Нұрлан Әбдіров конференция аясында сайлау органдары басшыларының пленарлық сессиясында, сондай-ақ «Тәуелсіз және кәсіби сайлауды басқару органдары - тұрақты демократия үшін» атты жаһандық тақырыптық сессияда баяндама жасады.
Құрылтайдағы идеялар Үндістанда талқыланып жатыр
256
оқылды
 

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров бастаған делегация Нью-Дели қаласында өтіп жатқан демократия және сайлауды басқару мәселелеріне арналған халықаралық конференцияға қатысып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шараны Үндістанның Сайлау комиссиясы мен БҰҰ жанындағы Тұрақты байқаушы мәртебесіне ие, сондай-ақ Еуропалық одақтың маңызды жобалары бойынша серіктесі саналатын Демократия мен сайлауға жәрдемдесу жөніндегі халықаралық институтпен (International IDEA) бірлесіп ұйымдастырды.

Нұрлан Әбдіров конференция аясында сайлау органдары басшыларының пленарлық сессиясында, сондай-ақ «Тәуелсіз және кәсіби сайлауды басқару органдары - тұрақты демократия үшін» атты жаһандық тақырыптық сессияда баяндама жасады.

Қырық үш елден келген әріптестеріне арнаған сөзінде ҚР ОСК Төрағасы «Қазақстанның сайлау жүйесін реформалау: сайлау органдарын кәсібилендіру» тақырыбындағы баяндамасын таныстырды. Онда 2022 жылы Президент Қ.К. Тоқаев бастамашы болған конституциялық реформалар аясындағы сайлау жүйесінің трансформациясына ерекше назар аударылды. Елде сайлау жүйесі мен өкілді билік органдарын қалыптастыру тәртібі жаңғыртылды. Ауыл әкімдері корпусының жаңаруы маңызды кезең болды.

Еуропа, Америка, Азия және өзге де елдердің сайлау органдары басшыларымен өткен кездесулер мен таныстырылымдар барысында Нұрлан Әбдіров Мемлекет басшысының V Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінің негізгі тұжырымдарын аудиторияның назарына ұсынды. Қатысушылар елдің саяси жүйесін одан әрі дамыту басымдықтары, бірпалаталы Парламентке көшу жоспарлары, мемлекеттің институционалдық негізін нығайту бағыттары туралы жан-жақты ақпарат алды. Конституциялық комиссия құру және Негізгі заңға енгізілетін өзгерістер жобасын жалпыұлттық референдумға шығару туралы шешім де зор қызығушылық тудырды.

Халықаралық конференция жұмысы жалғасуда, ҚР ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман «Қазақстан Республикасында сайлау ұйымдастырушыларын электоралды оқытудың өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасайды.