Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентке өту межесі жайлы айтты. Ол бұл туралы Қызылордада өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөз сөйледі, – деп хабарлады Aikyn.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Осы ұстаныммен жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квотаны қоса алып тастауды ұсынғандар болды. Бірақ бұл – мүлде басқа мәселе. Бұл квота – әлеуметтік әділдік қағидатының айқын көрінісі, сондай-ақ еліміздегі барлық қоғамдық-саяси өкілдерді ескеретін маңызды талап. Сол себепті, осы квоталарды өзгеріссіз сақтап қалуды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, партиялардың Парламентке өту межесін қазіргі бес пайыздан жеті пайызға қайтару қажет деген ұсыныс та айтылған.
– Бұл ереже кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен қабылданған болатын. Бес жыл бұрын енгізілген осындай өзгерістер сайлау заңнамасын жақсартуға едәуір септігін тигізді. Межені төмендету арқылы Парламенттегі ірі саяси күштердің үстемдігін азайтып, партиялар арасындағы бәсекені күшейтуді мақсат тұтқан едік. Бүгінде осы норманың тиімділігіне көзіміз жетті. Ел тарихында алғаш рет Мәжіліске алты партияның өтуі – соның айқын дәлелі. Сондықтан мен бес пайыздық межені қалдырған жөн деп санаймын, – деді ол.