Әлеуметтік маңызы бар тауарлар (ӘМАТ) тізбесі уақытша кеңейтілді, – деп хабарлады Aikyn.kz сайты. Бұл туралы Астана бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ғалымжан Ильясов мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл халық үшін ең көп сұранысқа ие өнімдердің қолжетімділігін арттыру және баға тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
– Тізімге ең қарапайым, бірақ халық күн сайын тұтынатын өнімдер енгізілді. Дәл осы тауарлардың қымбаттауы азаматтардың наразылығын тудырып отыр, өйткені баға өссе де, адамдар оларды сатып алуға мәжбүр. Сондықтан бұл өнімдер баршаға қолжетімді болуы тиіс. Сондай-ақ сауда субъектілері үшін сауда үстемесінің 15 пайыздан аспайтын шекті мөлшерін сақтау талабы енгізіледі, – деді департамент басшысы Астана қаласының Коммуникациялар қызметі алаңында.
Ғалымжан Ильясов ӘМАТ тізіміне енген тауар өндірушілер мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізе алатынын да атап өтті. Атап айтқанда, жеңілдетілген тасымал, тұрақтандырылған коммуналдық тарифтер, айналым қаражатын жеңілдікпен қаржыландыру және өзге де қолдау тетіктері қарастырылған.
Спикердің айтуынша, тізімнің кеңеюі ең алдымен аралық делдалдарға әсер етеді, өйткені баға шектеулері олардың маржасының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бұл көтерме және бөлшек сауда өкілдерінің белгілі бір наразылығын тудыруы ықтимал.
– Бағаның өсуін шектеу және баға белгілеудің ашық ережелерін енгізу әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділігін арттырады. Бұл әсіресе әлеуметтік осал топтар үшін маңызды. Нәтижесінде, нарық неғұрлым тұрақты әрі тұтынушылар үшін болжамды бола түседі, – деп түйіндеді ол.