Ұлттық құрылтайдан кейінгі бетбұрыс: Президент ұсынған реформалар жаңа саяси жүйенің негізін қалап жатыр

Президент реформаларының мәні мен болашағы туралы Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов әріптестеріне арнаған үндеуінде кеңінен тоқталды.

Ұлттық құрылтайдың соңғы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің саяси құрылымын түбегейлі өзгертетін бірқатар ауқымды бастама  ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Президент реформаларының мәні мен болашағы туралы Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов әріптестеріне арнаған үндеуінде кеңінен тоқталды.

«Қадірлі әріптестер! Кеше біз Мемлекет басшысының тарихи бастамаларының куәсі болдық. Бір топ әріптесімізбен бірге Ұлттық құрылтай отырысына қатыстық. Бәріңіз Қасым-Жомарт Кемелұлының сөйлеген сөзімен таныстыңыздар. Онда айтылған сөздердің барлығы мемлекеттігімізді бекемдеуге, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталған. Президенттің әр реформасы, әр бастамасы “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” деген қастерлі ұғымнан бастау алады», – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, өткен Құрылтайдың саяси әрі идеологиялық салмағы бұрынғыларымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болды. Бұл жиында ұсынылған бастамалар елдің институционалдық құрылымын жаңғыртуды көздейді.

«Бұл шын мәнінде, тарихи жиын болды. Әр Құрылтайдың ел шежіресіндегі орны да, жөні де бөлек екені сөзсіз. Дегенмен кешегі отырыстың идеологиялық мазмұны терең, саяси салмағы әлдеқайда басым. Құрылтайда Президентіміз ел тағдырына тікелей қатысты жаңа, ауқымды әрі бетбұрысты реформалар жиынтығын ұсынды», – деді ол.

Е. Қошанов бұл реформаларды ұлттық деңгейдегі институционалдық трансформацияның бастауы деп бағалады. Оның сөзінше, мемлекеттік басқару концепциясы кешенді түрде өзгеріп, билік архитектурасы жаңарады.

«Бұл қадамдарды “Президент Тоқаевтың әділет жолы” деп айтуға болады. Ол жұмыс бүгін ғана басталған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы президенттікке кіріскен алғашқы күннен бастап кезең-кезеңімен іске асып келе жатқан жүйелі реформалардың заңды жалғасы», – деді Мәжіліс Төрағасы.

Парламент реформасы мен бір палаталы жүйе

Ерлан Қошанов Президент бастамаларының маңызды бөлігі Парламенттің болашағына қатысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мәжіліс депутаттары бұл процестің бел ортасында жүр.

«Барлық фракция жетекшілері, бірқатар әріптесіміз жұмыс тобының қызметіне белсене атсалысты. Жарты жыл бойы болашақ Парламенттің құрылымы мен құзыреті төңірегінде нақты нормалар әзірленді. Әр партияның саяси ұстанымы Президенттің позициясымен үндесті», – деді ол.

Мәжіліс Төрағасының пікірінше, бір палаталы Парламент құру – ел болашағы үшін тағдыршешті шешім.

«Бұл – саяси жауапкершілікті нақтылау, партиялардың институционалдық рөлін күшейту, заң шығару процесін кәсібилендіру деген сөз. Біздің мақсатымыз – мүлдем жаңа сипаттағы ықпалды заң шығарушы орган құру», – деді Қошанов.

Квоталардан бас тарту және дербес Парламент

Қошанов Мемлекет басшысының президенттік және Ассамблея квоталарынан бас тартуын Парламентке толық дербестік беру деп бағалады.

«Бұл либералды бастаманы халықаралық саяси ұйымдар да қолдайтыны анық. Ол әлемдік тәжірибеге, жаһандық конвенцияларға толық сәйкес келеді», – деді ол.

Болашақ Парламент – Құрылтай

Мәжіліс Төрағасы Президенттің болашақ Парламентті Құрылтай деп атау ұсынысын да ерекше атап өтті.

«Бұл – тарихи тұрғыдан да, қазіргі заман тұрғысынан да Парламенттің табиғатын ашатын өте ұтымды атау. Құрылтай – дала демократиясының негізі болған, ұлт тағдырын айқындаған институт», – деді Қошанов.

Халық кеңесі және жаңа саяси коммуникация

Президент ұсынған тағы бір бастама – Халық кеңесін құру. Ерлан Қошанов бұл институттың Парламентке балама емес екенін нақтылады.

«Бұл – мемлекет пен халық арасындағы алтын көпір. Халық кеңесі – елдегі ең жоғары консультативтік орган мәртебесіне ие болады», – деді ол.

Конституциялық өзгерістер

Қошановтың айтуынша, ұсынылған реформалар жаңа конституциялық түзетулерді талап етеді.

«Бұл – жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар тарихи қадам. Президент “Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз” деген қағидатты Ата заңға шегелеуді ұсынды», – деді Мәжіліс Төрағасы.

Сөз соңында ол Президент реформаларын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету – бүкіл Парламентке жүктелген ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.