Жаркент қаласында 5 жасар баласына қатыгездік көрсеткен әйелдің күйеуі оқиғаның мән-жайын айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін әлеуметтік желіде кішкентай баланы жылу батареясына байлап, ұрып-соғып жатқан ананың видеосы тараған еді. Балалардың әкесі Таир Курваншановтың айтуынша, бейнежазбаны отбасымен бірге тұратын таныстарының бірі түсірген.
Ер адамның сөзінше, әйел баланы кіші дәретке жіберіп қойғаны үшін жазалаған. Ол дүкеннен үйге келген соң, танысы видеоны оңаша көрсеткенін айтады.
«Үйде сыныптас қыз бар, сол видеоға түсірген. Мен дүкеннен келгеннен кейін ол видеоны көрсетті. Көрдім, бірақ сол сәтте әйелімнен не үшін ұрдың деп сұрамадым. Кейін видеоны өзім жан-жаққа тарата бастадым», – дейді балалардың әкесі.
Таир Курваншанов пен оның жұбайының екі баласы бар. Ер адамның айтуынша, әйелінде психологиялық диагноз бар әрі соңғы уақытта оның мінез-құлқы күрт өзгере бастаған.
«Бұрын бәрі жақсы болатын, балаларды ұрмайтын. Кейде ғана шапалақпен ұрып қоятын. Кейін балалардың беті көгеріп жүрді. Сұрасам, бір-бірімен төбелесті дейді. Бірақ екі баланың бірін-бірі сонша көгертуі мүмкін емес қой. Әйелім – үшінші топтағы мүгедек, психологиялық диагнозы бар», – дейді ол.
Сондай-ақ ер адам шамамен екі апта бұрын ажырасуға өтініш бергенін жеткізді.
«Заңды некедеміз. 10-15 күн бұрын ажырасуға арыз бердім. Ана құқығынан айырылып, балалар менің қолымда қалсын деп талап еттім», – деді ол.
Видео желіге тарағаннан кейін полиция тексеріс жүргізіп, 28 жастағы әйелдің балаға дене жарақатын салғанын анықтаған. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, әйел полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Белгілі болғандай, ерлі-зайыптының екеуі де Жаркент қаласындағы №4 арнайы мектеп-интернатта тәрбиеленген. Әйел – жетім, ал күйеуі ата-ана қамқорлығынсыз өскен. Қалалық әкімдік өкілдерінің мәліметінше, ерлі-зайыпты психоневрологиялық диспансерлік есепте тұрған.
«18 қаңтар күні түнгі сағат 23:30 шамасында бұл отбасы Отбасын қолдау орталығына жеткізілді. Балалар медициналық тексеруден өтті, ал анасы полиция бөлімшесінде қалды», – деп хабарлады әкімдік.
Балалардың жасы – 4 және 2-де. Қазіргі таңда олар Жаркент қаласындағы Отбасын қолдау орталығына орналастырылған.