Қазір елдегі газдандырудың ең жоғары деңгейі сол отынды өндіретін батыс өңірлер екені белгілі. QazaqGaz ұлттық компаниясының мәліметінше, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында халықты газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жуық. Бұлардан бөлек, Алматы мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында да көрсеткіш жоғары. Жетісу облысында газдандыру кейінгі жылдары қарқынды жүріп, 67,9 пайызды көрсетті. Талай жылдан бері бұл отынға енді ғана қол жеткізген Астана қаласының да жағдайы жаман емес. Энергетика басқармасының дерегінше, жеке тұрғын үй секторындағы 22 мың үйдің шамамен 20 мыңы газға қосылуға мүмкіндік алған. Осыған байланысты қаланың жалпы газбен қамтылу деңгейі 95 пайыз шамасында бағаланады.
Тек елде газ жағатын үй көбейген сайын жүйенің жүктемесі де артып барады. Оны статистика да көрсетіп отыр екен. Айталық, осыдан шамамен он жыл бұрын елдегі тауарлық газды тұтыну көрсеткіші 13,7 млрд текше метр болса, 2020 жылы 16 млрд, 2022 жылы 19,3 млрд текше метрге жеткен. Ал былтыр ел тұрғындары 21,6 млрд текше метр газ жаққан. Сайып келгенде 8 жылдағы өсім 50 пайыздан асып түсіп отыр.

© инфографика: Елдар ҚАБА
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, енді газбен қамту көрсеткішін 2035 жылға қарай 80 пайызға жеткізу жоспарланған. Осыған байланысты салалы министрлік арнайы Жол картасын дайындап жатыр. Әзірге елді газдандыру жұмыстары 2035 жылға дейінгі Бас схема аясында жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыт азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдауға және елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
Ербол ТҰРЫМБЕТ
