатаң қарамасақ, қоғам өзгермейді.
Әлімжан ЖҰБАТҚАНОВ:
– Қазіргі заңнама бойынша қыз алып қашу әрекеттері үшін жауапкершілік жеткілікті деңгейде қатаңдатылған. «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабының екінші бөлігінде адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы жасалған әрекеттер ауырлататын жағдай ретінде нақты көрсетілген және ол үшін 3 жылдан 7 жылға дейін, ал ауыр зардаптар болған жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сондықтан мұны ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде бөлек қарастырудың қажеті жоқ. Негізгі мәселе – құқықтық сауаттылықтың төмендігі және заңның толық қолданылмауы. Көп адам қыз алып қашуды әлі де «дәстүр» деп қабылдайды. Себебі бұл заң тек 2025 жылы қабылданып, күшіне енді. Егер заң бұрыннан белгілі болса, мұндай әрекеттерге ешкім бармас еді. Қазір заңның толық жұмыс істеуі арқылы мұндай жағдайларды алдын алу мүмкіндігі бар және алдағы уақытта қыз алып қашу оқиғалары азайып, қоғамда тоқтайды деп ойлаймын.
Әйгерім ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ:
– Қыз алып қашуды қылмыс ретінде қарастырған кезде құрбым Қалида Жолыдова: «жолда жатқан әжейлерді де жауапқа тартайық» деп ұсынды. Негізі, қылмыстық бапта «топтасқан қылмыс» деген бұрыннан бар. Бірақ ол жерде әжелерді жауапқа тартпайды. Мен бұл жерде әжелерді кінәлаудан сәл аулақ болатын едім. Себебі, ол апалардың басқа көрген моделі жоқ. Өздері солай келді, өздері өз заманының құрбаны. Оларды екінші рет жазалайтын болсақ біздің әділеттігіміз қайда?
Қазір ақпараттық-мәдени жұмыстар жүргізілуі керек. Жарнамада болсын, телеарнада болсын – кез келген жерде қыз алып қашу қылмыс екенін айта беру қажет. Бұрын ол атадан қалған дәстүрге баланып келді. Ол дұрыс емес. Ол туралы этнографтар да, тарихшылар да айтқан. Қыз бен жігіттің әке-шешесі үйленуге рұқсат бермеген кезде, бірге қашып кетуі – басқа мәселе.
Ал бізде Қазақстанда етек жайған дүние – танымайтын қызды өзінің еркінен тыс алып кетуі немесе сыртынан біліп жүрген жігіттің әйел ету мақсатында қызды күшпен алып кетуі. Қыздардың осыны біле тұра, өзін танымайтын, сүймейтін адамдармен отбасы құрып кетуі, төзіп кетуі қоғамның үлкен дерті болды. Неліктен? Себебі бізде «қызға қырық үйден тыю», «қыздың жолы жіңішке» деген мақалдарға қарап, біз қыздардың отбасылық өмірі, некесі зорлықпен басталуы қалыпты деп қабылдап келдік.
Кез келген заң қоғамды бүгін-ертең өзгерте алмайды. Заң – өте конструктивті, өте консервативті жүйе. Яғни, заңның іске асуын, оны халықтың қабылдауын, оған бейімделуін анықтайтын мамандар: психологтар, әлеуметтанушылар, антропологтар сынды бүкіл ғалымдар, азаматтық қоғам – барлығымыз бірге жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Қыз алып қашудың қылмыс екенін, оның салдары жайлы көбірек айту, қыз алып қашу жайлы киноларды көрсету арқылы, санамызда жылдар бойы қалыптасқан «ата-бабамызда қыз алып қашу дәстүрі болған» деген сөзді жоққа шығаруға тура келеді. Бұл – қиынның қиыны.
Дайындаған Көктем ҚАРҚЫН